Айдана Ыбырай: Ауыл өмірін боямасыз көрсеткенім үшін енем мен күйеуім қатты ренжіді

Айдана Ыбырай – инстаграм желісінде 100 мыңға жуық оқырманы бар танымал блогер. Ол – инстаграмда тонна-тонна бояусыз, фильтрден өткен әдемі суреттерсіз де лайк жинауға болатынын дәлелдеген алғашқы қазақтілді блогер.

Ол ауыл өмірін таныстыратын шынайы суреттер мен жазбалардың авторы. Ауылға келін болып түскені үшін өкінбейтін оңтүстіктің жарқын жүзді келіншегі. Инстаграмның форматында қызықты әңгімелерді дүниеге әкеліп, көптің көңілінен шығып жүрген Айданамен ерекше сұхбат құрып едік.

«16 қыз»: Айдана, сізді көбі инстаграмда 100 мың оқырманы бар мықты блогер ретінде жақсы таниды. Осының бәрі неден және қалай басталды?

Айдана: 1 жыл бұрын Гүлжан Қайназарқызының бастауымен «Инста шаңырақ» атты ірі жоба басталды. Осы жобаға қатысарда көп ойландым. Ол кезде менің парақшамда тек таныстар мен туыстардан ғана тұратын бар болғаны 200-ге жуық қана оқырманым бар еді. Инстаграмды қолдануды толық біле бермейтінмін. Тек жұлдыздардың өмірін тамашалап, соларға лайк басып жүретінмін. «Инста шаңырақ» – қазақ блогер қыз-келіншектерін қолдайтын қазақ тіліндегі алғашқы инста-жоба.

Бұл жоба аясында бірнеше номинациялар бойынша инстаграмда жазба жариялап отыруымыз керек болды. Содан ауылдың келіні болған соң «ауыл анасы» мен «жазушы ана» номинацияларын таңдап, сол бойынша жазбалар жаза бастадым. Ол кезде мүлде әңгіме жазбайтынмын. Инстаграмда осындай әңгімелердің түбін түсіретін блогерді кезіктіріп, сол кісінің жазған дүниесін қызыға оқитынмын. Сол арқылы өзім де инста-әңгімелер жазуға кірісіп кеттім. Кішкентай күнімнен қазақ әдебиетіне жақын болып өстім, сол пәнді сүйіп оқыдым. Түрлі жарыстарға қатысып, жүлдемен оралдым. Арманым – журналистика еді. Бірақ әкемнің қарсы болуымен физика-математика мамандығын таңдадым. Көбі «Тіл байлығың мықты» деп таңданып жатады. Меніңше, көп кітап оқығаннан осылай қалыптасқан секілдімін. Алғаш жазған әңгімем аудиторияма ұнай бастағанын сездім. Содан шабыттанып кеттім. «Инста шаңырақ» жобасының қорытындысы бойынша мен «жазушы ана» номинациясымен марапатталдым. Осылай инстаграм «әлемімдегі» өмірім қыза бастады. Күн санап әңгімелерім мен басқа да қызықты жазбаларыма сүйсініп, оқырмандар саны арта бастады.

«16 қыз»: Инстаграмда жарияланатын әңгімелеріңіз шынайы оқиғаға негізделе ме? Кейіпкерлер өмірде бар ма?

Айдана: Ия, әңгімелерімнің бәрі өмірден алынған. Қара шаңырақта тұрғандықтан, үлкендермен бір дастарханда отырып, түрлі әңгімені естіп қаламын. Бірақ естігенімді дәл сол күйінде, үтір-нүктесіне дейін жазуға менің құқым жоқ.

Өйткені, бұл басқа біреудің жеке өмірі, өзгенің өмірін бүкіл халыққа жария қылғаным дұрыс болмас еді. Тек оқиға желісін алып, өзімнің қиялыммен дамытамын.

Сөз соңында осы әңгімеден жұрттың сабақ алғанын қалаймын. Кез келген дүниені шимақтай бермеймін. Адамға тигізер ғибраты бар-жоғын қарастырамын. Халықтың жүрегіне жақын келетін дүниені қозғаймын. Байқасаңыз, әр әңгімені соңында кейіпкерлерімді бақытты етіп аяқтаймын. Оларды бақытты ету не етпеу менің қолымда тұрғандықтан, адамдарға үміт сыйлау үшін соңын солай сәтті бітіремін. Көбі менің әңгімелерімнің бір сиқыры барын айтады. Сол кейіпкерлермен бірге күн кешіп, тілдесіп жатқандай күй кешетіндерін жазады. Өзім де әңгіме жазып жатып түрлі күйге енемін. Кейіпкеріммен бірге жылаймын, бірге қуанамын. Жазу өзіме қуаныш сыйлайды. Егер осы әңгімем өзгеге де қуаныш сыйласа, мен содан ләззат аламын. Кей оқырман «Менің өмірім туралы әңгіме жазшы» деп өтініп жатады. Үлкен кісілер үйге келіп «Менің өмірім жайлы кітап жазып берші» деп те сұрайды. Бірақ өтініш бойынша біреудің тағдырын жазуға қорқамын. Себебі бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сонша күш пен уақытты сарп етіп жазған кезде бір жерін ұнатпай қалса, бірден шабытым жоғалып кете ме деп ойлаймын. Шығармашылық – еркіндікті жақсы көреді. Әйткенмен, оқырманның сынап-мінегенін дұрыс қабылдаймын. Өйткені, қазақ тілінің маманы емеспін әрі оқымадым.

«16 қыз»: Инстаграм сіздің өміріңізге қаншалықты оң өзгеріс әкелді?

Айдана: Мені инстаграмдағы белсенділік (аз болса да) танымал етті. Қазір жиын-тойлар мен басқа да көпшілік ортада оқырмандарым танып, суретке түсіп жатады. Негізі дұрыс пайдалана алған адамға инстаграмның тигізер пайдасы орасан. Өзіңе ұнаған тауарды жарнама жасау арқылы тегін алуыңа болады. Пиар үшін ақша да жасауға болады. Керемет ақша тауып жатырмын дей алмаймын. Сонда да бұрынғымен салыстырғанда блогым маған тиындап болса да табыс әкеліп жатыр. Инстаграмда оқырманым көбейген сайын тілеулестерім мен таныстарым да көбейді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен достарым пайда болды. Қай өңірге барсам да құшақ жая қарсы алатын адамдардың пайда болғандығы қуантады. Инстаграмда блог жүргізгісі келетін қыздарға айтарым – бәрі бірден бола салмайды. Қазір жүз мың оқырманға жетсек те «болдым, толдым» деп тоқтап қалмай әлі де еңбек етіп жатырмын. Сол секілді тек еңбек арқылы алға басуға болатынын айтқым келеді. Блогер болу – халықпен тікелей байланыста отыру. Оқырманның пікірімен санасу маңызды.

«16 қыз»: Ауыл өмірін боямасыз көрсетіп, баяндағаныңыз үшін оқырмандардан жиі сын естіп жатасыз. Малдың ішек-қарынын, қазан-ошақ пен тезектің суреттері не үшін? Лайк үшін бе, хайп үшін бе? Әлде «кайф» үшін бе?

Айдана: Аллаға шүкір, ауылдың алды болмаса да, арты болмайтын үлкен әулетке келін болып түстім. Ешкімнен кем емеспіз.

Күйеуімнің де жұмысы жақсы. Алғашқы жылдары күйеуім қалада жұмыс істейтіндіктен бізді үнемі өзімен бірге алып кетіп, қыдыртатын. Қалаған жерге барып, қалауымызша ішіп-жейтінбіз. Соны мақтан көргендей қыдырып жүрген кездегі суреттеріммен инстаграмды толтыратынмын. Жағдайы төмен адамдардың көңіліне қарамай, өзіміздің шаттанған суреттерімізді жиі жариялаушы едім. Кейін инстаграм ішіп-жеуді көрсететін жер емес екенін, бақуатты өмірімді көрсетіп, тіл-көзге ілігіп қалам ба деген қорқыныш та болғанын жасырмаймын. Сол кездері «Инста шаңырақ» жобасына қатысуды бастаған едім. Сол бойынша «ауыл ана» номинациясымен ауыл өмірін көрсететін суреттерді жариялай бастадым.

Қазір бәрі шынайылықты жоғары бағалайтындығы соншалық, менің ауыл өмірін көрсететін суреттерім мен жазбаларым көп лайк жинап, тез арада оқырмандар арасында қолдауға ие бола бастады. Мені халық жұрт ұялып көрсеткісі келмейтін шынайылықты именбей көрсететінім үшін жақсы көреді. Қанша жерден парақшаң керемет болса да, қазіргі оқырман боямасыз өмірді жақсы көреді. Мен суретке түсу үшін фон таңдамаймын. Түскен суретті фильтрден өткізбеймін, өңдемеймін де. Арнайы фотосессияға да уақытым жоқ. Сурет үшін боянбаймын да. Өйткені оның бәріне босқа уақыт кетіргім келмейді. Мен – келінмін. Ата-ененің қолында тұратын келіннің үй тірлігі ешқашан бітпейді. Соның арасында өзіңе уақыт бөлуің де керек. Алғашында ауыл өмірін боямасыз көрсеткенім үшін енем мен күйеуім қатты ренжіді.

«Неге өзіңді сонша бейшара қылып көрсетесің? Жұрттың бәрі күліп жатыр», – деп енем қапа болды. Ал қазір ол кісі менің фотографыма айналған. Суретке қалай түсу керегін үйретіп, маған керегінше қолдау көрсетеді. Күйеуім де бұл ісімді бұрынғыдай намыс көрмейтін болған. Өйткені, оның жұмысындағы әріптес қыз-келіншектер де менің әңгімелерімді сүйіп оқиды.

Сол келіншектер мені шынайы өмірде көріп: «Инстаграмда әбіржіген әйел секілді көрінесің, былайша өзін күтетін сұлу келіншек екенсің ғой», – деп таңданыстарын білдіріп жатады. Байқағаным – менің фотосессияда түскен әдемі суретімнен гөрі орамал тағып үй тірлігімен айналысып жатқан суреттерім көбірек лайк жинайды екен.

«16 қыз»: Осы «жұрттың қыздары» ауылдан қашады ғой. Сіз неге ауылға қаштыңыз?

Айдана: Өзім – кемпір мен шалдың ерке қызымын. Ата-әжемнің үйіне қыдырып барғанда үнемі қонақ үзілмейтін берекелі отбасыны көріп, мен де осындай әулеттің келіні болсам екен деп армандайтынмын.

Айтқаным айдай келіп, дәл сондай қонақжай, үлкен әулетке келін болып түстім. Сол үшін мақтанамын. Байқасаңыздар, үнемі мал сойып, көл-көсір тамақ жасап жатамыз. Бұл біздің қонақжайлығымызды айқындайды. Үйге келген адамды қой сойып, қонақ қыламыз. Мектеп кезінде «Тау самалы» деген лагерьге қатты барғым келетін. Қанша жерден сабағымды жақсы оқысам да сол жаққа жолым түспеді. Сөйтсем, ол үшін ақша беру керек екен ғой.

Менің әке-шешем ақша ұсынбаған соң жыл сайын «Тау самалына» табаным тисе деген арманымның күлі көкке ұшатын. Сол кездегі арманымның қазір орындалғанына таңданбау мүмкін емес. Сенесіз бе, біздің ауылымыз дәл сол «Тау самалы» лагері орналасқан жерге тиіп тұр. Сол кездегі көз жасымды Алла көріп, маған өмір бойы «Тау самалының» қасында тұруды нәсіп еткенін қарамайсыз ба?

Ауасы саф, табиғаты керемет, ауа райы жайлы жерден неге қашайын? Ауылда тұру – мен үшін ұят та, қиын да емес.

Қала да алыс емес. Ештеңеден қалып кеткен түгім жоқ. Қаладағы баратын жерге барып, көретін қызықты жұрттан қалмай көріп жатырмыз. Одан артық не керек?!

«16 қыз»: Ата-ененің қолында тұратын ауылдағы келіндер өзінің жеке дамуына қаншалықты көңіл бөледі?

Айдана: Басқа келіндерді білмедім. Өзін дамытуға талпынысы бар әйелге ешқашан ауылдың тірлігі кедергі болмайды. Кітап оқуға да, өзіңе көңіл бөлуге де, билеуге де, инстаграмға кіріп-шығуға да уақыт табуға болады. Үлгерем деген адам бәріне үлгереді. Қалада бөлек тұрса да, бала-шағасы күні бойы бала бақшада жүрсе де, төрт қабырғада отырып түкке үлгермейтін әйелдер бар. Мен ауылда тұрамын ғой деп аптасына бір-ақ рет шашымды жуып орамалдың ішіне тығып жүре берсем де болады. Бірақ мен олай етпеймін. Ауылда ондай әйелдер жоқ та емес. Маған ондай ұнамайды, мен әдемілікті жақсы көремін. Әдемі келіншектерді көрсем қызығамын. Өзімді де үнемі әдемі ұстауға тырысамын. Ауылда тұрсам да жан-жақтағы түрлі семинарлардан тәлім алып, марафондарға ерінбей қатысамын. Кітаппен доспын. Қым-қуыт ауылдың тіршілігінде жүріп-ақ өзім үшін қашанда уақыт табамын.

Айдана, әдемі әңгімеңіз бен бөлген уақытыңыз үшін рақмет! Шынайылықты сүйетін сіздей қазақ әйелдері көбейе берсін деп тілейміз.

Әңгімелескен: Ақерке Әбілхан

Facebook Пікір

4 thoughts on “Айдана Ыбырай: Ауыл өмірін боямасыз көрсеткенім үшін енем мен күйеуім қатты ренжіді

  1. Айдана қызым, алла шын тілегіңді берген екен. Шіркін тандырға жапқан, ошаққа істелген тамаққа əлемнің еш рестораны пар келмейді ғой! Өзім де ауыда өстім, ауылға келін болып түстім. Тезекке тамақ істеп, қыйға нан жаптым. Сол күндерімді қатты сағынамын. Өмірімнің ең қызықты да қыймас сəттер ол кез. Балаларымның жұмыс бабымен қалада тұратын маған, мына сенің нан жапқаның келіншек кезімді еске түсіріп, дəл қазір көзжасымды тия алмай отырмын. Ұрпағыңмен мың жаса қызым!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған