«Айка» жайлы толғаныс

Қазақстаннан шыққан, ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмі жерлесіміз Самал Есләмоваға атақ-абырой алып келді. Актриса ТМД тарихында болмаған үлкен жүлдеге қол жеткізді. Самалға «Канн» әперген «Айка» фильмін 16qyz-да көрген еді, журналистеріміз Айжан мен Балжан фильм туралы әсерлерімен бөліседі.

Айжан Кульмуханбетованың көрермен ретіндегі ойы:

Айка. Қазіргі кезде фильмнен адамдар не іздейді? Таза актерлық шеберлік пен қарапайым оқиғаның әсері мен шынайылық. Белгілі бір әлеуметтік тақырыпты қозғап, адамға ой салу.  Осындай мәселенің бар екенін және оның осындай күйде екенін айта алу, жеткізу режиссер мен актерлардың шеберлігі. Осы тұрғыдан алғанда фильмның не үшін Канн фестивальінде жеңіске жеткенін түсінесің.

Қырғызстаннан Мәскеуге жұмыс іздеп келген Айка некесіз туған нәрестесін перзентханада тастап кетеді. Алайда уақыт өте келе оның аналық сезімі оянып, тастанды баласын іздей ме…

Айканың сол бір сәттегі жан таласы, қиналысы, әйел адамға берілген сынақ шынымен жаныңды ауыртып жібереді. Бір сәт бала тудым деп міндетсіп, еркелеп жатқан әйелдермен салыстырып кетесің. Туа сала жұмысқа шығып, мойнындағы қарызды өтеуге деген қорқыныш, өмір сүруге деген жанталас сені де сол сәтте қинап жібереді. Бір сәт баласын тастай сала қашқан әйелде аналық сезім қайда, неге ол өз жанын осылай қинап кетіп қалды, неге тыныш жатпады, не деген ақымақ деп бір сәт жек көре бастайсың… Бірақ, сол мезетте соншалықты қиындықты өткерген әйелді көре тұра аяйсың, жаңағы жек көрінішіңнің қайда кеткенін білмей дал боласың. Не маңызды, өз өмірің бе, бала ма? Аяқ асты ақымақ болып екіқабат болған қызды кінәлай алмай қаласың, себебі тағдыр солай.

Айкаға жаның аши отырып өмірдің шынымен қатал екенін түсінесің, өмірде жолы болғандар мен болмағандар бар екеніне өкінесің. Ең жаманы, осы оқиғаның фильмде ғана емес шынайы өмірде бар екенін білу, көз жеткізу. Басқа жақтан келіп күнелту үшін жанталасып жүрген адамдарға басқаша қарай бастайсың. Олардың да адам екенін, олардың да өз уайымы, өз өмірі бар… Ит екеш ит құрлы күтім көрмеген байқұс анаға не айтарыңды білмейсің. Осы сәтте режиссердің шеберлігіне еріксіз бас иесің «қоғам өзгерді ме адам өзгерді ме?» деген ойға қаласың.

Ана баласын қолына алып емізген кезде аналық сезім оянады дейді, осы фильмде осыған көзің жетеді. Соншалықты өз өмірің үшін жанталастың бала өмірген келген кезде бекер екенін мойындайсың. Сондықтан да, ананың балаға деген махаббатынан артық, одан қастерлі сезім жоқ екенін білесің.

Бір сәт өз өміріңнің әп-сәтте айналайын екенін түсінесің. Дегенмен, ТМД елдерінің бәріне жыныстық сауаттылық пен мезгілсіз жүкті болып қалғанда не істеу керек деген сұрақтарды мектеп жасынан жете оқыту керек. Қорғану, көмек керек жағдайда қайда баруға болады деген нәрселерді ашып үйрету керек. Мүмкін, сонда қыздар осылай қиналмайтын шығар, мүмкін сонда тастанды балалар азаятын шығар…

Фильмді қараған адамдар жас қыздар көрмесін деген сияқты ой айтып жатыр, мен керісінше көрсін дер едім. Өмір қандай бола алады, өз өмірің үшін, балаңның өмірі үшін тек қана өзің жауапты екеніңді білу үшін көрсін дер едім.

Балжан Жеңісқызының көрермен ретіндегі ойы: 

«Айка» фильмі Мәскеуде күнін көріп жүрген қырғыз әйелінің бес күндік өмірі туралы. Осы бес күннің ішінде Қырғызстаннан келген заңсыз мигрант Айка басынан небір тауқіметті өткізеді. Айка үнемі асығып жүреді. Себебі оған күн көріп, жұмыс табу керек, қарыздарын қайтару қажет, армандарына қол жеткізсем дейді. Өзге елде, үлкен қалада тіршілік үшін күрескен кішкентай ғана әйелдің тағдырына осы бес күн қатты әсер етеді. Режиссер бұл бес күнді баяндайтын фильмге өмір бойына татитын мән берген. Себебі осы уақыт ішінде фильмде дүниеге сәби келеді, ол сәби бес күннен кейін анасымен қауышады.

Неге бес күн? Фильм режиссері Сергей Дворцевой қазіргі таңда ресейлік болғанымен, бұырнғы Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы болғандықтан, жанына қазақылық пен қазақы таным-түсінік жақын болуы керек. Себебі, режиссердің «Айкаға» дейінгі түсірген екі картинасы да («Счастье» және «Тюльпан») қазақ халқының қарапайым тұрмыс-тіршілігі мен психологиясын мұқият сипаттайды. Сондықтан Дворцевой мырза «бес күндік жалған» ұғымына сүйенуі мүмкін.

Фильмдегі Айканың бес күндік тағдыры былай өрбиді: Айканың соңына қарыз берген адамдар түсіп алған. Қарызын қайтармаса өлтіреміз деп отыр. Айка ол қарызды тігін цехін ашу үшін алған еді. Алайда тігін цехі басқа біреулердің қолында. Ол өзінің тігін машиналарын даулап тігін цехына барған, бірақ оны соққының астына алады.

Ал Айканың уақытша жұмыс орнындағы ветеринардың иттер мен жұмысшыларға қарым қатынасын салыстырып, кейбіреулерге адамдардан көрі жануарлар құндырақ болып кеткен бе деген ой санамызға оралады.

Айкаға қатігездік танытқан адамдар да, мейіріммен қарағандар да табылады. Қарға малшынған Мәскеу көшелерін кезіп, малмандай су болған Айкаға ыстық шай ұсынып, уақытша болса да жұмыс тауып берген бейтаныс әйел, «Солнечный» деп аталатын ешқашан жөндеу көрмеген лашыққа ұқсайтын хостелдегі Айканың терезесінің алдына ылғи жауқазын гүлін қойып кететін романтик жігіт сияқты кейіпкерлерге қарап, Айканың бұлыңғыр болашағынан қылтиған сәуле сияқты үміт күтесің.

Бірінші күнінде Айка босана салысымен баласының бетіне де қарамай перзентханадан қашып шығады. Бірден жұмыс орнына барып, ауыр еңбекке жегіледі. Сол күні-ақ жұмыс берушілер алдап, еңбек ақысын бермей кетеді. Содан ол жұмыс іздеуге кіріседі. Айка босанған күні Мәскеуде бұрын-соңды болмаған қар жауып, шаһар қарға малшынып жатады. Түрлі есіктерді қағып, әр мекеменің табалдырығын тоздырып жүріп, жұмыс сұрайды. Тіпті арасында қар күреуші болып та көреді. Алайда жаңа босанған жас әйелдің денсаулығы мұндай ауыр жұмысты көтермейді. Амалдың жоқтығынан заңсыз істейтін дәрігердің көмегіне жүгінеді.

Кейіпкердің телефонына үнемі дамыл жоқ. Біреулер хабарласып, берешектерін сұрайды, әпкесіне өзінің қайда жүргенін өсімқорларға айтпауын сұрап жатады. Ол үнемі дәрі ішіп жүреді. Жас әйел өзінің кішкентай нәрестесі бар екенін ұмытқысы келсе де, жолында кездесетін түрлі жағдайлар оған өзінің ана екенін есіне түсіре береді. Бірақ оның өмір сүруі үшін, мақсатына қол жеткізу үшін бала кедергі келтіреді деп ойлайды және ол баланы қаламаған. Бірақ Айканы өз баласын тастап кеткені үшін де, оны кейін сатпақ болғаны үшін де кінәлай алмайсың.

Өмір үшін күресіп, дамыл таппаған кейіпкер үнемі асығыс. Кейіпкермен бірге көрермен де асығып отыратындай. Асыға отырып, қиналасың. Айкамен бірге қиналасың. Айкамен бірге өмір үшін күресесің.  Көрерменін өзіне елітіп, кейіпкердің жандүниесіне кіріп кететіндей еткен актриса Самал Есләмованың еңбегі мен талантының алдында бас имеске шара жоқ. Фильм режиссеры С. Дворцевой Самалдың рөлін «ерлікке» балайды. Ол бір сөзінде кинода Айканың қар кешіп, мұз теріп, малмаңдай су киіммен жүргенінің барлығы кино үшін жасалған жұмыс екенін айтқан еді.

Самалдың кейіпкері соңында қарыз болған адамдардан құтылу үшін баласын айырбастауға бекінеді. Алайда ол расымен де мұндай қатігез қадамға бара ма, жоқ па жұмбақ күйінде қалады. Режиссер жас әйелдің қандай қадамға баратынын пайымдауды көрермен еншісіне қалдырған.  Дворцевой «Канн» фестивалі кезінде журналистерге берген сұхбатында: «Ерекше құбылыс әрқашан көп мағыналы болады», -деп түсіндірген еді. Сондықтан, Айка құрсағын жарып шыққан сәбиін зұлымдардың қолына ұстатып қоя бере ме, жоқ па екенін көрермен өзі шешеді.  Дегенмен, фильм соңында Айканың көз жасына ерік бергенінен шын мәнінде оның аналық сезімі бар екенін білдіріп, жас әйелдің ары қарай күресуге итермелейтін сияқты.

Фильм техникалық жағынан расымен де мұқият жұмыс істелгені көрініп тұр. Азды-көпті маңыздылығы бар әр кейіпкер өзінше еркшеленіп тұрғандықтан, кинода ойнаған әр актерге мән беріліп, жіті ойластырылған.

 

Айжан Кульмуханбетова

Балжан Жеңісқызы

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған