Ана мен қыз арақатынасын нығайтуға қажетті 10 кеңес

Анасы мен қызының арасында келіспеушілік туындауы қазіргі таңда көп кездесетін проблемалардың біріне айналды десек те болады. Ал, мұндай жағдай орын алса оны қалай реттеуге болады?

Аналар, қыздарын қорғау мақсатында, бір қателікке ұрынып қалмауы үшін ақылын айтып отырады, ал қыздары болса анасынан өздеріне қолдау күтіп, аналарының мұнысын өздерін түсінбейді және сынға алып отыр деп ойлайды. Осындай жағдай орын алғанда өзара түсінісу қаншалықты қиын сияқты көрінсе де, шешудің жолдары бар екенін естеріңізге салайық.

Жыныстық жетілу кезеңі басталмай тұрып жақсы арақатынас сақтауға тырысыңыз

Қыздар жыныстық жетілу кезеңінде сезімге бой алдырғыш болады. Аса сезімталдық, болмашы нәрсеге ашушаңдық сияқты кез-келген сезім жоғары деңгейде болады. Егер сіз қызыңызбен арақатынасыңызды осы бір кезең басталмай тұрып өзара реттеп алсаңыз, оның сізге деген сенімі артып, бұл кезеңді жеңілдеу өткізеді.

Бір-біріңізді тыңдап үйреніңіздер  

Тыңдай білу – кез-келген мәселеде жақсы бір шешім жолы. Бір-біріңізді тыңдай білулеріңіз керек. Осының арқасында арадағы түсініспеушіліктер мен қате пікірлерден туындаған мәселелер өздігінен реттеледі.

Эмпатиямен оның жан дүниесін ұғынуға тырысыңыз

Эмпатия бір адамның өзін басқалардың орнына қойып, мәселеге соның көзімен қарап көру дегенді білдіреді. Өзіңізді қызыңыздың орнына қойып, ақыл-кеңестерді солай беріп көріңіз.

Шектен тыс бақылау жасауға тырыспаңыз 

Мақсатыңыз қызыңызды қорғау болса да, тек сіздің қалауыңызды орындап, сіздің көзқарастарыңыз бен пікірлеріңізге қосылуын күтпеңіз. Қателік жасамастан, жасаған қателіктерінен өзі сабақ алмастан оның қате екенін ұғыну әрдайым мүмкін емес. Кейбір нәрселерді бастан кешіріп, қателік жасап жүріп үйренуіне мүмкіндік беріп, қандай жағдай болмасын өз қолдауыңызды көрсетіп, қасынан табылуға тырысыңыз.

Араңыздағы өзара құрметті сақтаңыз

Қызыңыз сіздің көңіліңізге келетін жаман сөз айтып, ауыр сөйлегенін өзіңіз қалай қаламасаңыз қызыңызға да солай айтудан аулақ болыңыз. Мұндай сөздер айту арадағы шиеленісті одан сайын арттырып, қызыңыздың сізден алыстауына апарып соғады.

Сыртқа шығатын және келетін уақыты туралы өзара келісіп алыңыздар

Әрбір бойжеткен өзінің достарымен уақыт өткізуді қалайды. Кіммен, қайда, не істеп жүргенін білсеңіз жеткілікті, белгілі бір шекарадан аспай басқасына араласа бермеңіз. Көңіліне келмейтіндей түсінікті тілмен үйден ерте шығып не кеш келуін қаламайтыныңызды, сіздің шешіміңізге құрметпен қараса сіз де оған құрметпен қарайтыныңызды білдіріңіз.

Бір-біріңізді демеп қолдау көрсетіңіздер 

Егер сіздің пікіріңізбен санаспай қателікке ұрынып жатса одан сайын қарсылық көрсетпеңіз. Болған нәрсе болды бояуы сіңді дегендей енді оны өзгерте алмассыз. Қателескенін өзі де түсінетін болады. Сіз тек оған алдын-ала ескерткеніңізді, егер сіздің сөзіңізге құлақ асқанда осындай нәтиже болмас еді, бірақ соған қарамастан сіз оған қолдау көрсететініңізді

айтыңыз. Қызыңызға ешнәрсеге қарамастан өзі сенім арта алатын анасы бар екенін сезініп ұғынуына жол ашыңыз.

Басқалармен салыстырмаңыз

Біреуді өзіне үлгі етіп көрсетуді, тек қыздар емес, негізінде кез-келген адам қаламайды. Түсіністік танытуыңызды қажет ететін мәселелердің бірі осы. Жолдасыңыз сізге біреуді үлгі етіп салыстыруын өзіңіз қалай қаламасаңыз, қызыңызға да мұны жасауға өзіңізге жол бермеңіз.

Қол жұмсамаңыз

Қызыңызға қол жұмсау дегенді тіпті соңғы бір әрекет ретінде де ойламаңыз. Егер осылайша қызыңызға ақыл кіреді деп ойласаңыз өкінішке орай қателесесіз. Бұл әрекетіңіз оған психологиялық травма әкеліп қана қоймай, сізден алыстап, тіпті үйден кетіп қалуына да апарып соғуы мүмкін.

«Жұрт не дейді»

Кез-келген оңтайлы сәтте осы бір сөзді қолданып қалуға тырыспай, керісінше мүлде ойдан шығарып тастаңыз. Аналардың көбісі басқалар не ойлайды деген ойды өз пікірінен де жоғары қояды. Егер сіз бір нәрсені дұрыс деп қабылдасаңыз, басқалардың не ойлайтыны сіз үшін маңызды болмау керек. Өзіңізге ұнамайтын тұстарды сізге ұнамайтынын айтып, басқалар не ойлайды, жұрт не дейді деген сияқты әңгімелерді қозғамаңыз.

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған