Аққаланың шығу тарихы

Жаңа жылда көбіміз Аяз ата мен Қарша қызға, сосын жасыл шыршаға көп мән береміз де Аққала елеусіз қалып қояды. Былай қарасаңыз, Аққала да қыстың атрибуты, жаңа жылдың символдарының бірі. Бұған әсіресе балалар қуанады. Қар жауған кезде аулаға шығып аққаланы бар ынты-шынтыларымен жасап жатады. Кейбір аққалаларға ешкім тиіспегендіктен олар көктем келгенше тұрады да, күн жылыған кезде ериді. Орыс ертегілерінде Аққала барынша әдемі суреттеледі. Ал енді осы Аққаланың шығу тарихына тоқтала кетейік.

Аққала – Қарша қыздың әкесі, Пұтқа табынушылардың түсінігінде Құдайдың баласы.

Жалпы, Аяз ата мен Қарша қызды ежелгі Русь елі ойлап тапқан, себебі Еуропа халқының түсінігінде Аққала – ер адам бейнесінде, ал Қарша қыз ешқашан болмаған. Ағылшын тілінде тек «қар адамы» деген ғана түсінік бар.

Русьте кішкентай Аққаланы – періште деп сенген. Пұтқа табынатын замандарда орыс халқы аққаланы аспан сыйы, ол адамдардың тілегін Құдайға жеткізуші деп түсінген. Аққаланы қардан жасап шығып, оған сыбырлап өздерінің армандарын айтатын болған. Көктем шығып қар еріген кезде арман-тілектері аспанға жетіп, қабыл болады деп күткен.

Еуропада ең алғашқы қар бейнесін итальяндық мүсінші, архитектор, ақын Микеланджело Буонарроти XV ғасырдың соңында шамамен 1493 жылы ойлап тауыпты. Тарихи деректерде аққаланы XVIII ғасырдағы кітаптардан кездестіруге болатыны айтылған. Жалпы, «schneeman» аққала сөзі неміс тілінен шыққан екен. Лейпцигте балаларға арнап әнімен қоса аққала бейнесі салынған кітап басылып шыққан.

Алғаш Еуропада аққаланы алып денелі монстр сияқты бейнелейтін болған. Себебі, ертеде Еуропада қыс қатты болғандықтан адамдарды көп әуреге салған.

Сондай-ақ Аққаланы ай толған кезде жасауға болмайды, ол кезде адамдар жайсыз түс көріп шошынады, сәтсіздіктер болады деп сенген. Ал Норвегияда аққалаға түнде пердені ысырып қарауға болмайды деген ырым бар. Оның үстіне түнде келе жатып аққаланы көріп қалса, теріс айналып кететін болған.

Тек ХІХ ғасырда ғана догмалардың ықпалы әлсірей бастап, еуропалық аққалалар Рождества мен Жаңа жылдың таптырмас сәніне айналды. Құттықтау хаттарында да сүйкімді күліп тұрған аққаланың суреттері балаларды еріксіз қуанышқа бөледі.

Еуропа мен Русьте аққаланы үйдің жанына жасаған. Мысалы, мұрнына сәбізді жапсыру себебі егін мен жеміс-жидек бітік шықсын деп сенсе, төңкерілген шелек үйдегі берекені білдірген. Ал Румынияда аққаланың басын сарымсақпен әрлейді, өйткені балалардың денсаулығын қорғап, көз тиюден, жаман нәрселерден сақтайды деп ырым етеді.

Аққала туралы ертегілер де көп. Ең танымал ертегі Г. Х. Андерсеннің «Аққала» ертегісі.

Қазір де аққала балалардың қыс айында аулада жасайтын бірден бір сүйікті ермегі. Ең биік аққала Еуропада Австрияның Гальтюр қаласындағы тау шаңғы курортында екен, оның биіктігі 16 метр 70 сантиметр. Ал 1999 жылы АҚШ-та ең алып аққала жасалыпты, оның биіктігі 37 метр, 20 сантиметрге жеткен, оны жасауға – 6 мың тонна қар кетіпті.

Дереккөз: https://fishki.net/1552651-istorija-snegovika.html

Дайындаған: @ЖансаяСЫДЫҚБАЙ

 

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған