Ароматерапия дегеніміз не және оның қандай көмегі бар?

Ароматерапия – адамның көңіл-күйін, когнитивтік функцияларын (психикалық жағдайын) және денсаулығын жақсарту мақсатында өсімдіктерден алынған эфир майларымен және басқа да хош иісті қоспаларды қолдану арқылы емдейтін медицинаның балама (альтернативті) түрі.

Ауруды емдеуде ароматерапияның нақты тиімділігіне ешқандай дәлел жоқ. Яғни, бұл салада әлі де зерттеулер жүргізіліп жатыр. Бірақ эфир майларының терапиялық потенциалы және қолданған кездегі тиімділігі (мысалы, дененің релаксациясы) туралы кейбір деректер бар. Сонымен қатар, ароматерапияны қолданудың тиімділігі / тиімсіздігі, әрбір адамның жеке жағдайына байланысты.

Ароматерапияның қызметі екі негізгі механизммен түсіндіріледі. Бірі – хош иістің миға әсері, әсіресе лимбиялық жүйе (иіс функциясының реттелуіне, ішкі органдарға, эмоцияларға, инстинктік мінез-құлқына, жадыға, ұйқыға және ұйықтауға) әсер етеді. Екінші механизм – эфир майларының тікелей фармакологиялық әсері.

Сонымен қатар, ароматерапияның тиімді жұмыс істеу механизмі, атап айтқанда дене мен хош иісті майлар арасындағы өзара әрекеттесуі ғылыми тұрғыдан нақты дәлелденбеген. Алайда, ароматерапияның басқа да алдын-ала клиникалық зерттеулердің нәтижесінде түрлі емдеу әдістерімен бірге оң нәтижелер де жоқ емес. Ароматерапия емдей алмайды, бірақ денеге табиғи түрде әсер етіп, иммунитетті арттырады.

Көптеген медицина қызметкерлері, ароматерапияны терапиялық емдеумен қатар қолдану барысында хош иістердің көңіл-күйге және тыныштыққа жағымды әсерін тигізетінін жоққа шығармайды.

Ароматерапияның қысқаша тарихы 

Эфир майлары алты мың жылдан астам уақыт бойы аурудың алдын алу және емдеу мақсатында пайдаланылып келеді. Ежелгі үндістер, қытайлар, гректер, мысырлықтар мен римдіктер оларды парфюмерия мен косметикада қолданды. Хош иісті майлар, сондай-ақ эфир майлары салттық, рухани, емдік және гигиеналық мақсаттарда әлі күнге дейін кеңінен қолданылады.

Шын мәнінде, ароматерапия концепциясы шамамен 1907 жылы еуропалық дәрігерлер мен ғалымдардың ортасында талқыланды. «Ароматерапия» сөзі ең алғаш рет 1937 жылы «Ароматерапия: Эфир майлары» кітабында басылып шықты. Француз хирургы Жан Вальна Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жараланған сарбаздарды емдеуде антисептик ретінде медицинадағы эфир майларын қолдаған алғашқы мамандардың бірі болып саналады.

Қолдану әдістері

Ауа диффузиясы: мекендерді хош иістендіруде немесе ауаны дезинфекциялау үшін.

Тікелей деммен жұту: тыныс алу жолдарын дезинфекциялауға, сондай-ақ психологиялық әсерге.

Тікелей қолдану: Жалпы массаж түрлерінде, тері күтімінде, ванна мен компресстер үшін.

Ароматерапия туралы қосымша мәліметтер

Эфир майлары: өсімдіктерден алынатын хош иісті майлар жатады. Бұлар, бу дистилляциясы (мысалы, эвкалипт майы) немесе суықтай сығу әдістері бойынша алынады. Көбінде, «эфир майлары» термині, өсімдік майларынан алынатын барлық хош иісті майларға қарасты жапылама сипатта қолданылып жүр.

Абсолют майлар: негізінен өсімдіктер немесе гүлдердің жұқа қабатынан алынған хош иісті ерітілген майлар.

Базалық майлар: косметикалық және массаж қоспаларын дайындау үшін пайдаланылатын негізгі майлар деп аталады. Әдетте, бұл басқа майлармен пропорционалды түрде сұйылтылған. Тікелей теріге қолданылады.

Сулы дистиллят: әдетте бұлар, шөп немесе гүл суы (мысалы, апельсин немесе раушан суы). Гүлдер, жапырақтар, жемістер, тамырлар, қабық, бұтақ, сабақтар мен шайырлардан алынады.

Инфузия: әртүрлі өсімдік материалдарынан алынған су сығындылары (мысалы, раушан жапырақтарының немесе түймедақ жапырағының инфузиясы).

Фитонцидтер: биологиялық белсенді заттар. Микроскопиялық саңырауқұлақтардың, бактериялардың және протозоолардың өсуіне не болдырмауға бағытталған. Эфир майлары фитонцидтердің өкілдері болып табылады.

Ингаляция: кептірілген, ұнтақталған және қыздырылған өсімдіктерден ингаляция әдісімен алынатын хош иісті бу.

Ароматерапия қабылдауына нелер кіреді?

Кәсіби ароматерапевтер, медбикелер, физиотерапевтер, фармацевтер және массаж терапевтері ингаляциялық ароматерапиямен емдеу жолдарын ұсына алады. Эфир майларын қабылдау арқылы емделуде тек кәсіби мамандардың көмегіне жүгінген дұрыс.

Ал, дәстүрлі халықтық медицинада тәжірибелі ароматерапевт сіздің науқастану тарихыңызбен және онымен байланысты белгілермен жақсы таныс болуы керек. Сондай-ақ, сіздің де белгілі бір хош иістерге деген қалауыңыз, қызығушылығыңыз болуы керек.

Әдетте, сізге эфир майларын демді ішке жұту, спрей түрінде немесе буландырғыш арқылы тікелей немесе жанама түрлерінде ұсынады. Сондай-ақ, концентраттарсыз немесе концентрацияланған эфир майларын, я болмаса олардың комбинацияларын қолдану арқылы массаж ұсынады. Сондай-ақ, маман үйде ароматерапияны қалай қолдану керектігі жайында толық ақпарат береді. Мысалы, хош иісті заттармен ваннаны қалай қолдануға болатын жайлы.

Қауіпсіздік шаралары

Жүкті әйелдер, аллергиясы бар адамдар, ауыр демікпесі бар адамдар, химиотерапиядан шыққан адамдар эфир майларын білікті маманның басшылығымен немесе дәрігердің келісімімен ғана пайдаланған жөн.

Артериалды қан қысымы жоғары адамдар розмарин, тікенді және лаванда сияқты хош иістен аулақ болуы керек.

Эфир майларын ешқашан ішпеңіз. Кейбір майлар улы келеді және оларды ішу өлімге әкелуі мүмкін.

Сирек жағдайларда ароматерапия демікпе, бөртпе, бас ауруы, жүйке жүйесінің бұзылуы сияқты жанама әсерлерді тудыруы мүмкін.

Құрамында фенолы көп майлар, таршын майы теріні тітіркендіруі мүмкін. Көздің айналасына бұл майларды қолданбаңыз.

Эфир майы өте жылдам тұтанғыш, сондықтан ешқашан ашық жалынның жанына қоймаңыз.

Концентрлі эфир майын теріге тікелей қолдануға болмайды.

Майларды қолданбас бұрын, жапсырмаларда жазылған барлық ескертулер мен сақтық шараларын оқыңыз.

Тек белгілі бір мөлшерде қолданыңыз, мөлшерден артық пайдалану бас ауруы немесе жүрек айнуын тудыруы мүмкін.

Кейбір майлар кейбір дәрілік препараттармен немесе спиртпен үйлеспейді.

Ароматерапия белгілі гүлдер мен өсімдіктерден алынған табиғи хош иістер немесе эфир майлары оның жақсаруына біздің көңіл-күйімізді әсер етуі мүмкін принципіне негізделген.

Адамның эмоционалдық күйіне әсер ететін танымал эфир майлары және олардың қолданылу аясы

Жүйке жүйесін тыныштандыру үшін: бергамот және түймедақ, лаванда, лимон және апельсин, пачули, ваниль және иланг-иланг майлары.

Мазасыздық үшін: бергамот және түймедақ, балқарағай мен ладан, жасмин және лаванда, нероли, пачули, раушан мен сандал ағашынан алынған эфир майлары.

Қайғы, уайымды сейілтетін майлар: бергамот және түймедақ, шалфей және ладан, грейпфрут және лимон, жасмин және лаванда, апельсин, раушан, сандал ағашы және иланг-иланг.

Шаршағанды басатын майлар: бергамот және насыбайгүл, шалфей және ладан, зімбір және грейпфрут, жасмин және лимон, пачули және бұрыш, розмарин және сандал ағашы.

Афродизиак майлар: шалфей, жасмин, пачули, раушан, сандал ағашы, ваниль, жалбыз, иланг-иланг майлары жатады.

Әрбір эфир майы өзіндік терапиялық қасиетке ие. Мысалы, лаванда стресті жеңілдету үшін пайдаланылады, ал бұрыш – табиғи энергияны күшейтуші қасиетке ие.

Қазіргі уақытта эфир майларының түрлері өте көп. Алайда сіздің қажетіңізге қайсысы жарайды? Алдағы уақытта ең кең таралған эфир майлары және олардың әрқайсысының қысқаша сипаттамасына жеке-жеке тоқталатын боламыз.

@ЖазираТашматова

Сурет news24.ro және johnacademy.co.uk сайттарынан алынған

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған