Бала тәрбиесі: Жақсы әдеттерді қалай қалыптастыруға болады?

Баланы сөз түсіне бастағаннан-ақ жақсы әдеттерге баулу қажет. Әдет қалыптастыру – дұрыс іс-әрекеті үшін мақтаудан басталады. Әрі онысын жиі айтып, есіне түсіріп отырған жөн. Ал, егер бірдеңені дұрыс істемесе, бірден жаза қолданбай, мәселенің шешімін бірге табуға тырысқан абзал. Теріс қылығының салдарын да түсіндірген артық етпейді.

Назарларыңызға қарапайым әдеттер тізімін назарларыңызға ұсынамыз:

  • Кезек күту. Балаға айналасындағылардың сөзін бөлмеуді кішкентай кезінен үйреткен дұрыс. Егер бәрі жамырап сөйлесе, бір-бірін түсінбейтінін айтыңыз. Ал, сіздің сөзіңізді бөлсе, күте тұруын өтініңіз. Ойыңызды аяқтаған соң, баладан не айтқысы келетінін міндетті түрде сұраңыз. Одан кейін баланы мұқият тыңдауды ұмытпаңыз. Тағы бір айта кететіні – бала сізді күтіп тұрғанда қолыңызбен денесін сипаңыз. Бұл – баланы ұмытпағаныңызды білдіреді.
  • Лақап ат қоймау. Лақап ат әр балаға әрқалай әсер етеді. Кейбіріне ауыр тисе, кейбірі ұнатпайды. Лақап ат балаға ұнаса да, рұқсат бермеген жөн.  
  • Амандасу. Үй іші, қонақ, мейлі бейтаныс адам болса да,  үйге кірген кез келген адаммен амандасуды әдетке айналдырған дұрыс. Тіпті есік алдынан қарсы алу да әдептіліктің белгісі.
  • «Өтініш» пен «рақметті» жиі айту. Бұл – құрмет көрсету мен сыйлауды білдіреді. Ал, ересектер үшін балаға жақсы тәрбие берілгенін аңғартады.
  • Артын жинау. Үйде, қоғамдық орындар және басқа да жерлерде артын жинауды әдетке айналдырғаны дұрыс. Айналасын шашқан өздері, сондықтан тазалау да олардың міндеті екенін түсіндіру керек. Егер  қарсылық білдірсе, бірінші ойынның заттарын жинамайынша, екінші ойын басталмайтынын естеріне салыңыз.
  • Спорттағы тәртіп. Кез келген ойыннан соң, жеңсе де, жеңілсе де, бала өзін мәдениетті ұстауы керек. Егер балаңыз жеңіске жетсе, жеңілгендерді табалауға, жеңісімен мақтануға болмайтынын айтыңыз. Ал, ұтылып қалса, бұртиып, ашуға бой алдырмау керек екенін айтып, түсіндіріңіз.
  • Мақтау сөздерді әдеппен тыңдау. Егер балаңызды біреулер мақтап жатса, сабырлылық танытып, «рахмет» айтуды үйретіңіз. Мұндай кезде балалар өзінің кемшілігін жарыса айтып жатады. Бұлай істеуге болмайтынын ескертіп қойған артық етпейді.
  • Есік ашып өткізу. Әдетте балалар ғимаратқа кірерде үлкендерге жол береді. Соңында  келе жатқандарға есікті ұстап өткізуді үйретіңіз. Ал, басқалар жол берген жағдайда «рахмет» айтуы керек.
  • Кіру/шығу этикеті. Лифтке мінерде немесе ғимаратқа кірерде алдымен шығатын адамдарға жол беру қажет.
  • Ерекшеліктерді құрметтеу. Егер айналасындағылар кейбір дүниелерді  басқаша жасайтын болса, түсіністік танытуын, әр отбасыда (ел, ұлт)  әртүрлі қағида мен заңдылық болатынын түсіндіріңіз.
  • Телефон ұстау. Сабақта телефонның дыбысын басып қоюға дағдыландыру қажет. Телефонмен сөйлескенде айналасындағыларға кедергі келтірмегені дұрыс.

@ЖаңылайБазарбаева

Сурет:  @Lars Plougmann (www.flickr.com)

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған