Баламен жолға шығатын болсаңыз…

Бала өмірге келген соң алыс жолға шығудың машақаты да көбейе бастайды. Сонда да кейде баламен жолға шығуға тура келеді. Әрине, ұшақпен ұшуға әркімнің де шамасы келе бермейді. Мұндайда пойыздан артығы жоқ. Бірақ баламен пойызға шығу үшін ата-анасына біраз затты арқалап шығуына тура келеді. Сондықтан біз сіздер үшін баламен жолға шығарда есте сақтайтын бірнеше жайттарды тізіп шықтық.

Қалай тамақтандырамын?

Баланы дұрыс тамақтандыру көбіне көп әйел адамға жүктеледі. Жолға шығарда үйден тез бүлінбейтін тағам пісіріп алып шыққаныңыз дұрыс. Бірақ ол тағам бір тәуліктен көп сақталмауы керек. Өйткені барлық пойызда тоңазытқыш болмауы мүмкін. Көбіне суға қайнатылған тағамдар біразға шыдайды. Қайнатылған жұмыртқа мен картоп, піскен ет пен пиязсыз бәліш дайындап шығуға болады. Балаларға печенье мен йогурт алуды ұмытпаңыз. Алыс жолға шықсаңыз бөтелкеге құйылған таза су ала шығыңыз. Кішкентай балаңызға емізігі бар бөтелкені алуды ұмытпаңыз. Бұдан бөлек жемістерден алма, банан, алмұрт, мандарин, ал көкөністерден қызанақ пен қиярды салып алуға болады. Тамақ қалдықтары мен басқа да қоқыстарға деп сөмкеңізге көбірек қалта (пакет) салып алыңыз.

Немен алдандырамын?

Балалар ұзақ жолды ұнатпайды: бір орында тапжылмай отырғаннан жалығады, сыртқа шыққысы келіп жылайды. Осынайда баланың көңілін аулайтын ойыншықтарды алуды да ұмытпаңыз. Иә, мұның бәрі артық жүк. Әйткенмен баланың тыныш отыруы үшін таптырмас әдіс осы. Есейген балалар үшін қызықты журналдар мен кітаптарды да салып алыңыз. Түрлі-түсті қаламдар мен бояулар да артықтық етпейді. Егер балаңыз смартфонға әуес болса алдын-ала мультфильмдер мен ойындар жүктеп алыңыз. Жолда интернет ұстамайтындықтан осындай әдіспен көңілін аулауға болады.

Баламен жүргендегі қауіпсіздік ережелері

Баламен жолға шыққанда дәрі-дәрмекті де түгендеу керек. Бала жолда мазасызданса, қызуы көтерілсе немесе жарақат алса алғашқы жәрдем көрсететін бірнеше дәрі мен емдік құралдардың да пайдасы тиеді. Келеңсіз жағдайлар орнай қалғанда станциялар арасы алыс болғандықтан дәрігерлік көмекті біраз уақыт күтіп қалуларыңыз мүмкін. Қан тоқтататын сұйықтық, жарақат орайтын дәке, қызуды түсіретін дәрі, және т.с.с. ең қажетті дәрі-дәрмектерді түгелдеп шығыңыз.

Қалай ұйықтатамын?

Балалар үйден гөрі жол үстінде жақсы ұйықтайды. Өйткені тербелген вагондар баланың тез ұйықтап кетуіне мүмкіндік жасайды. Бірақ бала жиі оянуы мүмкін. Өйткені жолдан мінетін адамдардың шуы баланың тәтті ұйқысын бұзады. Сондықтан егер купеде жатсаңыз есікті мықтап бекітіп алыңыз. Қасыңызда келе жатқан жолаушылардан жас нәрестенің анасы ретінде барынша тыныштық сақтауын өтініңіз. 

Балалардың көзіне жолдағы жарық түспеуі үшін, таңертең ерте оянып алмауы үшін терезенің жоғарғы жағындағы 

жапқышты түсіріп қойыңыз. Кішкентай балаларды төменгі төсекке жайғастырыңыз. Құлап кетпеуі үшін жастықпен матрасты түріп қойыңыз.

Тағы не алып шыққан жөн?

Балаларға әжет сындыратын құтының (горшок) беті жабық болғаны дұрыс. Оны бөлек пакетке салып алыңыз. Қол сүртетін құрғақ және сулы сүлгіні де ұмытпаңыз. Кішкентай нәрестемен жолға шықсаңыз өзіне жеке жаялық алу керек. Балалар киімдерін тез былғайтын болғандықтан ауыстыратын киімдердің де көбірек болғаны дұрыс. Төсектің астына немесе жүк салғышқа жолға қажет емес шабаданды салыңыз. Ең көп ашылатын сөмкені жаныңызда ұстаңыз.

Осы әдістерді пайдалана отырып жолға шықсаңыз діттеген жеріңізге оңай жетесіз. Бастысы – балаларды көзден таса қалдырмай, қадағалау. Пойыз өте қатты жылдамдықпен жүйіткіген кезде балаларыңызды қасыңызда ұстаңыз.

Жолыңыз болсын!

@АқеркеӘбілхан

Суреттер infovoronezh.ru, novoboi.ru, marketsite.shop сайттарынан алынды.

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған