Баланың өзіне сенімсіз болып өсуіне әсер ететін 7 сөз

Баланы үздік оқушы ету үшін не істеу керек? Әрине, жақсы оқитын сыныптасымен салыстыру керек. Қоғамдық орында байбалам салған баланы қалай тыныштандыру керек? Үйде жанын шығарамын деп қорқыту керек. Ата-аналар көбіне осы бір «тамаша» әдістерге жүгінеді. Ал кейін өзіне сенімсіз, өмірге бейімсіз бала өсіргенде мұның қалай болғанын түсінбей таңданады. Психологтардың пікірінше, баламен сөйлескенде әрбір сөзге мән беріп, абай болу керек. Баланың психикасына теріс әсер ететін сөздердің бірқатарын бүгінгі мақаламызда ұсынып отырмыз.

1. Мен сенің жасыңда оқуда үздік болғанмын

Туғаннан бастап алты жасқа дейін бала үшін ата-анасы бәрін білетін Құдай іспеттес. Олар баланың әлемге және өзіне қарым-қатынасын қалыптастырады. Дәл мына сөздерде ата-ананың баламен бәсекесін көруге болады, ол балаға: «Мен сияқты бола алмайсың!» дегенді айтып тұрғандай. Мұндай түсінікпен тәрбиеленген балалар өмір бойы отбасына өзінің жақсы адам екенін, жетістікке жете алатын адам екенін дәлелдеумен өтеді. Әрине, сіз осылай айту арқылы баланың үздік болуға ұмтылуын қалайсыз. Алайда, нәтижесінде адам жетістікке өзін үшін емес, ата-анасы үшін, олардың махаббатына лайық екенін дәлелдеу үшін жетеді. Өскен соң мұндай балалар өз сәттілігіне қуанбайды, ата-анасы оның жетістігін лайықты бағалағанда ғана қуанады, бірақ көп жағдайда бала тіпті тырыспайды да.

2. Айдана бақылаудан бес алды, ал сенде – төрт

Көптеген ата-ана «Бізді де осылай тәрбиелеген, жаман болған жоқпыз» деген уәж айтады. Бірақ олар ата-анаңның сені емес, өзгенің баласын биіктетіп жатқаны қаншалықты ауыр екенін «ұмытып қалған». Бұл ауыртпалықты олар ересек өмірге де ала кетеді. Өзінен мықтыларды жек көріп, әрдайым өзін біреулермен салыстырып әлек болады және көп жағдайда өзінің түкке тұрмайтын біреу екеніне көз жеткізумен болады.

3. Олай істесең мен сені жақсы көрмейтін боламын

«Маған ыңғайлы болсаң ғана сені жақсы көремін» деген сөзден кейін бала әрдайым жұртқа ыңғайлы болуға тырысады. Қателік жасауға қорқады, ата-анасының үмітін ақтауға тырысумен болады. Нәтижесінде баланың өзіндік «мені» қалыптаспайды.

4. Мені ұятқа қалдырма

Осындай сөзбен өскен балалар жұрттың назарында болудан қорқады. Жұрт алдына шығудан қорқады, сасқалақтайды, не істерін білмейді.

5. Әкең (шешең) сияқтысың

Бұл сөздер көбіне әке-шешесі бір-бірімен ұрсып қалғанда, біріккен өмірлері қиындық тудырғанда өшін баладан алу үшін айтылатын сөздер. Яғни олар наразылықтарын баласы арқылы бір-біріне жеткізеді. Және бұл наразылықтың бәрі баланың бойында қалады. «Әкең сияқты қырсық екенсің» дегенді естіген баланың ойында әкесі жаман адам деген ой қалыптасады. Сонымен қатар, ер адам болу – қиын, жаман адам боласың, қыздармен ғана дос болу керек, және тағы басқа да теріс ойлар өрбуі мүмкін.

6. Жаман бала болсаң сені «бабайға» бере саламыз

Бала ата-анасына ыңғайлы болса ғана бағалы деген нақты жолдау. Ата-ана мұндай сөздермен: «Біз сені ыңғайлы болсаң ғана жақсы көреміз» деген ой жібереді. Есейген соң мұндай балалар өзіне не керек екенін білмейді, бәріне ыңғайлы болуға тырысады.

7. Көзіме көрінбей кет!

Бұл сөзден бала «Жүрген бір бәле екенсің, неге ғана пайда болдың!» Нәтижесінде мұндай балалар барлық жағдайда өзін кінәлі сезініп өмір сүреді. Жалпы балаға бірдеңе айтарда өте абай болған жөн, жақсылап ойлану қажет. Себебі ересек өмірдегі көзқарас дәл осы бала кезінде берілген сөздер, ойлар мен әрекеттерден қалыптасады.

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған