Балапан арнасы қазақ балаларына суперқаһармандар жасап шығарды

«Балапан» телеарнасы қазақстандық балаларға жаңа суперқаһармандар ұсынады. Телеарна экранына жол тартқан «Айдар», «Дала ойындары» және «Ертемір» мультхикаялары жаңа 3D форматта түсіріліп, жарыққа шықты. 

Диснейдің сапалы мультфильмдерін көретін қазақ балалары біздің де жаңа сапада анимациялық фильм түсіруімізге түрткі болды деді «Балапан» арнасының директоры.

– Осы мультхикаялар арқылы отандық анимацияның жаңа кезеңі басталды деп үміттенеміз. Балапан арнасы да мазмұндық және сапалық тұрғыда жаңа сатыға аяқ басып отыр. «Айдар», «Дала ойындары» және «Ертемір» мультхикаялары дәл бүгін экранға жол тартады. Бұл әр жобаны зор жауапкершілікпен жүзеге асырған, әр кейіпкерді аялап, әлпештеген шығармашылық командамыз үшін де, әр қазақ баласы үшін де тарихи сәт деп ойлаймыз. Бұл біздің руханиятымыз үшін, қоғамымыз үшін зор жаңалық деп есептейміз, – деді арна директоры Мақпал Жұмабай  аталған мультхикаялардың Алматыдағы тұсаукесерінде.

«Дала ойындары» мультхикаясындағы оқиға болашақта өрбиді. Бұл жаңа қоғамды құрушылар туралы шытырман туынды. Анимациялық фильмде көрермен 2050 жылға саяхат жасап, цифрланған ғаламның ең өзекті мәселесін шешуді көздеген кішкентай қаһармандармен танысады.

«Ертемір» ғажайып күшке ие болған қарапайым баланың ерлік оқиғаларына құрылған. Күнделікті өмірде Темірдің өзге балалардан еш айырмашылығы жоқ болып көрінгенімен еліне, айналасына қауіп төнгенде ол батыр Ертемірге айналады.

Ал, «Айдар» мультхикаясы көне түркілік миф кейіпкерлері мен сюжеттеріне негізделген. Осы жоба арқылы көрермендер халқымыздың бай дәстүрлі мұрасымен таныса алады.

«Балапан» арнасының жаңа мультхикаялары 10 желтоқсаннан бастап теледидардан көрсетіле бастады.

Арнайы 16qyz.kz үшін Балжан Жеңісқызы

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған