Босанған соң денені қалыпқа келтіру

Өмірге бала әкеліп, көңілі жайланған аналардың ең басты ойы «босанған соң денені қалыпқа келтіру» болатыны белгілі. 

Көп әйелдің босанған соң қарын пішіні өзгереді. Алайда мамандар босанғаннан кейін 6 апта бойы қарын бұлшық етіне арналған жаттығулар жасауға болмайды дейді, себебі жүктілік кезінде сөгілген іштің ақ сызығы (төстің семсершесінен шат сүйегінің байламына дейін тартылған шандыр) қайта бітеді екен. 9 ай бойы іш бұлшықеттері босаңсып, бар салмақ сегізкөзге түседі. Босанғаннан кейін созылған іш ешбір икемге келмейді, ал екінші-үшінші босанған болса, онда салбырап кетеді. Салбыраған қарынды қалыпқа келтіруге арналған бірнеше кеңеске құлақ түріңіз. Ол үшін біз ұсынған жаттығулар ретін жасауды ұсынамыз:

Ескерту: Кесарь тілігі арқылы босанған әйелдерге кез-келген жаттығуды дәрігермен кеңесіп барып бастаған дұрыс.

Дем алу тәсілі арқылы жасалатын жаттығу:

Суретте көрсетілгендей етіп еңкейеміз, ауаны мұрынмен жұтып, демді ауызбен шығарып, қарынды барынша ішке тартамыз, төртке дейін санап, ішті босатамыз. Қайтадан дем алып, демді босатамыз, ішті қатты тартамыз. Осы әдісті күніне 5 рет екі апта жасау керек.

Планка:

Суретте көрсетілгендей етіп барынша белді созып планкаға тұрамыз. Ішімізге дем алып, демді шығарған кезде ішімізді барынша тартамыз. Бұл жаттығудың ұзақтығын 15 секундтан бастауға болады, бірте-бірте 1 минутқа жеткізген кезде созылған бұлшықеттер қалыпқа келеді.

Бүйірлік планка

  

Суретте көрсетілгендей шынтақтың ұшы, жамбас, өкше бір сызықтың бойында жайғасуы тиіс. Демді ішімізге алып, қайта шығарып жатқанда жамбасты көтереміз, дем алғанда жамбасты түсіреміз. Осы жаттығуды бір күнде 5 рет жасап бастап, екі аптаның ішінде 10 ретке дейін жеткізу керек. Тура осылай екінші бүйіріңізге ауысып жасаймыз. Бұл жаттығу іштің көлденең, қиғаш бұлшықеттері және жамбасқа әсер етеді.

Отыншы

Суретте көрсетілгендей қолымызға жастық алып демді ішімізге алып барынша керілеміз, демді шығарарда диагональ бойынша қолымызды түсіріп, аяғымызды бүгеміз. Жаттығу түсінікті болу үшін өзіңізді балта ұстап тал шауып жатырмын деп елестетіңіз. Бұл жаттығуды күнделікті екі жаққа 10 реттен жасасаңыз жеткілікті. Жаттығу қол, аяқ, іштің қисық бұлшықеттеріне әсер етеді.

Жаттығулардан бөлек күнделікті сәбимен таза ауада серуендеу керек. Душ қабылдағанда суық су мен ыстық суды кезек-кезек ауыстырып денеңізді сергітіңіз. Целлюлитке қарсы крем, маскалар пайдалансаңыз да болады.

Дұрыс тамақтану

Босанған соң тамақтану мәзірінде міндетті түрде дәрумендер мен микроэлементтерге бай көкөністер, жеміс-жидектер, дәнді дақылдар, жаңғақтар, сүт өнімдері мен газдалмаған су болуы керек.

Бандаж

Ішті қатты тартып байлағаннан гөрі арнайы коррекциялық ішкиім, бандаж немесе корсет киюге болады. Күніне 10 сағаттан артық кимеңіз.
Жоғарыда келтірілген барлық кеңесті орындасаңыз дене бітіміңіз біршама жинақталып қалары сөзсіз.

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған