Дамбо- ертегіге сенгіңіз келсе…

28 наурыздан бастап Қазақстан кинотеатрларынан Disney ұсынған «Дамбо» атты жаңа фильм көрсетіле бастады. Фильм орыс және қазақ тілінде көрсетіледі. Фильмды қазақ тіліне «Болашақ» корпоративтік қоры аударды, биылғы жылы аталған қор әлемдік фильмдердің 5 жобасын қазақ тіліне аударады. 

«Дамбо» («Dumbo») отбасылық фэнтези. 1941 жылғы анимациялық туындының көркем кино форматындағы ремейкі циркте туған құлағы үлкен пілдің хикаясын баяндайды.  Сюжетте цирк импресариосы Марк Медичи бұрынғы цирк жұлдызы Холт Фэрриерді және оның балалары Милли мен Джоны жаңа туған піл баласына тәрбиеші қылып тағайындайды. Пілдің шамадан тыс үлкен құлағы болады, осыған бола адамдардың мазағына көп ілігеді. Алайда Дамбо ұшатын қабілетін көрсеткеннен кейін, цирк иесі пілдің ерекше қабілетін өз пайдасына асырмақ болады. Вэндевер есімді кәсіпкер жануарды «Ертегі әлем» деген өзінің ойын-сауық орталығының басты жұлдызына айналдырмақшы.

Тим Бертон адамды таңқалдыра алады, ғажайыпқа сендіре алады. Әдемі ертегіге бала емес сізді де сендіреді. Егер заманауи ертегі қандай болуы керек деген сұрақ туындаса «Дамбо» фильмін қиналмай айтуға болады. Дисней мен Тим Бертонның тандемі күшті шыққан. Фильм адамгершілікке, адамды мықтылыққа, бауырмалдыққа үйретеді. Ана мен баланың, бала мен әкенің, жұмыстастар арасындағы сыйластықты анық көрсете білген.

«Болашақ» қоры қазақ тіліне аударғандықтан фильм қазақ тілінде таза сөйлей алған. Дубляж фильм эмоциясын жақсы бере алған. Актерлардың сөйлеу мәнерін және олардың дауыс ырғағын жақсы келтірген. Миллиді дыбыстаған қызға рахмет айтқым келеді, кішкентай бола тұра дауысы сондай салмақты.

Дамбо, көп сыншылардың сынынан өтпей жатса да, маған қатты ұнады. Себебі, фильм өз аудиториясына тура бағытталған және көп нәрсеге ой сала алады. Фильмнен шыққан кейінгі балалардың эмоциясынан-ақ көруге болады. Дамбоның анасына деген махаббатын айтумен болды. Демек, балаға анасын сыйлауды үйрете алады деуге келеді. Қазір демалып жатқан бұзығыңызды фильмнің қазақ тілінде нұсқасына апарыңыз, түсіндіріп әуре болмай өзіңізде фильмді рахаттанып отырып көресіз.

Фильмнің әдемілігі сонша өзің сол жерде тұрғандай әсерде боласың. Өмірі циркқа барып көрмесем де циркта отырғандай әсер алдым. Фильмде махаббат, жылылық, достық, кешірім, ақымақтық бар.

Арнайы 16qyz.kz үшін Айжан Кульмуханбетова

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған