Джек Ма: «Әлемге сіздің не дегеніңіз маңызды емес, не істегеніңіз маңызды!»

Әлемдегі ең бай адамдардың бірі ретінде танылған Джек Маның өмірі, табандылығы, бизнестегі тәжірибесі, ақшаны басқару мен ұйымдастыру қабілеті миллиондаған адамға үлгі болып отыр. Қытайдың өте қарапайым отбасынан шыққан ол Alibaba Group сияқты ірі, әрі табысты комапания құрды. Бүгінде Джек Ма интернет сауда-саттық әлемінде өз орнын ойып алып, Қытай экономикасын гүлдендіріп жатқан беделді азамат.  Ол құрған «AliExpress.com» сайты қазақстандықтар үшін де Қытайдан сауда жасауға жеңілдік тудырып отыр.

«16qyz.kz» осыдан бір ай бұрын Alibaba Group компаниясы бір тәулікте 30  млрд АҚШ долларының тауарын сатып, рекорт жаңартқанын жазған болатын.

Джек Ма сияқты табысты адамдардың қалай жетістікке жеткендігі, ірі бизнес жүргізудің сыры неде екендігі баршаға қызық болатыны белгілі. Біз Джек Маның өмірбаяны туралы жазылған кітаптарды оқи отырып, оның өмірлік ұстанымдарын оқырмандарымызға ұсынуды жөн санадық.

«Бақыт деген — айналаңдағы адамдардың бақытты болуы» деп есептейді Джек Ма. Бұл оның өзі үшін ғана емес, қоғамды дамыту, айналасын көркейту үшін жұмыс істеп жүргенін дәлелдейтін сияқты.

Дж. Маның қанатты сөзденіңі бірі: «Тек ақымақтар ғана ауызбен сөйлейді, ал ақылдылар мимен, данышпандар – жүрекпен сөйлейді».

Ел Джекті ақылды деп есептемеген, ол өзі де ешқашан ақылдымын деп санамаған, тіпті ата-анасы да оны данышпандар қатарына жатқызбаған екен. Оның өмірге көзқарасын қалыптастырған шет тілін білуі екен. Ол өзі «Сіз тек көрші үйде тұратындарды ғана емес, басқаларды да түсінуіңіз керек» деп, кез келген шет тілін үйренуге кеңес береді.

Сондай-ақ, миллиардер: «Егер сіз 35 жасқа дейін кедей болып жүрсеңіз, яғни сіз соған лайықсыз дегенді білдіреді», – дейді, ал тағы бірде: «Егер сіздің жасыңыз 25-те болса, еш уайымдамаңыз, әр жасаған қателігіңіз сізге сабақ болсын, ол үлкен құндылық», – деп айтқан.

«Табысты компанияны ұстап тұрудың сыры – табысыңды басқалармен бөлісу» дегенді де Джек Ма бір сұхбатында айтқан.

Джек Ма уақытты тиімді пайдалануды дәріптейтін адам: «Егер сізде теледидар көретін уақыт болса, қажетті адамдармен де араласуға уақыт бар деген сөз», – дейді.

«Теңізде күрессең – жеңілесің, өзенде күрессең – жеңесің», – деген ол әліңе қарай жұмыс істе деген сыңайлы.

Миллиардер бизнесмендер мен жеке кәсіп ашқысы келетіндерге келесідей кеңес береді: «Өзіңіздің жеке бизнесіңізді ашқанда тұрақты табыстан, ауырғанда алатын жәрдемақы мен жылдық сыйақылардан айырылғаныңызды түсініңіз», «Егер сіздің бәсекелесіңіз тым әлсіз немесе кішкентай болса да оған тең дәрежеде қараңыз. Сондай-ақ, егер сідің бәсекелесіңіз әлдеқайда сізден ірі және күшті болса, қорықпаңыз», «Егер сіз бәсекелестеріңіз туралы жеткілікті білмесеңіз немесе оларды өз бизнесіңіз үшін қауіпті деп көрмесеңіз – қатты қателесесіз!», «Серіктесіңіз табысты болуы міндет емес, бастысы ол сіздің қолыңыздан келетін істі толықтырып тұрса болды», «Бірінші кезекте – клиенттер, екінші – қызметкерлер, тек үшінші кезекте – акционерлер», «Нағыз мүмкіндік ешкім көрмейтін жерде жасырынып жатыр. Егер кеңес кезінде белгілі бір ұсынысқа әріптестердің 90 пайызы «иә» деп дауыс берсе, онда мен ол мүмкіндікті қарастырмауым бек мүмкін. Себебі ол істі көптеген компаниялар жасап жатқан болуы ықтимал, сондықтан бұл істе біз лидер бола алмаймыз», – деп сәуегейлік танытыпты.

«Ең жақсы адамды емес, дұрыс адамды іздеңіз» деген сөзді де Джек Ма бір сұхбатында айтқан екен.

Әйгілі бизнесмен оптимистік көзқарасымен де ерекшеленген көрінеді: «Бүгін оңай емес, ертең тіпті қиын болады, ал бүрсігүні бәрі тамаша болады!»

«Бұл өмірде ең тұрақсыз – адамдар арасындағы қарым-қатынас» деген Джек Ма: «Егер сіздің шешіміңіз басқа замандастарыңыздан бөлектеу болса, өміріңіз де өзгеше болады деген сөз», «Әлемге сіздің не дегеніңіз маңызды емес, не істегеніңіз маңызды» деген пікірлер білдіріп: «60 жастан кейін уақытты өзіңізге жұмсаңыз. Сізді жағажай, күн, демалыс күтіп тұр», – деген сияқты өмір туралы өз ойларын, өмірлік ұстанымдарын елден жасырмаған.

Әйгілі миллиардер Джек Ма өзінің сұхбаттарында үнемі оптимистік көзқарасты ұстанатындығын көрсетеді. Сонымен қатар, өмірде кездесетін қиындықтарға төтеп беру, өмірге құштарлықтың көріністері оның сөздерінен байқалады. Үлкен жетістіктерге қол жеткізе тұра қарапайымдылығын сақтап қалған деп сипаттайтын журналистер мен зерттеушілер, Джек Ма өзгелерге көмектесуге дайын тұратынын, қайырымдылықпен айналысатындығын жазады. «Егер сізде миллиард доллар болса, ол сіздің ақшаңыз емес! Ол ақшаларын өздерінен жақсырақ басқарады деп сізге сеніп тапсырған халықтың ақшасы», – дейді бір сұхбатында бизнесмен.

@Балжан Жеңісқызы

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған