Африка елдерінің ішінде ертеден келе жатқан тарихы мен өзіндік ерекшелігі бар демалуға шақыратын елдердің бірі – Египет. Египет Африканың солтүстігі мен Синай түбегінде орналасқан 100 млн халқы бар ел. Египетке саяхаттаудың негізгі екі бағыты бар: бірі – тарихи орындарды аралау, екіншісі – Қызыл теңіз жағасында орналасқан қалалардағы жағажайда демалып, дайвингпен айналысу. Егер мүмкіндік болып жатса, әрине екеуін де бір уақытта іске асыруға болады.

Қаңтар, ақпан айларында теңіз жағалауында демалу үшін Шарм-эль-Шейх қаласына ғана турлар сатылады. Ал көктем, күз айларында Египетке бет алсаңыз Хургада, Дахаб қаласында барсаңыз болады.

Египетке қыдырудың ең бір ұтымды тұсы турлардың арзандығы. Қазір қыс айларында ол жаққа 150 000- 350 000 теңге арасында барып келе аласыз.

Турға кіретіндер: сізге қонақ үйде 7-12 күн арасында қону, 3 уақыт тамағыңыз, қалаған уақытыңызда ішетін сусындар, трансфер, гид, сақтандыру кіреді. Ал басқа қыдыруыңызға, сауда-саттық жасауыңызға 200-500 доллар көлемінде қосымша қаражат алсаңыз, жақсы демалып келе аласыз.

Біз бүгін Шарм-эль-Шейх қаласында демалу туралы ақпарат бере кетсек.

Шарм-эль-Шейх қаласы 1982 жылға дейін Офира деп аталған, қазақша аударған да «Шейх шығанағы» деген мағына береді. Египеттің ең танымал курорт қалаларының бірі. Ол Синай түбегінің оңтүстік бөлігінде Қызыл теңізді жағалай орналасқан. Каир қаласынан 500 км жерде орналасқан.

Шарм-эль-Шейх – туристерге арналған Хургада, Луксор, Каир, Александрия қаласынан ерекше, қала туристерге арналып жаңадан салынғандықтан бұл жерде әр нәрсе жоспарды түрде салынған. Әрі халқы бірнеше тіл біледі, орыс, ағылшын тілінде қиналмай сөйлесе аласыз.

Шарм-эль-Шейх қаласы Қызыл теңізінің Акаба түбегін жағалай алып жатқан 30 км созылған қала. Ол оңтүстік-батысында танымал Рас-Мохаммед табиғи саябағымен, солтүстік-шығысында Набк қорығымен, солтүстік-батысы Синай тауларымен, оңтүстік-батысында Қызыл теңізбен қоршалып жатыр. Қалаға жақын жерде Тиран аралы, 80 км жерде Моисей тауы және әулие Катерин таулары орналасқан. Бір сағаттық жерде бедуиндер қаласы Дахаб пен Нувейва, Таба қалалары бар. Дахаб қаласы дайвингпен айналысуға әлем бойынша ең ыңғайлы жер саналады және ол жерде дайвингке үйрететін орталықтар өте көп.

Бұл жерлерді аралаймын десеңіз бәріне бір күндік, жарты күндік экскурсиялар сатып алсаңыз болады. Экскурсиялар жерлердің қашықтығына қарай 15$ дан басталады. Осы жерде айта кететін бір жайт, сізді күтіп алған турфирма осы экскурсияларды екі есе бағаға ұсынады, көшеде сол экскурсияны арзанға тауып алуға болады. Дәл сол тур, дәл сондай қызмет көрсету, аралайтын жерлері де бірдей.

Алдағы уақытта Шарм-эль-Шейх қаласындағы шопинг, теңіздегі саяхат, экскурсиялар, пирамидаға барып келу туралы бөлек жазатын боламыз.

Арнайы 16qyz.kz сайты үшін Айжан Кульмуханбетова

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған