Ет асудың сіз білмеген құпиялары

Әр әйелдің тағам әзірлеуде өз ерекшеліктері мен қулықтары бар. Әсіресе қазақтың ұлттық тағамы саналатын ет тамағын әзірлеудің де өзіндік құпиялары жетерлік. Қарап тұрсаң, жай ғана қарапайым тағам секілді. Бірақ етті бабымен балбыратып пісіргіңіз келсе төмендегі кеңестерге көз жүгіртіңіз.

  1. Етті қайнататын су міндетті түрде салқын болуы қажет. Бір қайнағанша қатты отта пісуі керек. Көбігі шығып, қайнағаннан соң ғана отты бәсеңдетуге болады. Қатты отта қайнап тұратын ет жұмсақ болып піспейді.

  2. Кейбір аспаздар қазанға етпен бірге бүтін пиязды салып қайнатады. Сонда пияз еттің иісін өзіне сіңіріп алатын көрінеді.

  3. Кәрі малдың еті өте ұзақ пісетіндіктен ет бір қайнағаннан соң сорпасына газды су құюға болады. Еттің жұмсақ пісуі үшін кей өңірлерде сорпаға грек жаңғағын бірге салып қайнатып жатады. Ас содасынан аздап салып етті жұмсартатын да әдіс бар.

  4. Егер бірінші қайнағанда көбігін алып үлгермей қалсаңыз қайнап жатқан сорпаның үстіне кішкене салқын су құйып жіберіңіз. Сонда тарап кеткен көбік қайта су бетіне жиналып шығады.

  5. Ет тамақ өте дәмді шықсын десеңіз әртүрлі малдың етін қосып асыңыз. Қой, жылқы, сиыр етіне тауық пен қаздың етін де араластырып пісірсеңіз тіпті жақсы. Аралас еттің сорпасы да, қамыры да дәмді болады.

  6. Ет пісуге жақындағанда көкөністер салып қайнатуға болады. Картоп пен сәбіз етпен бірге туралып қамырдың бетіне салынады.

  7. Тәтті бұрыш пен қызанақ сорпаға ерекше дәм береді.

  8. Еттің өз сорпасына иленген қамырдың дәмі тіпті ерекше болады.

  9. Дәл сол кезде иленген қамырдан гөрі мұздатқышта сақталған қамыр езілмей жақсы піседі. Сондықтан кей қыз-келіншектер қамырды алдын-ала илеп мұздатқышқа салып қояды.

  10. Нарынға турайтын қамырды алдын ала жайып қояды. Шашылып тұруы үшін арасына май жағып турайды.

  11. Майлы сорпаның майын құйып мұздатқышта сақтауға болады. Келесі жолы майы аз етке қосып қайнатуға болады.

  12. Кесілген шикі қамырларды келесі жолғы ет тамаққа пайдалану үшін көп бетті жаңа дәптердің әр қағазының арасына салып мұздатқышта сақтауға болады.

 

Ет асуда сіздердің қандай әдіс-тәсілдеріңіз бар? Пікірлеріңізді күтеміз.

@АқеркеӘбілхан

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған