Галина ГРЕБЕННИКОВА: Гормоналды препараттар зиян емес

Жақында Шымкент қаласында «Репродуктивті медицинаның заманауи мәселелері» атты VI аймақтық конференциясы өткен болатын. Бес елден келген 27 спикермен Қосалқы репродуктологиялық технология (ҚРТ) саласындағы ең өзекті мәселелер қозғалды.

Біз осы ақ халаттылардың басқосуына Алматы қаласынан келген КМПА атқарушы директоры, РМИ акушер гинекологы, медицина ғылымының кандидаты Галина Гребенниковадан сұхбат алған болатынбыз. Ол аймақтық конференцияда жиылған қауымға «Әйелдің сексуалдығы және гормоналды контрацепция» атты баяндама жасаған болатын.

– Галина Александровна, гормоналды контрацептивтер туралы әйелдер арасында әлі де түсінбеушіліктер бар. Көптеген құрбыларым «гормоналдық дәрі ішемін деп толып кеттім» деп шағымданып жатады. Бұл туралы не айтасыз? Жалпы, әйелдер гормоналдық препараттар жайлы не біліп жүруі тиіс?

– Ең алдымен гормоналды контрацептивтерді таңдауға дәрігер көмектеседі. Себебі, бұл препараттың құрамында қарсы көрсетілімдері бар. Ал әйелдердің салмақ қосуына келсек, заманауи контрацептивтердің құрамында гормонның кішігірім дозасы бар. Ол бірақ салмақ жинауға әсер етпейді. Салмақ қосуға не әсер етуі мүмкін? Біріншіден, әйел адам аз қозғалуы, тәбеті артып, өзінің көп тамақ жейтінін аңғармауы мүмкін. Тағы бір себеп, ол құрамында гормон дозасы көп контрацептив қабылдауы да мүмкін. Яғни, айтпағым, гормоналды контрацептивтер туралы көптеген зерттеулер бар. Олардың ешқайсысынан да салмақтың артып кететіндігі дәлелденбеген. Сол себепті, егер әйел артық салмақ жинап жатса, онда өзінің өмір салты мен тамақтану режимін қайта қарастырғаны жөн немесе дәрігеріне барып қайтадан консультация алғаны дұрыс. Себебі, сол препараттың әсерінен оның ағзасында сұйықтық жиналып қалуы да әбден мүмкін. Сондықтан, әйелдер өзін семіріп кеткен сияқты сезініп жүреді. Дәрігер консультация барысында оған азғасындағы артық қалдықтарды шығарып жіберуге көмектесетін басқа препарат таңдауға көмектеседі. Яғни мұның бәрін де проблема қылмай дәрігермен бірге ақылдасып шешуге болатын мәселелер.

– Демек, бұл гормоналды препараттар денсаулыққа зиян емес қой?

– Сіз жүкті болып қалуға қарсы таблетканы қолданып жүріп, мына бір жайтты түсінуіңіз керек. Препаратты тұрақты ішіп жүрген әйел қазір де, болашақта да жатыр рагінен, аналық без рагінен, тік ішек рагінен, мастопатиядан, ауыртып келетін етеккірден, анемиядан сақтандырылады. Сонымен қатар, етеккір циклі қалыпты келеді, аяқ астынан жүкті болып қаламын деп уайымдамайды, яғни препараттың плюс жақтары көп. Гормоналдық дәрілер туралы әртүрлі қауесеттен қорқып жүргенше, ең алдымен әркім өзі ішіп, қолданып көруі керек.

– Мысалы мен гормоналды препарат іше бастадым. Үзбей қанша уақыт ішуім керек? Бір жыл, екі жыл? Ал арасында дәріні қабылдау тәртібі үзіліп қалса не болмақ?

– Қараңыз, гормондар тәртіпті жақсы көреді. Мұнда контрацептивтік дәріні күн сайын белгіленген уақытта ішіп жүру керек. Егер ұмытып кеттіңіз бе, есіңізге түскен замат сол таблетканы бірден ішіңіз. Себебі, дәріні дұрыс ішпеген жағдайда кері әсері болады. Айталық, етеккір циклі бұзылады, жүкті болып қалуыңыз мүмкін. Күн сайын қабылдап жүрсеңіз, жоспардан тыс жүкті болып қалудан сақтанасыз. Ал ол дәрінің сізге сәйкес түскен, түспегенін қалай білеміз десек, оны үш айдан кейін айтуға болады. Себебі алғашқы үш ай – ағзаның үйренетін адаптация уақыты. Басқаша күйді сезінуіңіз мүмкін. Дәріні бір апта ішіп, тастап кетуге болмайды. Гормоналды препаратты бір жыл немесе бес, он жылға дейін іше беруге болады, зиян емес.

– Бұл дәріні қандай жағдайда ішпей, тоқтатуға болады?

Тағы да қайталап айтамын, дәріні қандай себептермен ішпейсіз? Бірінші, қарсы көрсетілімі пайда болған кезде. Сондықтан жылына бір рет міндетті түрде дәрігердің қабылдауына бару қажет. Екінші себеп, әйел бала көтергісі келуі мүмкін. Үшінші, әйел күн сайын бір дәріні іше бергеннен шаршап, басқа дәріге ауыстырғысы келеді. Төртінші, менопауза. Міне, негізгі себептер осы.

– Қандай гормоналдық препараттарды ұсына аласыз?

Дәріні сол адамның өзімен жеке таңдайды. Бізде контрацептивті дәрілердің түр-түрі бар. Дәрігеріңіз соның ішінен таңдауға көмектеседі. Бізде түпнұсқа препараттар, көшірме препараттар бар. Бұл енді баға саясатына қатысты мәселе. Ал бірақ түптеп келгенде бұл дәрілердің барлығының да тиімділігі бірдей.

– Ендеше дәрі ішу зиянсыз екен. Әйелдер қауымы осы гормоналдық препараттар туралы қаншалықты біледі деп ойлайсыз?

Бұл енді әрбір әйелдің өзінің ізденісі мен қызығушылығына байланысты. Жастар бұл тақырыпты жақсы біледі. Өйткені, интернет қолжетімді, ашып көреді, оқиды, зерттейді. Өкінішке қарай, үлкен буын әркімнен естіп алған түрлі аңыздар мен қорқыныштарға сеніп жүре береді. Орта буынға келсек, олар 50 пайыздай ақпараттандырылған. Бірақ, қалай болғанда да бұқаралық ақпарат құралдары арқылы барлық әйелдер қауымына қажетті ақпарат беруді қолдау керек. Әсіресе бұл туралы қазақ тілінде ақпараттар өте аз. Әрине, түрлі қауесеттерге сеніп, содан қорқып жүргендер бар. Келіп сұрайды, түсіндіреміз. Бастысы, дер кезінде келіп сұрау қажет. Оның үстіне сіздің сұрақтарыңызға жауап бере алатын қажетті дәрігер табыңыз, ол сізге контрацептив таңдауға көмектеседі. Біздің қауымдастық оңтүстік аймақтарына бір емес бірнеше рет келіп, дәрігерлер мен акушер гинекологтарды оқытып, осы мәселені талқыладық. Өңірде бұл мәселені жетік білетін мамандар бар. Әйелдер ештеңеден қысылмай, ұялмай барып сұрағандары дұрыс, барыңыздар. Себебі, денсаулық бәрінен де қымбат екенінін өзіңіз де білесіз.

Сұхбаттасқан Жансая СЫДЫҚБАЙ

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған