Гудбай, мой бай! Ажырасу шын мәнінде оңай ма?

22 қарашадан бастап Қазақстандық кинотеатрларда жаңа отандық өнім «Гудбай, мой бай» комедиясы көрсетіле бастайды. Фильм отбасының маңызы және отбасының әр адамның өмірінде алатын орны жайлы сөз қозғайды.

Фильм режиссер Әнуар Матжановтың туындысы, ол көрермендерге  «Патруль», «Басеке» және «Мезгілсіз махаббат» сынды телехикаялар арқалы танылып үлгерген. «Гудбай, мой бай» комедиясы 31 арнадан көрсетілген «Женатики» сериалының толықметражды нұсқасы. Басты рөлдерде Сәбит Рахимбаев, Даут Шайхисламов, Нұрдаулет Шертім, Азим Саидбаев, Дариға Бадықова, Наталья Валькова, Сабина Саякова, Нұргүл Алпысбаева ойнайды.

Фильмның сюжеті бойынша, Ермек әйелінің енесімен бірге тұрғысы келмейтін қыңқылынан кейін ажыраспақшы болады. Достары оны қолдамақшы болып көңілін аулайды. Дәл осы сәттен бастап Ермектің өмірі күрт өзгереді.

Фильм туралы қысқаша ақпарат:

  1. Кино 16 күннің ішінде түсірілген.
  2. Киноның түсірілу жұмысына, жарнамасына 300 мың АҚШ доллары жұмсалған.
  3. Түсірілім кезіндегі күрделі кадрлардың бірі – кірпішпен полиция терезесін сындыратын сәт, бұл кадрды түсіру үшін 3 көліктің терезесі шағылған.

Ажырасқан еркектер депрессиядан қалай шығады? Міне, Ермек және оның ажырасу алдында тұрған достары осы сұрақтың айналасында өздерін көрсетеді. Ажырасуға әрқайсысының өз себебі бар. Бірі әйелінің қызғанышын жеңе алмаса, екіншісі үйінің қарызын жаба алмай ақша табуға шыққан табыскер, үшіншісі екінші отбасын құру үшін өзін сері көрсеткен еркектер қауымы.

Фильм көруге жеңіл, өзіндік айтар ойы бар. Ажыраспас бұрын баласының бақытын ойлаған ата-ананы, жалтақтап жүрген баланы ешқашан ұмытпау керектігін еске салады. Сериалдың толықметражды нұсқасы болғандықтан әр кейіпкер ашылған, қалжыңдары қалыптасқан. Қысқа әрі нұсқа. Кино отбасыңмен отырып көруге арналған.

Берер бағам 6/10. Кейбір сәттерге тұздық жетіспей тұрғандай сезім болды. Жігіттердің алғашқы толыққанды жобалары болғандықтан, әлі де шыңдалады деген сенімдемін.

@АйжанКульмуханбетова

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған