Хюгге философиясы: бақытты болу оңай

Әлеуметтік сауалнама көрсеткендей, әлемдегі ең бақытты халық даниялықтар болып есептеледі. Олардың бақытты болу сыры неде? Көпшіліктің ойынша бұл олардың өмір сүру салтында, яғни hygge ілімін ұстануда дейді. Қазақшада тікелей баламасы жоқ бұл сөзді “жайлылық, мамыражай, рахат” деп тәржімалауға болады. Даниялықтардың бұл үрдісі несімен ерекше және бақыттырақ болуға бізге көмектесе ала ма?

Стресс — адамзаттың ең маңызды мәселелерінің біріне айналды

Шулы қала, ұзақ жұмыс уақыты, ауаның ластануы, шиеленіскен мәселелер адамның түбінде жалғыздыққа, күйзеліске ұшырауына, соңында бақытсыздыққа әкеліп жатады. Бақытты қарапайым нәрселерден іздейтін хюгге философиясы бақытсыздықтың емі ретінде таныла бастады.

Хюгге – Дания халқының бақытты болу өнері. Өздеріңіз білетіндей, Скандинавия ауа райы қолайсыз, жыл он екі ай қараңғы, мұңды және суық болып келеді. Осы сұр күндерді шуақпен сейілту үшін хюгге салты пайда болған. Кішігірім және қарапайым нәрселерге риза болу, бақытты сезіне білуді көздейтін бұл үрдіс, көп ұзамай тұтас бір аймақтың өмір сүру пәлсапасына айналды.

Бақытты болу үшін көп нәрсе керек емес

Бақыт, жақындасу, жайлылық, тыныштық… хюгге философиясы адамның өзін жақсы сезінуі үшін қуаныш сыйлайтын кішкентай нәрселерді, ыстық естеліктерді арттыруға бағыталған. Терезе алдында ыстық кофеден ұрттап қойып оқылған кітап, достармен бірге өткізген көңілді уақыт, балауыз шамдар жағылған ортада әдемі, көңілге хош музыка тыңдау және т.б. үйдегі жайлы атмосфераны сезіндіретін барлық жағдайлар хюгге болып есептеледі.

Жайлы атмосфера құрыңыз

Жанға жайлы жағымды атмосфера құру хюгге философиясында үлкен маңызға ие. Қарапайым бірақ үлкен талғаммен таңдалған жиһаздар, ыңғайлы жылы көрпе, жұмсақ жастықтар мен балауыз жарығы арқылы хюгге атмосферасын құруға болады. Есіңізде болсын, хюгге үшін қоршаған ортаны жылы әрі жағымды жасап қоймай, ол ортада өзін беймарал, бақытты және тыныш сезіну маңызды.

Хюгге философиясына негізделген 10 манифест

Данияның астанасы Копенгагенде орналасқан “Бақытты болуды зерттеу институты” хюгге философиясына қатысты 10 баптан тұратын тізімді дайындады. Төмендегі “ережелер” бұл қызықты пәлсапаның манифесті ретінде қарастырылады:

  1. Қоршаған орта, атмосфера: ыңғайлы сезінетін жайлы орын жасау.

  2. Қазіргі сәтте өмір сүру: тап қазіргі сәтте өмір сүру, әр сәттен ләззат алу, хюгге философиясының негізгі басты құралдары.

  3. Ләззат: Не жасасаң да қуана жасау, шын көңілден жасау, бір істі беріліп атқару.

  4. Теңдік: әркім тең және барлық нәрсені өзара тең, бірігіп жасау.

  5. Шүкір ету: қадірін ұғыну, ұсақ нәрселерге қуана білу.

  6. Үйлесім: қоршаған ортамен үйлесімді болу, өзімшілдіктен арылу.

  7. Жайлылық: ыңғайлы киім, ыңғайлы жиһаз, жайлы атмосфера, тыныш жүйке.

  8. Бейбітшілік, араздастыққа жол бермеу: ұрыс пен шиеленістен алыс жүру, болдырмау.

  9. Бірлесе өмір сүру: бірлескен өндіріс, ынтымақтасық, бірге бақытты сезіну.

  10. Баспана: өзіңізді қауіпсіз сезіндіретін, қатерлерден сақтайтын жайлы мекенде тұру.

Өздеріңіз байқағандай, хюгге философиясын ұстану оңай. Қоршаған ортаны жайлы етіп, өзіміз де бақытты бола түсейік.

@ЖазираТашматова

 

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған