«Иіс су – көрінбейтін, бірақ ұмытылмайтын үздік сәнді аксессуар. Ол әйелдің келгені туралы хабар беріп, ол кеткеннен кейін де оны еске түсіріп тұрады» деген екен сән әлемінің патшайымы Коко Шанель. Дұрыс таңдалған иіссу әйелге ерекше шарм сыйлайды.

Әтірдің бірнеше тамшысын жағып, кез келген образға енуге болады. Ендеше, бізге ұнайтын, мінезімізге сай келетін иіссуді қалай таңдаймыз?

Әтір түрлері

Әтір немесе парфюм (parfum) – құрамында эфир майларының қосындысы 20-30 % құрайтын, ең қымбат және иісі күшті шығатын парфюмерия түрі. Иісі адам денесінде 12 сағатқа дейін, ал киім-кешекте бірнеше күнге дейін тұрады. Әтірлер өте кішкентай құтыда шығарылып, бағасы да иіссуларға (eau de parfum) қарағанда қымбатырақ болады. Иіссудің (eau de parfum) құрамындағы эфир майларының концентрациясы 15-20 % құрайтыдықтан, иісі адам денесінде 5 сағатқа дейін тұрады да, ал киімде 2 тәулікке дейін сіңіп тұруы мүмкін. Хош иісті майлардың концентрациясы 5-15% иіссуідің де түрлері болады. Олардың қорабында Eau de Toilette деп жазылады. Мұндай әтірлердің иісі денеден 2-3 сағаттың көлемінде ұшып кетеді. Сәйкесінше, бағасы да арзан келеді.

Өз иіссуімізді қалай табамыз?

Өз иіссуіңді таңдау- бұл нағыз өнер. Иіссуді өз стильіңе және жасыңа сай, тіпті, жыл мезгіліне де қарай да дұрыс таңдай білу керек. Әтір таңдауда мынаны біліңіз: парфюмнің иісі толықтай ашылу процесі үш кезеңнен тұрады. Әтірді сепкен кездегі алғашқы өткір, мұрын жаратын хош иіс, бұл бірінші кезеңде шығатын иіс. Сәлден соң иіс өзгеріп, ашыла бастайды. Мұны орта кезеңдегі немесе негізгі иіс дейді. Орта кезеңдегі иіс- бұл әтірдің нағыз иісі. Денеде ең ұзақ тұрады. Үшінші кезеңдегі иіс, бұл өткір иістер ұшып, соңынан қалатын жеңіл, жағымды иісті айтады. Егер де осы үш кезеңдегі иістердің бәрі ұнаса, демек, бұл иіссу сіздікі деген сөз.

Иіссу таңдаудағы ережелер

Иіссуді күннің алғашқы бөлігінде барып таңдаған дұрыс. Кешке қарай мұрнымыздың иіс сезуі нашарлайды. Сондай-ақ, етеккір кезінде де әтір таңдауға асықпаған дұрыс. Әтір таңдауға барғандаүстіңізде ешқандай арты иіс болмасын, тіпті, спрей, одеколон да пайдаланбаңыз. Ешқашан әтірді көшедегі сатушылардан, алып-сатарлардан алмаңыз. Арнайы парфюм дүкендерінен немесе бөлімшелерінен сатып алыңыз. Бір барғанда төрт әтірден артық иіс иіскеуге болмайды. Одан арысына мұрын иіс ажырата алмай қалады.

Әтірді алдымен қағаз тестерге себіңіз. Бірнеше секунд күтіп, қағазды 3-4 см қашықтықта иіскеңіз. Егер иісі ұнаса, білегіңізге себіңіз де, 10 минуттай күтіңіз. Дегенмен, бұл иіссумен бір тәулік бойы жүрген дұрыс. Солай сіз оның денеңізде қалай ашылатынын байқайсыз.

Жыл мезгіліне қарай таңдау

Бір парфюмнің иісі әр жыл мезгілде әртүрлі шығады. Кейбірі жазда жүректі айнытып, басты ауыртса, кейбірі, қыста иісі сезілмей қалады.

Жазға арналған әтірлердің иісі жарқын, салқын ноталарымен ерекшеленеді. Бұл мезгілде бергамот, көк шай, теңіз бризі, балқарайдың иісі бар шөпті, гүлді, жеміс-жидекті және цитрустық топтағы әтірлерді қолданғанады. Мысалы, Chanel сән үйінің Chanel № 19, Calvin Klein-нің Eternity иіссуы, Hermes брендінің Le Jardin de Monsieur , Montale-нің Orange Flowers иіссуларын айтуға болады.

Күз мезгіліне жылы және тәтті иістерді пайдалаған дұрыс. Шипрлі, ағашты және амбралы топтағы әтірлер күзгі көңіл-күйді көтереді. Әдетте, бұл топтағы иістерге шоколад, кофе, корица, кардомон және ваниль иістері, яғни, тәтті иістер қосылады. Күздік иіссуға мына тізімнен таңдап алуыңызға болады: Prada брендінің Candy әтірі, Nina Ricci-дің Nina иіссуі, Givenchy-дің Amarige Mariage, Trussardi-дің Inside әтірі.

Қыстық иіссулар суық күнде жанды жылытып, жайлы атмосфера сыйлайды. Олардың иісі өткір, қанық және күшті болады. Өйткені, қыстыңгүні әтірдің иісі жәй шығады. Құрамына шығыстың ауыз қуыратын дәмлеуіштерінің, раушан, мускат нотасы бар иістер кіреді. Назарыңызды мына әтірлерге бұрыңыз: Guerlain-нің Eau de Cashmere, Yves Saint Laurent Opium Oriental, Nina Ricci L`Extase.

Көктемде жұпаргүл, мимоза, ақгүл және інжугүл ноталары бар нәзік және сезімтал иіссуларды себініңіз. Олардың иісі жеңіл, гүлді келеді. Сондай-ақ, шие, таңқурай, тәтті апельсиннің иісі де көктемнің шуақты ауа-райымен әдемі үйлеседі. Көктем кезінде Jo Malone брендінің Mimosa. Atelier Cologne Mimosa Indigo, Prada Candy Florale, Carolina Herrera VIP Rose, Chanel Coco Mademoiselle иіссуларына назар бұрсаңыз болады.

Жасқа қарай иіссу таңдау

Сәтсіз таңдалған әтір егесін қартайтып немесе ерсі көрсетуі мүмкін. Егде жастағы әйелдерге шипрлі иістер жарасып, сәнін ашады. Барлығының көңілінен шығатын шипірлі әтірлерден мына әтірлерді таңдасаңыз қателеспейсіз: CHANEL № 19, Mitsouko Guerlain, Aromatics Elixir Clinique, Eau du Soir от Sisley, Bandit от Robert Piguet, Ricci Ricci Nina Ricci и Gucci by Gucci Eau de Toilette».

Ал, жас қыздарға құрамында жеміс-жидек, цитрус және гүл ноталары бар жеңіл, балғын иісті иіссулар жарасады. Кейбір әтірлерлен нәзіктік пен батылдықтың иісі қатар шығады. Бұл жас, бірақ мінезі тік қыздарға арналған. Жас қыздарға арналған мына парфюмдар Escada Lily Chic, Bright Crystal от Versace, Mademoiselle Chanel, Baby Doll от Yves Saint Laurent, Flora by Gucci Eau Fraiche және Марк Жакобстың Daisy Eau So Fresh Sunshine әтірлері нағыз жас бикештерге арналған.

Бұл парфюм таңдауда тек негізгі кеңестер ғана болатын. Стилистер мен консультантар не демесін, ең бастысы, өзіңізге ұнайтын иіссуді таңдаңыз. Сізді қандай иіс бақытты ететінін тек өзіңіз ғана білесіз.

16qyz.kz үшін арнайы Райхан Акимбаева

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған