Инара Исраилқызы, хейр-стилист: Кез келген шаш үлгісі тек күтім көрген, сау шашқа ғана әдемі тұрады

«Шаш – әйелдің көркі мен қуаты» дейді дана халық. Бүгінде қос бұрымын желбіретіп жүрген шашбаулы аруларды сирек кездестіреміз, десе де заманға сай шаш күтімін қадағалап, сәннен қалыспайтын аруларымыз жеткілікті. Инара Исраилқызы сол арулардың сиқыршысы десе болады. Хейр-стилист Инара ханыммен сұхбат жүргізіп, шаш күтімі мен шаш үлгілері туралы кеңірек сұрап білген едік.

16qyz: Инара Исраилқызы, көп жылдық тәжірибеңізге сүйеніп айтсаңыз, біздің елде қандай шаш үлгісі көп сұранысқа ие?

-Кез келген шаш үлгісі тек күтім көрген, сау шашқа ғана әдемі көрінеді. Шаштың қуаты, түсі және жалтырап тұруы өте маңызды. Жас-кәрі демей, барлық жастағы әйелдер қауымының стилі динамикалық және жеңіл шаш үлгілері. Мұндай шаш үлгілері адамның күш-қуаты мен табиғилығын көрсетеді. Әсіресе каре, каскад, қысқа, орта, ұзын сондай-ақ ассиметриялық шаштарға арналған үлгілер сұранысқа ие.

16qyz: Неліктен қазақстандықтар шаштарын сіз айтқан шаш үлгілеріне қиғылары келеді?

– Каре ешқашан сәннен түспейді. Көптеген креативті және ерекше шаш үлгілері каренің негізінде туындаған. Оның түрлі үлгілері бар: ұшы тегіс каре, ассиметриялы, градуировкалы каре, кекілмен және кекілсіз, тегіс шашқа арналған каре, боб каре, немесе желке тұсы қырылған каре. Ал ұзындығына келер болсақ, адамның бет пішініне қарай әр түрлі ұзындықты таңдап, шашты кесуге болады.

Каскадты шаш үлгісін де көптеген қыз-келіншектер жақсы көреді. Бұл шаш үлгісі кез келген бет пішінінің кемшіліктерін жасырып, шашты қалыңдатып көрсетеді.

Ассиметриялық шаш үлгісіне келер болсақ, ол дөңгелек жүзді адамның бет-пішінін жинақы етіп көрсетеді, сонымен бірге толықша келген әйелдерге өте жақсы жарасады. Қысқа шаштыларға сырт-келбетінің артықшылықтарын көрсететін әр түрлі батыл образдар жасап шығаруға болады. Ал иыққа түсіп тұратын ұзын шаштар әдемі әрі ыңғайлы болып келеді.

16qyz: Дәл өзіңе құйып қойғандай болатын, жарасымды шаш үлгісін қалай табуға болады?

-Сәнді шаш үлгілерінің түрі өте көп. Олардың әр түрлі болғаны сондай, мен сізге нағыз өз ісінің шеберіне барыңыз дер едім. Тәжірибелі стилист әрқашан сізге, сіздің образыңызға, шашыңыздың ерекшелігі мен түр-келбетіңізге қарай лайықты шаш үлгісін таңдап бере алады.

16qyz: Белгілі бір шаш үлгісіне арнайы күтім бола ма?

-Кез келген шаш үлгісі белгілі бір ерекше күтімді талап етеді. Кей адамдарға шаштарының құрылымына арнайы таңдалған сусабындармен уақытылы жуып, өздігінен кебуіне мүмкіндік бергеннің өзі жеткілікті болады. Фенмен үнемі шаш кептіру зиян екенін де айта кетейін.

16qyz: Қандай шаш үлгісі ерекше күтімді талап ететіндігін айтасыз ба?

-Мысалы кареге тегіс шаш үлгісін таңдаған жөн. Бірақ егер осы үлгіде шаш кесілген болса көлемді, қобырап тұратын шаш үлгілері жақсы үйлеседі. Ол үшін шашқа көлем беретін сусабын мен бальзам пайдаланған жөн. Сосын феннің жылы ауа беретін бағдарламасына қосып, шашты кептірген дұрыс.

16qyz: Шаштың қандай түрлері болады және оларға қандай күтім қажет?

Шашқа дұрыс күтім жасау үшін қандай шаш түріне жататынын анықтап алған дұрыс. Шаштың бірнеше түрі бар: егер шаш жуғаннан кейін 1-2 күннің ішінде  майланып кетсе, онда ол майлы шаштарға жатады. Ал еген шашыңыз жуғаннан кейін бірнеше күн бойы майланбай, жылтырап, электр тоғын жинамай, біркелкі, әдемі болып тұрса, ондай шаш қалыпты шаш болып есептеледі. Егер шаштың өңі кетіп, құрғап, ұйысып, жақсы таралмаса, онда ол құрғақ шаштың белгілері. Ал аралас типтегі шаштардың түбі майлануға, ал ұшы құрғап, ұштануға бейім келеді.

Кез келген шаш түрі дұрыс күтім көрген жағдайда ғана әдемі көрінеді.

Шашты уақытылы жуып отыру шаш күтімінің негізі болып есептеледі. Мен ең алдымен сізге өз шашыңыздың типіне арналған сусабынды ғана пайдаланыңыз деп кеңес берер едім.

Майлы шашты ыстық сумен жуып, ыстық ауамен кептірген зиян.

Құрғақ шашқа құнарландырғыш маска жасап тұрған абзал. Сондай-ақ бастың қан айналымы мен май бездерінің жұмысын жақсарту үшін басыңызға массаж жасатып тұрыңыз.

Аралас типтегі шаштарға шаштың түбінің майланғанына қарсы арнайы сұйықтықтар пайдаланып, ал ұшын маска жағу арқылы қалыпқа келтіріңіз. Егер сіз өз шашыңызға сәйкес келетін сусабын таңдауға қиналсаңыз, онда өз шеберіңізбен ақылдасыңыз немес трихолог дәрігерге барыңыз.

16qyz: Шаш қиғызуға кім көбірек келеді? Әйелдер ме, әлде ерлер ме?

Бұл сұрағыңызға жауап беру қиын. Себебі өзін-өзі күтетін адамдардың саны күннен күнге артып келе жатқандықтан қазір сән индустриясы қарқынмен дамып жатыр. Қазіргі кезде әйелдер сияқты ерлер де сұлулық салондарына уақытылы барып, шаштарын қиғызып, басқа да күтімдер жасатып жатады.

16qyz: Ерлер мен әйелдердің шаш күтімінде айырмашылық бар ма?

Негізі әйелдер мен ерлердің шашының табиғаты бірдей. Бірақ құрылымында айырмашылық бар. Ер адамдардың  шашы қатты, қайратты, жуан болып келеді. Ерлердің бас терісі де әйелдердікіре қарағанада қалыңдау. Ерлердің шаштарына сыртқы факторлар көбірек әсер етіді: суық, ыстық, ауа райының өзгерісі, хлорлы немесе тұзды су. Көпбіне шаш мәселесі әйелдерден көрі ер азаматтарда көбірек болады. 25-35 жастарға келгенде ерлердің 80%-ға жуығы шаштарының сиреп бара жатқанын байқап, қапаланып жатады. Ерлер шаштарына дұрыс күтім жасау үшін дұрыс сусабын таңдауы маңызды. Ерлер сусабын таңдағанда шаштары әйелдердікі сияқты құрғап кетпегенін ескерсін, себебі олар әйелдер сияқты шаштарын бояп, фенмен көп кептірмейді. Сондықтан да ер азаматтарға дымқылдандыратын және нәрлендіретін сусабындар жарамайды. Сонымен қатар, әлбетте боялған шаштарға арналған сусабындар пайдаланбауы керек. Ең дұрысы оларға күнделікті пайдалануға жарайтын сусабын түрлерін пайдаланған жөн. Мұндай сусабындардың құрамында теріге жұмсақ тазартқыш заттар бар, сондықтан да мұндай сусабындар шашты мұқият тазартып, зақымдамайды. Ер адамдарға 3-4 апта сайын шаш қидырып отыру керек. Оль шаштың қалыңдауына септігін тигізеді.

Сұхбатыңызға рахмет!

@Балжан Жеңісқызы

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған