Инстаграмда алғашқы 1000 оқырманды қалай жинауға болады?

Бүгінгі таңда инстаграм әлеуметтік желісінде жазылушылар санын арттыру оңай шаруа емес. Дәл қазір сізде мыңға жетпейтін оқырман бар шығар. Оның 80 пайызын туған-туыс пен басқа да таныстарыңыз құрайды. Бірақ сіздің блогыңызға жаңа оқырман керек пе? Оларды қалай жинайсыз? Инстаграмда 44 мың «тірі» оқырманы бар блогер ретінде алғашқы 1000 оқырманды жинау үшін төмендегі әдістерді ұсынамын.

1. Сізге таныс та шығар, массфоловинг деген әдіс бар. Мұны шамамен 5 мың теңге көлемінде сатып алуға болады. Адам санына қарай бағасы да өседі. Сізге уәде етілгендей оқырман келеді. Бірақ олар «тірі» емес. Сіздің жазбаңызға пікір қалдырмайды, лайк баспайды. Ол парақшаларды арнайы адам жүргізбейді. Жәй ғана сізде оқырман санын көбейтіп отырады, болды.

2. Тек лайктар санын көбейтіп беретін де ақылы әдіс бар. Оны қолдансаңыз суретіңізге көбірек лайк жинайсыз. Лайк көп басылған сайын танымал бөліміне шығасыз. Сізге жаңадан оқырман келеді. Бірақ олар да «тірі» емес.

3. Парақшада үнемі тіршілік қайнап жатуы үшін сізге нағыз оқырман керек. Оқырман тарту үшін фото мен контентті түзеуіңіз керек. Екеуі бір-біріне үйлесіп тұрса парақшаңызға деген қызығушылық арта бастайды.

4. Парақшаңыз жаңа оқырманға дайын болса жазылушысы көп парақшалардың әр жазбасына пікір жазып отырсаңыз болады. Солай көзге түсесіз. Қандай бағытта жазатыныңызды қысқаша баяндап, пікір қалдырсаңыз болады.

5. Кезектес пиар әдісі де біраз оқырман әкеледі. Ол қалай? Енді жазуды бастап жүрген өзіңіз секілді блогерге тегін жарнама жасауын өтініңіз. Сіз де оны жарнамалаңыз. Сол арқылы оқырман алмасасыздар.

6. Парақшада өткізілетін түрлі конкурстар да жаңа оқырманға жол ашады. Байқау шарты бойынша әдейі репост жасауын, пікір ретінде достарын белгілеуді өтінесіз. Осы әдіспен жаңа оқырман сіздің парақшаңызға тап болады.

7. Оқырманы көп танымал адамдарға ақылы жарнама ұсынуға болады. Ақысын төлейсіз, сіздің блогыңызды таныстырып өз аудиториясына ұсынады. Осындай әдіспен көбірек оқырман келеді.

8. Жұлдыздар ұйымдастыратын атаулы гивтерге қатыссаңыз да оқырман жинайсыз. Тек келген оқырман байқау аяқталғаннан кейін қайта шығып кетпесін десеңіз, парақшаңыздағы өмір қайнап жатуы керек. Әлдебір дүниемен қызықтырып, келген «қонақтарды» ұстап қалатындай сиқырлы да, сүйкімді парақшаңыз болуы керек.

9. Таргет тәсілімен де жарнама жариялап, өз блогыңызды көптің көз алдына шығарып қоюыңызға болады. Ол үшін де тиын аямауыңыз керек.

10. Бірақ бірден оқырман жинауға кіріспеңіз. Алдымен парақшаңызды түзеңіз. Сонда жұрт өзі-ақ тауып келеді.

Ақерке Әбілхан

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған