«Интернет бұзғыш Ральф» тек балаларға ғана арналмаған

Соңғы кезде кинотеатрларда «Интернет бұзғыш Ральф» атты жаңа мульфтильм көрсетіліп жатыр. Ерекшелігі, қазақша дубляждалған. Өкінішке қарай, қазақ тіліндегі сеанс өте аз және көп жағдайда қолайсыз уақытқа қойылады. Дегенмен, қазақ тілінде көруге қатты ниеттенгендіктен, уақыт тауып туралап бардық.

Бұған дейін бұл мультфильмнің бірінші бөлімі 2012 жылы шыққан болатын. Онда баяғы ойын автоматтарында ойналатын ойын кейіпкерлерінің автомат сөнгеннен кейінгі өмірі туралы баяндалады. Ерекше сюжет, иә? Алғашқы бөлімінде Ральф ойында үй бұзғыш жауыз кейіпкер саналса, ойын біткеннен кейін ол жүрегі жұмсақ жанға айналатын. Солай ол өзінің досы Ванилопамен танысады. Мультфильмнің жалғасында Ральф пен Ванилопаның достығы нығая түскен, алайда олардың достығы тағы бір сынақтан өткелі тұр.

Мультипликаторлардың қиялы мен еңбегіне тік тұрып қол шапалақтау керек шығар. Интернет туралы жаңа өсіп келе жатқан балаға түсінікті әрі қызықты етіп көрсете білген. Мысалы, лайк жинау, алгоритмнің жұмысы, іздеу жүйесінің қызықтары, ескертпелердің келуі керемет көрсетілген. Атақты google, facebook, ebay, спам, вирус, ойындар бәрі-бәрі қамтылған. Әзілдері де жақсы. Иә, әзілдері сондай «ақылды» емес, нағыз бала көрермендерге арналған. Дегенмен, мына біз ересектер де кейбір әзілдеріне күліп жаттық. Орысшасын көргенде нендей әсерде болатынымызды білмедім, бірақ қазақша тамаша дыбысталыпты. Осылай қазақ тілді дубляж дами берсе, көрермен ағылып қазақша аударылған фильмдерді көретін болады-ау.

Мультфильмді тек балаларға ғана арналған деуге болмайды, ересекке де ой салар диалогтар мен көріністер бар. Әркім өзіне керек тақырыпта ой түйеді деп ойлаймын. Мысалы, менің түсінуімше адам бойындағы қызғаншақтық, эгоизм және т.б. жаман мінез болса, адамның бойында ақау пайда болып, вирус тәрізді өзгелерге зиян келтіре бастайды. Алайда, соны түсініп, кешірім мен махаббатты таңдасақ, ақау өздігінен жойылатынын әдемі-ақ ұғындырған.

Білесіз бе, мұнда сіз Walt Disney Animation Studios, Pixar, Marvel және Lucasfilm студияларының кейіпкерлерін бір мультфильмде кездестіре аласыз. Сонымен қатар, Диснейлік барлық ханшайымдар бірге түскен бірінші анимациялық толықметражды фильм болып тұр.

Қысқасы, көруге тұрарлық тамаша туынды шыққан. Тек бір минусы саундтректің әлсіздігі. Қалғанының бәрі орнында. Сюжеті қызық, суреттері жарқын, көп позитив эмоция сыйлайтын мульт.

Арнайы 16qyz.kz үшін Райхан Әкімбаева

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған