Қаракүзеннен жасалған тонды қалай күтіп ұстау керек?

Қаракүзеннен жасалған тон – сәннен қалмайтын классикалық қыстық киім. Алайда аң терісінен жасалғандықтан, сыртқы көрінісін жоғалтпас үшін оған қалай күтім жасау керектігін білген абзал. Тонды дұрыс кию, тазалау, жаз кезінде дұрыстап консервация жасау қажет. Қаракүзеннен жасалған тонды күтіп кисеңіз он жылға дейін өңін бермейді. Оны жаңадан сатып алғандай етіп ұстап тұру үшін бірнеше кеңес ұсынамыз.

Тон сатып аларда неге мән беру керек?

· Егер тон сатып алатын болсаңыз, оның боялған, боялмаған екендігіне назар аударыңыз. Астарын қараңыз, боялған болса астардың да түсі өзгереді.

· Жоғары сапалы тон ұсақ қырқылған теріден тігілмейді. Тігісі өте жақсы болуы тиіс. Егер аң терісі созылатын болса, уақыт өте келе тонның арасында тесіктер пайда болып, созылып кетеді.

· Ескіре бастаған тон түсін өзгертетінін ескеріп, сатып алар кезде бір түстісін таңдауға мән беріңіз.

Тонды қалай күту керек?

· Тонды ең алдымен шаң болып қалатын ілгішке ілмеу керек.

· Аң терісі ылғалды ұнатпайды.

· Тонды жаңбыр жауып тұрған күндері киіп шығуға болмайды. Оны кептіру үшін батареяға жақындатсаңыз құртылады. Фенмен де кептіруге болмайды. Су болып қалған тонды киім ілгішке іліп, құрғақ жерге қою керек.

· Ең бірінші тонның қалтасы, иығы, жең бүкпесі кете бастайды. Сол үшін тонмен иыққа сөмке асынбауға тырысыңыз. Көлікке мінер кезде тонды артқы орындыққа мұқият бүктеп қойғаныңыз жөн. Қаракүзен тоны жалпы өте жұқа, сол себепті оны абайлап кимесеңіз жыртылып қалуы мүмкін.

· Тоныңызды адамдар топырлаған жерге киіп бармаңыз. Автобуста соңғы орындық жақтағы ыстық двигательден алыстау тұрыңыз. Көліктің түтінінен абай болыңыз, иісі сіңіп қалады.

· Жаздыгүні тонды желдетіп алу үшін көшеге жаюға болмайды, өйткені, табиғи түсін жоғалтады.

· Жылы мезгілде аң терісін арнайы киім қаптамасына салып, жасырып қою керек. Жылына екі рет химиялық тазартудан өткізіңіз. Тонды киер кезде мойынға орамал таққан дұрыс. Әйтпесе иіс су, тер, тағы басқа косметикалар тонға жағылып кетуі мүмкін.

· Тоныңызды «әжелер» айтқан әдіспен тазалауға болмайды.

· Аң терісі ерекше күтімді қажет етеді. Ілгіштің иығы жұмсақ, кең болуы тиіс. Оны басқа киімдермен сығылыстырып ілмей, ауа кіріп тұру үшін сәл бостау етіп қою керек.

· Тонды қараңғы жерде сақтайды, күн көзіне тисе тез ескіреді. Аязды күндері тонды желдетіп алу үшін балконға іліп қоюға болады.

· Тоныңызға қара күйе түспес үшін арнайы таблетка сатып алыңыз. Егер тоныңыздың қылшығы ұзын болса айына бір рет тарап тұру қажет.

@ЖансаяСыдықбай

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған