Кілем сатып аларда неге мән берген жөн?

Кілем – үйге жайлылық сыйлайтын бұйым. Кей кезде дұрыс таңдалмаған кілем бөлменің өңін ашпай тұрады. 16 қыз бүгін кілем әлеміне саяхат жасамақ. Бізбен бірге жүріңіз.

Көбіміз бір-біріне ұқсайтын кілемдерді көтерме бағамен сатып алып, бөлме-бөлмеге төсей саламыз. Негізі жатын бөлмеге ұзын түкті кілем ыңғайлы, ұйқыдан тұрған уақытта жалаңаяқ жылы әрі жұмсақ кілемді бассаңыз, өзіңізге жайлы болмақ. Ал балалар бөлмесіне бала ойнап отырып кілемді әрі-бері жылжытып, суық еденге отырып қалмас үшін еденді түгел жауып тұратын кілем таңдағаныңыз жөн. Ұзын түкті кілемді балалар бөлмесіне төсеу құпталмайды. Өйткені ойыншық бөлшектері, жеңіл-желпі тамақ арасына жасырынып қалуы мүмкін. Мұндай кілемді сыпыру да оңай емес екенін білеміз. Ал асүйге өте жұқа, оңай сыпырылатын кілем таңдаған дұрыс. Және кілем ас ішетін үстелдің сыртына кем дегенде 60-70 сантиметрге шығып тұруы керек.

Қонақ бөлмесіне көбіне қалың кілем төсейді.

Кілемнің түсі жайында айтар болсақ, өзіңізге ұнайтын бір түсті таңдаңыз. Мысалы, кілеміңізде қызыл түс басым болса, қызыл түсі бар жастық, қызыл түсті гүл отырғызатын ыдыс сияқты нәрселерді қоюыңызға болады.

Егер өрнегі бар кілемді көңіліңіз қаласа, оны терезе жабындысындағы өрнекпен сәйкестендіріп таңдауға болады.

Кілем сатып алуға барғанда ескеруіңіз тиіс маңызды нәрсені ұмытып барады екенбіз. Ол не десеңіз, ол – кілемнің құрамы және көлемі. Материалдың табиғилығын саусағыңызбен ұстап көргеніңізде анық байқайсыз. Табиғи материалдан жасалған кілем өте әдемі, қымбат көрінеді. Бұндай кілемнің бір кемшілігі – шаң-тозаңды өзіне тез тартып алады, жәндіктер де бұндай кілемге жабыса кетеді.

Синтетикалық кілемнің бағасы қолайлы әрі түр-түрі бар. Тез жуылғанымен, тез тозатыны тағы бар.

Ең тиімдісі – қолдан жасалған немесе аралас материалдан тігілген кілем.

Және кілем алуға аттанғанда бөлмеңізді метр өлшейтін құралмен өлшеп алыңыз. Бөлмені ғана емес, диван, үстел сияқты заттарды ескергеніңіз жөн.

Ашық түсті кілем сүйкімді көрінгенімен, күнделікті тұрмыста тез кірлейді. Оның үстіне жуған сайын өңін жоғалтатыны да бар.

Бірақ ашық түс бөлмені визуалды түрде кең етіп көрсететінін ұмытпайық. Бұл алтын ереже кілемге де қатысты. Біртүсті кілем кішкентай бөлмені одан әрі тар етіп көрсетеді. Шағын бөлмеге ірі сурет салынған кілем төсеудің қажеті жоқ. Ірі суреті бар кілемнің ажары кең бөлмеге төселгенде ғана ашылады.

Сатып алайын деп тұрған кілеміңізді жерге немесе үстелге төсеп көргеніңіздің ешқандай сөлекеттігі жоқ, ілініп тұрған кілем мен жерге төселген кілемнің айырмашылығы бар. Одан бөлек, кілем бағасы да бөлмеңізге сәйкес келетін-келмейтінінің кепілі бола алмайды. Кейде арзан кілемдер бөлмеңізді құлпыртып жібереді.

Айтпақшы, асүй ханшайымдары, өздеріңіздің денсаулықтарыңыз бен жайлылықтарыңыз үшін тамақ жасап, ыдыс жуатын орынға да әдемі кілем төсеп алыңыз.

@МейіргүлОңғарова

Сурет homester.com.ua сайтынан алынды

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған