Көктемде денсаулық пен энергия үшін қандай дәрумендер қажет?

Көңіл-күйіңіздің түсіп кетуі, сырқаттанып әлсіздік таныту, апатия, ұйқышылдық – көктемгі дәруменнің тапшылық белгісі екені баршамызға таныс. Дәл осы жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағында дәрумендер сіздің ағзаңызға көмекке келеді.

Қыс мезгілінен екінші маусым көктемге ауысар сәтте кейбір микроэлементтер немесе дәрумендердің жетіспеушілігі байқалады. Жазда жеміс-жидектер мен көкөністердің көптігі көмекке келсе, көктемнің бастапқы айларында табиғат жаңадан піскен жемістерді ұсына алмайды. Сол себепті адамдар жасанды қоспаларды тұтынуға мәжбүр. Сонымен, көктемде иммунитетті көтеріп, әлсіздіктің алдын алу үшін қандай дәрумендер қажет?

Дәрумен тапшылығының сипмтомы

Көктемде қандай дәрумен ішу керектігін білу үшін алдымен сізге қандай дәрумен жетіспейтінін денсаулығыңыздың жағдайына және сыртқы көрінісіңізге қарап анықтау қажет. Адамға көбіне А, С, Д, Е және В тобындағы витаминдер жетіспейді. Ол қалай білінеді?

А витамині тапшы болса

А витамині жетіспейтінін білу оңай, оның пайда болуын «соқыр тауық» деп атайды. Бұл витаминнің жетіспеуін шаштың, тырнақтың сынғыштығы мен терінің құрғақтығынан білуге болады. А витамині ағзадағы ең маңызды витаминнің бірі. Ол иммундық жүйені күшейтеді, тыныс жолдары мен асқазан ішек трактасының инфекциядан жарақаттануын сақтайды. Ол тапшы болған жағдайда құрғақ, тері түлейді, тәбет төмендеп, шектен тыс ашушаңдық пайда болады, буындар ауырады, жоғары тыныс алу жолдарының иммунитеті төмендейді. Қараңғыда көру нашарлайды.

С антиоксидантының тапшылығы

Қантамырлар жарыла бастайды, денеңізді сәл ғана бір жерге ұрып алсаңыз немесе суық тигізіп алсаңыз теріңізде көгерген жерлер пайда болады.

Д витаминінің тапшылығы

Сүйектің әлсізденуіне алып келеді, себебі Д витаминінсіз ағза кальцийді сіңіре алмайды. Оның жетіспеуі әсіресе балаларға қауіпті, себебі оның соңы рахит сынды ауруларға әкеліп соғады. Д элементінің тапшылығы күн сәулесінің жетіспеуінен де қалыптасады.

Е витамині тапшылығы

Терінің созылмалы екендігін төмендетеді, әжім түсіп, жараның тез жазылуына кедергі келтіреді.

В тобының нутриенті

В тобының витамині ағзаның барлық қызмет түріне жуап береді. В1 жүйке жүйесі мен жүректің саулығына жауапты. В1 витаминінің тапшылығында бұлшықеттер ауырады, тәбет жоғалып, ас қорыту бұзылады, шаршаңқы, ұйқысыздық басады. Тітіркенгіштік пен сезімталдық күшейеді, салмақ азайып, есте сақтау қабілеті төмендеп, жыныстық қарым-қатынасқа қызығушылығы баяулайды.

В2 жетіспеген жағдайда жарылулар мен мұрын мен ауыздың шырышты қабатында жаралар пайда болады. В5 витаминінің тапшылығы депрессияға алып келеді. Көру органында өзгерістер орнайды.

В6 ішек жолдарын реттейді. Бұл дәруменнің аздығы терінің бөртіп, түлеуіне алып келеді.

В12 жоқтығы анемияны туындатып, асқазан-ішек жолдарының бұзылуына апарады. Аяқ-қолдың жансызданып қалуына ықпал етеді.

В тобының соңғы өкілі В9 немесе фолий қышқылы жүйке жүйесіне жауапты. Оның ерекшелігі, адамның ағзасынан тез шығып кетеді, әсіресе шылым шегіп, алкоголь ішетін, жиі ашуланатын адамдарда бұл дәрумен ағзаға сіңбейді. Бұл көктемде қажет негізгі витаминдер.

Өзіңізге қандай витамин қоспалары пайдалы болатынын анықтау үшін алдымен қан талдауын жасатып, кешенді витаминдер таңдауыңыз қажет. Сондай-ақ, тамақтану тепе теңдігін де ұмытпаңыз.  Тамақтану рационыңызға тоңдырылған жеміс-жидектер енгізіңіз. Мұз боп қатырылған жеміс-жидектерде олардың 70 пайыз витамині сақталады. Сарымсақ пен пиязды да ұмыт қалдырмаңыз. Сондай-ақ, көктем мезгілінде алма, құрғақ жемістер, жаңғақ өте пайдалы.

Витамин қабылдар кезде нені білу қажет?

С витаминін ағзсында тұзы көп адамдар абайлап қолдануы керек. С витамині тапшылығында қан кетеді, тәбет бұзылады, тіс қанау, анемия, диарея, іш қату, зейінді бір жерге шоғырландыра алмау, шаршау, инфекцияны оңай жұқтырып алатын болады. С витаминінің жетіспеуі де депрессияға алып келеді. Анемия кезінде темір препаратын аскорбин қышқылымен қабылдаған дұрыс.

Е және А витамині бір-бірінің сіңуін жақсартады Одан басқа аталған екі зат та майды ерітетін қасиетке ие, сол себепті оны қабылдар кезде майлы қаймақ, сүт, немесе маймен қабылдаған жөн.

Кальцийді тек D витаминімен бірге қабылдау керек. Кальций тіс пен сүйекте болады. Кальцийдің тапшылығы спазма, ауырсыну, дененің жансызданып қалуы, жүрек соғысының баяулауынан білінеді Оның азайғанын тістегі ақаудан, ұйқының бұзылуынан біле аласыз. Ең қауіптісі сүйектің жиі сынып, тістің түсуінен де білуге болады.

Қысқасы, витамин қоспаларды өзіңізге қайсысы лайық келеді, соған тоқталған дұрыс. Көктемге дайындықты қыс айының соңында бастау керек. Дәрігерлер «Аевита» қорабындағы витаминдерден бастауды ұсынады. Сонымен қатар, балық майы мен жартылай дәрумендер қабылдауға көшкен дұрыс дейді дәрігерлер.

Әйелдер көктемде қандай дәрумен ішкені дұрыс?

Денсаулық пен сұлулықты ұстап тұру үшін әйелдер А және Е кешенді витаминдерін ішкені дұрыс.

Токоферол (Е) жатыр жұмысын жақсартып, ана мен болашақ баланы алдын ала түрлі ақаулардан (дефект) сақтайды, иммунитетті күшейтіп, ағзадағы артық қалдықтар мен улы заттарды шығарып тастайды. А витамині теріні нәрлендіріп, жұмсартады, эластин мен коллагенді жетілдіре түседі, шаштың түсін жарқыратып, тырнақты қатайтады.
Ағзадағы магнийдің тапшылық белгісі.

Ол сүйек, бұлшықетте, жұмсақ тінде болады. Орталық жүйке жүйесі, қантамыр, сүйек-буындардың жұмысына ықпал етеді. Егер магний тапшы болса бас айналу, нервоз, есінен танып қалу, жүрек соғысының бұзылуы, қан ұйып қалу, жүрек тұсының ауруы, ұйқының бұзылуы, талып қалу, шаршау, тыныс алудың қиындап, арқаның ауруы, сүйектің сынғыштығы, көрудің нашарлауы, тырнақта ақ дақтың пайда болуы, етекірдің келу реттілігі бұзылады.

Темір – қандағы эритроциттерге жүректің жұмысына, гормонның балансына әсер етеді. Оның 70 пайыз қоры біздің гемоглобинде орналасқан. Гемоглобин ағза клеткаларына кислород жеткізіп тұрады. Ал көмірқышқыл газын өкпеге жеткізеді. Темір тапшы жағдайда үнемі шаршаңқы, теріңіз бозарып, көзіңіздің асты көгеріп тұрады. Теріңіз құрғап, тамақ, ауыз қуысы ауырады, бірнәрсеге назар аударуыңыз әлсіреп, есте сақтау қабілетіңіз нашарлайды.

Әйелдің жасы қаншаға келсе де оның ағзасы әрдайым күтініп ұстауды қажет етеді. Сондықтан өз денсаулығыңызды қажетті витаминдер кешенімен күшейтуді ұмытпаңыз.
Көріп тұрғаныңыздай витаминдер тапшылығының соңы, кейде ауыр жағдайларға соқтыруы мүмкін. Оның алдын алу үшін диета ұстау керек. Егер ағзаңызда дәрумен тапшылығы барынан сезіктенсеңіз, дәрігерге барып, кеңес алуды кешіктірмеңіз. Дәрігер қан талдамасынан кейін ем тағайындайды.

Құрметті, оқырман, бұл тек ұсыныстар ғана, кез келген дәріні қабылдар кезде алдымен дәрігеріңізбен кеңесіп алғаныңыз жөн.

Ж.ПЕРДЕБЕК

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған