Тұтқаны көтеріп «Сізді тыңдап тұрмын» деген кезде ғажап дауысты естідім.

Ол бірден «Иә, саламатсыз ба, Полина, бұл мен, әріптесім хабарласып, маған сіз туралы айтты. Иә, иә, …маған сейсенбі күн ыңғайлы». Кенет бейтаныс дауыстан біртүрлі толқып кеттім. Даусы сондай тұнық, нәзік, жылы. Маған енді оның иесі қандай екен деген ой қызық бола бастады.

Ол маған сейсенбі күні кешкісін, ең соңғы пациент болып келді. Бірінші кездесуде оған екі сағат терапиялық уақыт арнадым. Полина. Әдемі есім. Орта бойлы, бойы шамамен 166 см-дей, сымбатты, сұңғақ, бірақ жасы белгісіз. Ол кірді де отырды, сосын сөйлей бастады. Мен тағы да оның дауыс ырғағына арбалып отырғанымды сездім.

Ол өзін тағы да таныстырды – Полинамын, сізге хабарласқан едім ғой.
– Иә, – дедім басымды изеп. Оның бұрын психолог-психотерапевтерге барған-бармағанын анықтап, кездесудің қалай өтетіндігін айттым. Полина кішкене босаңсыды да, маған бірнеше сұрақ қойып, арасында әзілдеп те алды. Енді кірісуге болады.

– Сонымен Полина, сізді маған не жетелеп келді? – деп сұрадым. Оның даусы ән салып тұрғандай, жай ғана сиқырлы даусымен:

– Менің келу себебім, таңдау жасау керек болып тұр.
Басымнан түрлі ойлар жүгіріп өтті. Жалпы таңдау – күрделі экзистенциалды категория. Ұлым айтқандай парадоксты жақсы көрушілер: біз таңдау жасадық деп ойлаймыз – ал шындығында сол таңдау бізді жасайды… Қызық, ол сонда не таңдау жасамақшы? Осындай ойды қуалап отырып, оған сұрақ қойдым:

– Айтыңыз, қандай таңдау жасағалы тұрсыз?

– Иә, Наталья, бәрін айтамын, бірақ ретімен айтып шықсам бола ма?

– Әрине, Полина, тыңдауға дайынмын.

Ол әңгімесін бастады. Мен оған ұрланып қарап қойып отырмын. Әдемі де нәзік саусақтары, ерекше стильмен қиылып, боялған шашы, танадай көзі, жасанды кірпік жабыстырып алса да бәрі-бәрі жарасып, табиғи көрініп тұр. Былайша айтқанда, өте әдемі!
Ал әңгімесі сол әрбір психологқа таныс жайт, көңіліне қаяу түсірген сәттер.

Полина – көңілдес. Көпжылдық өтілі бар. Тіпті оны құрметті көңілдес деуге болмаса да, еңбегі сіңген деуге болады.

Қазір оның жасы 35-те. Көңілдес болғанына – 16 жыл. Аз уақыт емес!

Осы уақыт аралығында ол екі жоғары білім, шетел университетінің дәрежесін алған, төрт тіл біледі, бірнеше бизнес-жобаларды ұйымдастырып, оны сәтті түрде жүзеге асырған. Осының бәрін Полина айтып шыққан кезде оның көзі жайнап кетті. Ал мен оның әуезді даусына тамсанамын деп сұрақ қоюды да ұмытып кеттім…

Әңгімесін тыңдай отырып генограмма құрып үлгердім – жылу бермеген суық ана, үнемі басқа жақта жүретін әке, жанына жалғыз жақын бір ғана адамы – әжесі болған. Ол әжесі ақылды, мейірімді, немересін жақсы көретін, күйеуін жоғалтқан әже. Жоғалтқанда да, атасы әжесін тастап, көңілдесіне кетіп қалған… Ең қарапайым логика және түсіндірмесі де оңай. Полина өзге еркекті отбасынан «тартып алмайды», Эдип комплексі ситуациясындағыдай  – үшінші адамды құтқарып тұр, ол көңілдесінің әйелі, яғни әжесінің өмірін қайталап тұр.

Бірақ мұның бәрі де менің ойым, ол бәлкім көмектеспеуі де мүмкін. Сондықтан, ештеңе айтпастан, тыңдадым, жазып алдым, бірге қайғырып, таңырқап та отырдым. Сосын кездесу уақытын келістік. Ол кеткен соң оның тарихына тереңдей бастадым.

Маған Полина келгеннен СОЛ туралы айтумен болды. СОЛ ғана оны жылдар бойы қолдап келген. Сол ғана мұның аяқтан тұрып, бизнесін дамытуға, шетелден грант алып тәжірибеден өтіп, сол жақтан докторантураны бітіріп келуіне көмектескен. Ол – өте ұқыпты, білімді, ақылды, сымбатты. Алайда, мұның артында «бірақ» деген нәрсе тұр.
Ол үйленген. Полина оны кездестіргенде оның үш кішкентай баласы болған. Өзінен 17 жас үлкен.

Ол әйелімен, балаларымен, туған-туыстарымен қарым-қатынасын қатты бағалайды және оны бұзуға дайын емес.

Ол ешқашан ажыраспайды.

Ол Полина үшін бәрін жасай алады, бірақ бала тууына қарсы және оны ресми мойындауға дайын емес.

Онымен қарым-қатынасы бұған көп ауыртпалық әкелген. Аяқ астынан үйіне кетуі керек болып қалады, соңғы сәттерде жоспары өзгеріп кетеді, сондай сәттерде ол жалғыз қалады. Мүлдем жалғыз… Барып ешкімге де шағынып жылай алмайды, себебі оның айналасындағылардың айтатыны тек бір нәрсе: «Таста оны, қарым-қатынасты доғар».

Бірақ… тағы бір «бірақ»… Ол ОНСЫЗ өмір сүре алмайды…

Полина бірнеше рет кетіп те қалған. Анығын айтқанда, кетіп көрген. Бұрынғы сыныптасына, курстасына, шетелде докторлығын жазып жүргенде танысқан жігітіне де кеткен. Бірақ бәрібір қайтадан ОҒАН оралып отырған. Себебі, ол – мықты, сөзсіз түсінеді, сүйеді, қамқорлық жасайды, жомарт, ол – ерекше, ғажап, ақылды, талантты…

Тағы да БІРАҚ!!! Бірағы сол, ол онымен ешуақытта бірге болмайды. Ал Полина бала сүйгісі келеді. Алайда ол түбегейлі қарсы. Жақында немерелі болғалы отыр, оған бала несіне қажет. Ол мұнымен әлемді шарлағысы келеді, уақытты бірге өткізгісі келеді, түрлі тақырыптарда қызықты әңгіме қозғайды. Ал Полинаға мұны мойындау ұят, шу шығарып мінез көрсету де ұят, ол бар болғаны әйел. Психолог ретінде мен де оны түсінуім керек. Баланың аты – бала. Ол ана болғысы келеді.

Бірнеше кездесу барысында қаншама айналым жасадық, 40 немесе 50… «мен оны сүйемін және сонымен бірге болғым келеді». Сосын «бірақ ол мүмкін емес», «одан кеткім келеді, басқа еркекпен қарым-қатынас орнатсам деймін» дейді. Бірақ айналып келгенде «Онсыз өмір сүре алмаймын» дегенге тоқтай берді.

Дәл осы қайталана беру шеңберінде ол 16 жыл зардап шеккен. Азапты жылдар. Арбалып қалған адамдай қайта-қайта осы бір нүктеге айналшықтап соға берген. Бақыт… азап… үміт… күту… қажу… торығу… махаббат… жалғыздық.

Мен оның осы бір сиқырлы шеңберден шығуына көмектесудің қиын екенін түсіндім. Оны қалай сиқырдан жазсам екен? Оған басқаша тұстан бір ғана қадам жасаса, траекторияның өзгеретінін қалай көрсетсем екен. Көрдім, бірақ қарғыс атқыр «бірақ» жолымызға тұрып алды.

Ол айтылған уақытта келіп жүрді. Полинаның ОНЫМЕН тарихын түгел білдім. Полина бұл қарым-қатынасты қанша қаласа да қалауына қол жеткізе алмайтынын біледі. Ол оның анасының да, болмаған әкесінің де орнын толтырып, нені армандады, соның бәрін берген адам. Бірақ олар бірге бола алмайды, «біз» дей алмайды, ол және мен болып қала береді. Оның өмірі – мұның өмірі.

Әр кездескен сайын Полинаның неге таңдау жасағысы келіп жүргенін түсіне бастадым. Ол мен тұрмақ өзіне де ашылуы оңайға соқпады. Ол ұзақ уақыт толқып жүрді, бір жағынан қарасаң орнықты өмір, жылы қарым-қатынас, жақсы бизнес, тамаша мүмкіндік, ал бір жағынан белгісіздік, одан қолдауды жоғалтып алу, бір өзінің жасай алмай қалуы. Полинаның оған деген сүйіспеншілігінен басқа реніш, сағыныш, алданып қалу сияқты сезімдері де пайда болды.

Картина айқын бола бастады. ОНЫҢ кездесуге уақыты, күші, мүмкіндігі болмай қалған кезде Полина одан кәдімгідей суынып, өмірінде басқа еркек пайда болып, үйленуге ұсыныстар жасала бастайды. Ал оны біліп қойған ОЛ өзіне қарсылас жоқтай сезініп, Полинаға сыйлықтар мен гүл толы себеттер жіберіп тұрды. Тосын сыйлар жасап, қайтадан жаулап алады. Үш рет. Сосын Полина ОҒАН өзіне бұл жайттың қалай ауыр тигенін айтқысы келген. Бірақ оны көрген кезде бұл ойындағысын айта алмай қалады. Олардың қарым қатынасында ұрыс-керіс, реніш, көңіл толмаушылық деген нәрселер болмаған. Десе де Полина терапия барысында жағдайды таразылады, түсінді.

Бір жағынан психолог ретінде 16 жыл бойы қалыптасып қалған қарым қатынасты өзгерте алмаймын-ау деп мен де қорқып, әлсіздік танытып, уайымға берілген кездерім болды. Сонда да ойымнан осыншама махаббат, сөйте тұра соншалықты дәрежеде ауыртпалықты қалай өзгертсем екен, не істеуге болады деп басым қатты.

Бірақ бір мүмкіндік мен күтпеген жерден пайда бола кетті. Бір күні Полина кездесуге көңілсіз келді. Демалыс күні жаңбырлы еді. ОЛ жұбайымен, қызметкерлерімен аяқ астынан шетелге кетіп қалыпты. Сосын бұл бос уақытында кереуетте жатып, махаббат туралы көне романды оқыған.

– Дәл қай кітапты оқыдыңыз? – дедім қызығушылық білдіріп.

– Франсуаза Саган, – деді Полина. – Оның романдарын сүйіп оқимын, өте депрессияға толы…

– Депрессия деймісіз… Түсіндіріп жібересіз бе?

Полина оның романдарының мұңлы, мәнсіздік пен үмітсіздікке толы екенін айта бастады, бірақ соған қарамастан ол оны қайталап оқығанды жақсы көретінін айтады.

Кезінде мен де Франсуаза Саганның аударылған романдарын оқығанмын. Бірақ Полинаға дәл қай романы әсер еткенін білгім келді. Мен оның жаңбырлы күні Саганның қай романын оқығанын іштей сездім. Қызығушылық білдіре отырып, өзімнің растығыма көзім жетті.

– Мен «Сіз Брамсты сүйесіз бе?» атты романын қайтадан оқып шықтым. Соңында тағы да жыладым.

– Сіз соңында жыладым дейсіз бе… Сізді сонда тағы да жылатуға не себеп болды, – деп сұрадым.

Дәл осы кезде Полина бірінші рет еңкілдеп кеп жылап жіберді. Менің бір ауыз сөзімнен ағыл-тегілі шығып жылады. Ол өзін тоқтатқысы келгенімен тыйыла қоймады, жай бір ғана тамшы жастың оның ішіндегі бүкіл жиналып қалғандарын сыртқа шығаруға күші жетіп жатты.

Полина өз-өзіне келген соң жылағаны үшін кешірім сұрап, қайтадан әдепті леди бола қалуға тырысты. Мен сол кезде оның бірінші рет күлімдеген жүзінің астарында қаншама мұң, қасіреттің, ауыртпалықтың жасырынып жатқанын көрдім. Мен оның осындай әлсіз сәтінде ғана мүмкіндігім болатынын – Полина, Саган ханым және оның кейіпкерлері бәріміз бірге болу керектігін түсіндім.

Полина басты кейіпкер Польді қатты түсінетін. Поль орта жастағы әйел және күрделі қарым-қатынаста. Оның сүйіктісі Роже «есеймеген бала», эгоист, сүйіктісінің көзіне шөп салатын, өз қызығушылығымен өмір сүретін біреу. Ал Поль – «тәуелді», үнемі депрессияға түсіп қалады, сонда да батылдық танытуды жалғастыра береді. Оның өмірінде Симон деген жас жігіт пайда болып, басқа өмір ұсынса да ол қорқып, бұрынғы қарым-қатынасқа қашып келе береді. Кітаптың соңы қайғылы аяқталады – Роже кво статусын алған соң Польға қоңырау шалып келе алмайтынын айтады.

Осы сәтте Полина тағы да мұрнын тартқыштап жылай бастады. Оның басылғанын күте тұрдым, сосын тағы сұрадым:

– Полина, егер қолыңызда сиқырлы таяқша болса сіз басты кейіпкерге қалай көмектескен болар едіңіз?

– Мен бе? Әрине оның Рожеге деген махаббатын өшіріп тастар едім. Бұл махаббат емес – бұл дерт. Роже оған үйреніп қалған, ол оған қолайлы, ол оның көзіне шөп сала береді. Тағы бірер жылдан кейін ол оны тастап кетеді, ал ол жалғыз қалады, мүлдем жалғыз…
Мүлдем-мүлдем жалғыз қалады дейсіз бе? Ал сіз қолыңызда сиқырлы таяқша болмаса оның махаббатын қалай «өшірер» едіңіз?

– Білмеймін, – деп жауап берді Полина. Түсіндірер едім, айтар едім, көрсетер едім.

– Айтамын… Түсіндіремін… Егер соны Поль түсінсе осы оқиғаның соңы қалай аяқталар еді деп ойлайсың, – дедім қызыға түсіп.– Бақытты болар еді! – деді Полина беті алабұртып. – Ол Симонмен қалар еді, бірге өмір сүріп, бір-бірін сүйер еді, бала туатын еді…

– Хм… Полина сіз түсінесіз бе, Франсуаза Саган – гений. Ол драмалық шығармаларды жазады, оның романдарының оқырманды баурап алатын себебі, ол ащы шындықты жазады. Қалай ойлайсыз, шындықтың көзіне тура қарап, өміріңізді өзгерте аласыз ба?

Менің сұрағым жауапсыз қалды, ал Полинаның көзінде мөлтілдеген жас пайда болды.

– Қалай ойлайсыз, сізге шешім қабылдау үшін тағы қанша уақыт керек? Он жыл? Он бес? Мүмкін сіз 50 жасыңызда да бала туарсыз. Немесе басқаны кездестірерсіз… Бірақ, Франсуаза Сагандікі дұрыс және сізге осыған көндігіп, мойынсұнуға тура келеді…

Айтарын айтып алып, іштей қыпылықтап тұрдым. Оны әдейі қайрап, ширатудың орнына, бүлдіріп алған жоқ па екем? Полинаның түрі бұзылып кетті.

– Сіз сонда мен… мені Поль сияқты деп ойлап тұрсыз ба? – Иә, сіздердің тіпті есімдеріңізге дейін ұқсас. Сіздің сүйіктіңіз ОЛ – Роже сияқты. Оның өз өмірі бар, ал Сіз – оның маңызды, үйреншікті, бірақ өмірінің ең басты бөлшегі емессіз…

Осылай дедім де үнсіз қалдым, Полина да ештеңе айтпады. Кенет көшеден өткен көліктің шуылы мен Полинаның әрең шыққан тынысын естідім. Бір уақытта ол басын жұлқып алды да:

– Жоқ, мен Поль сияқты емеспін!
Сөзін бөлмей күте тұрдым да сұрадым:

– Ал сіз қандайсыз?– Мен ақылдымын, Мен – шыншылмын. Мені пайдаланғанын қаламаймын. Маған өзімнің ер азаматым керек. Шынайы қарым-қатынасты қалаймын, жай келіп сүйсініп, дәмін татып кеткенін қаламаймын.

Ол ұзақ сөйлеп кетті. Полина солай ұзақ сөйлегенімен бұрынғы әуеніне қайта айналып соғатынын білемін. Ол біраз уақыт оталып барып әрең тоқтады. Сол кезде одан:

– Полина, енді не істемексіз? Бүгіннен бастап Поль болмауды қолға аласыз ба? Полина тоқтап қалды да таң қалып мұнда тағы басқа кім бар дегендей қарады. Мен оның сөздерінен өзімен өзі сөйлесіп кеткенін аңғардым. Бір сәт ол адасып қалған кішкентай қыздай сілейіп тұрып қалды. Мен сосын оған:

– Полина, сіз маған шешім қабылдау үшін келдім дедіңіз. Одан кеткім келеді дедіңіз. Бір жағынан қорқасыз. Өз адамыңызды жолықтырғыңыз келеді, бірақ ОНЫМЕН бірге болған кезде – ол мүмкін емес. Сіз бұл орында қанша рет болып көрдіңіз. Қанша рет қаштыңыз да. Бүгін сізде таңдау пайда болды – Поль сияқты не осыған көндігу немесе өз өміріңізді қолға алып, өз Симоныңызды іздеу.

Кенет күтпеген жерден Полина мырс етіп күлді.

– Симон менде бар. Оның аты Макс. Ол менің ОДАН кеткім келген кездегі соңғы еркек. Ол кеше маған фейсбукте жай ғана хат жазды. 

– Бірақ сіз онымен қарым-қатынас құра алмайсыз, себебі сіз бос емессіз…

Осы кезде біздің сессиямыз аяқталды. Сол кезде мен алғаш рет Полинаның шын уайымымен бетпе бет келгендей сезіндім. Содан да болар осы «қайрап салудың» күші қашанға дейін жетер екен деп қорықтым.

Келесі аптада Полина келген кезде ол маған есірткілерді шегіп алған адамдай көрінді. Оның толқып отырғаны сонша, тоқтаусыз сөйледі.

Оқиға былай өрбіген. Менімен кездескеннен кейін Полина компьютерге отырған да Франсуаза Саганның кітабын Word форматына жүктеп алған. Сосын бірнеше беттерін өшіріп тастап, қайтадан жазып шыққан. Сосын ол маған соңғы фразаны оқып берді де: «Ол бірінші рет өмірінде осы сұмдық қуаныштан ләззат алды – біреуді азаптап қойып тұрып сүю». Сосын жалғасын оқып беруді өтінді, бірақ өзі жазған нұсқасын.
Полинаның нұсқасында Роже Польді өзіне қанша қайтаруға тырысқанымен, ол жаны ауырып тұрса да, махаббат өртеп тұрса да дегенінен қайтпады және жалғыз емес, Симонмен бірге қалды. Полина өте талантты болғандықтан сахнаны да тамаша жазыпты: Поль Симонға «біздің баламыз болады» деп айтады. Осы сәтте оның көзі мөлтілдеп жасқа толды. Мен оның көзінен қанша жылдан бері жай ғана әйел бақытын қалап келгенін түсіндім.

Қысқасы, Саган тақырыбы жабылып, қайтадан жаңадан жазылып шықты. Енді сұрақ – ал Полинаның өзіне не болды? Ол өзі жазған сценарийді жүзеге асыра алды ма әлде Франсуаза Саган жеңді ме?

Осы аптада Полина көп жұмыс істеді. Компаниясындағы міндеттерді тез-тез жайғастырды. Өзге елде тұрып жатқан Макспен кездесуге келісіп, соған ұшып кетті. Оған бұрын бірге бола алмағанының себебін түсіндіріп, егер келіссе басынан бастап көруге дайын екенін айтты. Макс біртүрлі секемденіп қалғанымен, қызығушылықпен келіскен. Ең қызығы Полина бұрынғы сүйіктісіне де хат жазып қалдырған. Оған барлық уайымын жазып, алғысын білдіріп, сезімін де жеткізіп, қарым қатынасымызға нүкте қояйық, осы шешіміме келіс деп өтінген. Ол кезде ОЛ іссапарда жүргендіктен хатты оқыды ма, жоқ па белгісіз. Бірақ Полина Макспен кездескен кезде ойы екі жаққа бөлінбей, өзін әйел ретінде сезініп, басынан бастап көруге бел буған.

Полина келесі аптада да келді. ОЛ баяғы әдетіне салып, Полинаны сыйлықтарымен жаулап алуға тырысты. Бірақ ол берілмеді. Макс та Полинамен кездесуге ынталы болды. Егер сол кезде Макс бастама білдірмегенде, ал ОЛ ұзақ уақытқа кетпегенде, Полинаның шешім қабылдауға әлі де әлсіздік танытып тұрғанында не болар еді деп ойлаймын.

Бір күні кеште Полина ОДАН он шақты смс алса да ресторанға жалғыз баруды ұйғарады. Ылғи екеуі бірге баратын мейрамханаға. Кірген кезде зал толы екен, даяшы оған бұрыштағы кішкентай үстелді ұсынады. Бір қызығы, дәл сол мейрамханада сонадай жерден ОНЫ көреді. Әйелімен, олардың әріптестерімен дастархан басында отырғанын көреді. Ол ОНЫҢ әйелін жақыннан бірінші рет көреді. Ол бұрын әйелін тек суретінен көрген болатын. 16 жыл бойы ойынан шықпай жүрген әйел. Міне, сол ойы заттанды. Бір уақытта оның әйелі салфетканы алып, ОНЫҢ бетін сүртеді. Ол осы бір ғана қимылдан оларды – өртеніп тұрған секстің де, ақылды өлеңдердің де, спектакльдің де, эрудицияның да, сымбаты келіскен дененің де айыра алмайтынына көзі жетеді. Осы бір ғана қимылдан әлгі әйелдің ОНЫМЕН өткені, қазіргісі, болашағы барын көрді… Полина тыныш қана кетіп қалды, ертесіне Макспен тез кездесуді өтінді.

Әрине мен енді толық бәрін тәптіштеп айтпай-ақ қояйын. Бұл бір тығырықта көп тұрып қалған пойызға ұқсайды, алдымен жай ғана гуілдеді, сосын белгі берді, шлагбаумды ашқызды да алға беттеді. Сөйтсе ол жер тығырық емес, даңғыл жол екен.

Бәрі ойдағыдай болды, таң қаларлығы оп-оңай. Жарты жылдан кейін Полина бала көтерді, олар Максим екеуі үйленді.

Біз одан кейін де Скайппен бірнеше рет кездесіп тұрдық. Қазір Полинаның екі баласы бар, 1 ұл, 1 қыз. Ол бақытты, әрине жұмыстан шаршайды, бірақ үлгереді, шет елде жүріп өз ісін жалғастырып жатыр, балаларын жақсы көреді, күйеуін сыйлайды. Оның дауысы сол баяғысынша ғажап та сиқырлы. Бұрынғысынан да әуезді бола түскен. Жердің астынан бұлқынып шыққан бұлақ сияқты өз жолын тапқан. Енді Полинаға баяғыдай ОҒАН қашып баруға ештеңе де кедергі келтіре алмайды.

Соңғы рет көріскенімізде Полина маған алғаш келген кезін есіне алды. Ол көңілдес болудан әйел болуға дейінгі жолдардан өтті. Ол сөзінің соңында:

– Наталья! Білесіз бе, қалай дегенмен де Франсуаза Саган қателескен, – деді.

Шынымды айтайын, оның осылай дегеніне қатты қуандым.

Мақала авторы: Наталья Олифирович, психолог, гештальт терапевт

Аударған: @Жансая СЫДЫҚБАЙ

Facebook Пікір

1 thought on “Көңілдес

  1. Осы мақаланың тақырыбын оқығанда-ақ, оның авторы(аударған) кім екенін бірден білдім. Соңынан дейін оқып шыққан соң, қателеспегеніме көзім жетті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған