Күйеуді шабыттандыратын әрекеттер

Ер адамды не шабыттандырады? Әйел адам оларға қандай мотивация бере алады? Бір мысалмен көрсете кетейік. 

Мысалы, ол бүгін үйге үйіп-төгіп азық-түлік әкелді. Сіздің жазып берген тізіміңіздің бірін де қалдырмай алуға тырысты. Өйткені, ол бүгін айлығын алды делік. Таңертеңнен қара кешке дейін жасаған бейнетімен келген адал тиынын  отбасына жаратты.

Ол қалта-қалта азықты көлігінен түсіріп жатып үйге зор мақтанышпен кіреді. Әрине, оны білдірмейді. Қолында жүгі көп болғасын есікті аша алмай, домофонды естімей қалсаңыз, тез ашпағаныңыз үшін ашулануы да мүмкін. Себебі ол өзін дәл сол мезетте маңызды сезініп келе жатады. Оның білдіргені де сол.

Ер адамдар іштей «Үйге азық әкелдім, болды, оларды бақытты қылдым» деп ойлап қуанады. Олардың түсінігінде бақытты қылу деген – асырау, қорған болу.

Енді қараңыз. Әлгі үйіп-төгіп әкелген заттарын ол кірген жерде есіктің алдына тастап, өзі диванға барып телефон шұқылап жатады. Болды, үйге ризық келді әрі қарай сіздің реакцияңыз басты рөл ойнайды.

Әдетте, балалар азық-түлік толы қалтаны ақтарып, қуанып, әрқайсысын ашып жеп шаттанады. Әкелеріне «Папа, бізге биос алдың ба?» – деп, мамасына кеп «Мама, қарашы, папа маған биос әкелді» – деп қайтадан әкесіне барып «Мен биосты жақсы көрем» деп эмоцияларын барынша көрсетіп мәз боп қалады. Балалар өз керегін алады да, қалған азық ашылмаған күйі кіреберісте қалып қояды. Сіз мүмкін тамақ жасап жатырсыз, не бала емізіп жатырсыз.

Сіздің әрекетіңіз қандай болу керек еді?

Сіз күйеуіңіз қалта толы тамақпен кіргенде алдынан шығуыңыз керек еді. Балалармен бірдей қуануыңыз керек еді. Азық-түлікті бірден ас үйге апарып әр затты ашып көруіңіз керек еді. «О, сиыр етін алдың ба? Дұрыс болды ғой. Мына ет енді біразға жететін болды ғой», «Мә, сабын бітіп тұр еді, шампуньды да ұмытпапсың», «Уау, жүзім, жеміс жегім кеп отыр едім» деген сияқты таңданыспен қуанышыңызды көрсетуіңіз керек еді. Сол еттен дәмді тамақ жасап, еттің тез піскенін дәмді екенін айтып отыруыңыз керек. Сіз үндемесеңіз кейде өзі әкелген затын қалай екен деп сұрайды, байқайсыз ба?

Онысы «Мені мақтамайсың ба?» деген белгі. «Рақмет, асыраушым, қамқоршым!» деген сөздер оны қанаттандырады. Ия, олар біздің бұл сөзімізге пәлендей жауап қайтармауы да мүмкін. Мақтаған сайын езуі құлағына жетіп мәз болмауы да мүмкін. Бірақ іштей өзін бақытты сезініп жататыны анық. Осыдан кейін бала-шағасы мен әйелінің тағы да мәз болғанын көргісі келіп, тағы да үйге олжалы оралғысы келіп тұрады. Тағы да қалта-қалта азық-түлікпен есік қаққысы келеді.

Сондықтан күйеуіңіздің әр ісіне балаша қуаныш білдіру қаншалықты маңызды екенін естен шығармаңыз.

#Ақерке Әбілхан

Фото:  brideandbreakfast.ph

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған