Әне-міне дегенше қыс та келіп жетті. 2019 жылға қандай етікпен аяқ баспақпыз? «Аяқ-киімің тар болса дүниенің кеңдігінен не пайда?» демекші, етігіміз жайлы, жылы, әдемі болмаса, қыстың сәнін де сезіне алмаспыз. Биылғы саудадағы қысқы етіктерді Алматы базарлары мен дүкендерінен арнайы барып көрген едік, аяқ киімдердің сапасы да, бағасы да, түр-келбеті де әр түрлі. Соларды саралап, сараптап, назарларыңызға ұсындық.

Алматының базарларында етік саудасы қызып тұр. Алам деушілерге тіпті 1 000 – 2 000 теңгеге де етік табуға болады. Бірақ ол етіктердің сапасы сын көтере бермейді. Егер таза былғарыдан тігілген, іші табиғи жүннен жасалған ер адамға арналған етік алғыңыз келсе, базарларда оның құны 20 000 теңгеден басталып, 60 000 теңгеге дейін жетеді. Ал жасанды былғарыдан тігілген етікті қанағат тұтсаңыз 7 000 теңгеден басталатын етіктерді алуға болады.

Әйелдер етіктерінің бағасы да ер адамдардың аяқ киімдері шамалас. Бізге қызмет көрсеткен саудагерлер әйелдер етіктерінің 6 000 теңгеден басталатындығын айтты. Ол аяқ киімдердің жүні табиғи емес және жасанды былғары. Дәл сондай жасанды былғары, жасанды жүннен тігілген, бірақ тігісі біршама жақсы етіктерді 15 000 теңгеге де сатып алуға болады.

Сондай-ақ, әйелдер етіктері ұзын қонышты, қысқа және орта қонышты деп сатылады. Ұзын қонышты етіктердің ең қымбатын біз 80 000 теңгеден көрдік. Етік сатушылардың сөзінше, ол етіктер Түркияда жасалған, былғарысы да, жүні де табиғи.

Базарларда қыз баланың етіктері 2 000 теңгеден бастап, 7 000 теңгеге дейін екенін байқадық. Ал ұл балалардікі 4 500 – 7 500 теңгенің аралығында.

Етіктерден бөлек қыстық бәтенкелер мен уггилердің бар екенін де ескерген жөн. Былғары ғана емес, замш, мата, іші-сырты жүн аяқ киімдер бар. Олардың да құны сапасы мен тауар сатылатын орынға байланысты. Алматы базарларынан аяқ киім сатып алғыңыз келсе, шаһардағы ең үлкені, әрі таңдау көп «Барахолкаға» барғаныңыз жөн. Үлкен базардан сіз сапасы, дизайнымен қоса, бағасына да таңдау жасай аласыз, саудаласуға да мүмкіндік бар.

Алайда сауда орталықтарында да етіктердің түр-түрі бар. Олардың арасында Қытай мен Түркияда шығарылғандарымен бірге отандық брендтердің де аяқ киімдерін кездестіруге болады. «Қазақстанда жасалған» атауымен шығарылатын аяқ-киімдердің саны биылғы маусымда сәл де болса артқаны көңілімізге жақты деуге болады. Сапасына көңіліміз толған ол етіктердің тігісі, дизайны өте жақсы, табиғи өнімдерден жасалған. Ал бағасы шетелден келетін аяқ-киімдерден бірнеше есе арзан болып шықты.

Егер сіз Алматыдағы сауда орталықтарында етік іздесеңіз қазақстандық, Қытайда шығарылған, Түркияның және Италияда жасалған аяқ киімдерді таба аласыз. Қазақстанда жасалған табиғи тері мен былғарыдан тігілген етіктердің құны 15 000 – 80 000 теңгенің аралығында. Ал Түркия мен Қытай етіктері сапасына қарай 20 000 теңгеден бастап, 70 – 80 мың теңге шамасында. Ал италиян етіктерін 50 000 теңгеден, 300 – 400 мың теңгеге дейінгі бағада алуға болады.

Етігіңіз жылы, жүрісіңіз жайлы болсын десеңіз етік таңдауда қателеспеңіз. Базарларда да, сауда орталықтарында да сапалы да, сапасыз етіктер жетіп артылады. Саудаңыз сәтімен болып, қыстың қызығын көріңіз!

@БалжанЖеңісқызы

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған