Лэшмейкер Айжан Болатқызы: 72 жастағы әже де кірпік жалғатуға келеді

Бүгінде сұлулық индустриясы саласында кәсібін дөңгелетіп жүрген қыз-келіншектердің саны аз емес. Сұраныс бар, сондықтан қызмет те артып жатыр. Айжан Болатқызыкірпік жабыстыру, перманент татуаж жасаудың шебері. Өзінің жеке сұлулық салоны бар.

Халық арасында «Кірпікті жылдам жалғайтын қыз» атымен танылған Айжанды клиенттері сапалы жұмысынан бөлек, тез қимылдайтын пысықтығы үшін жақсы көреді екен. Жұрт мақтаған Айжанды сұхбатқа тартып, сұлулық саласындағы сұрақтарымызға жауап алып едік.

«16 қыз»: Декреттік демалыстағы әйелдердің көбі осы кезеңде жаңа іс бастап, кәсіп көзін ашып жатады. Сіз де бұл кәсіпке декретте жүргенде келдіңіз бе? Бәрі қалай және қанша теңгемен басталды?

Айжан: Ия, мен де декретте отырып бастадым. Алғаш рет ана атанып, өмірге ұлымды әкелгеннен кейін үйде құр қарап отырғанды жөн көрмедім. Балама 5 ай еді. Кішкентайыма қарайтын енем бар, демек менде жұмыс жасауға мүмкіндік бар деп ойлап жаңа істі бастағым келді. Балама ай сайын төленетін ақшаны оқуыма жұмсадым. Кірпік жабыстыру жайлы шеберлік сағатына 15 мың теңге төлеп қатыстым. Бірақ бұл сабақтың нәтижесі ұнамады. Артынша 40 мың теңге тауып, жақсы бір курсқа қатыстым. Уақыт өте қолым үйреніп, өз ісімді сауатты жасайтын болдым. Бірақ кәсіп бастау жолында көптеген қиындықтарға тап болдым. Бәрі бірден керемет болып кеткен жоқ. Алғашында атымды ешкім танымай тұрып, клиенттердің үйіне барып жұмыс жасадым. Құрал-саймандарымды көтеріп алып, шақырған үйдің есігін қағып тұратынмын. Емізулі баламды енеме тастап, түнгі уақытқа дейін біреудің үйінде кірпік жабыстырып,  көзім талса да шыдап отырушы едім… Жұмысты аяқтаған кезде күйеуім алып кететін. Сондағы алатын ақшам өзін-өзі ақтағанымен, қалтамда артылмайтын. Өйткені ісімді дөңгелетіп алғанша өте арзан бағада жұмыс істедім. Өзімнің хабарландыруларымды түнделетіп, қар кешіп жүріп әр подъездің есіктеріне жабыстырып кететінмін. Сұлулық саласында бәсекелестік деген дүниенің барын мойындаймын. Жаңадан іс бастап жатқан уақытта зиянын тигізгісі келетін адамдармен де талай кезіктім. Ондай адамдар қазір де бар. Бәрін сабырлығымның арқасында үндемей жеңіп келемін. Бұл да үлкен өнер екен. Сондай қиын шақтан өтіп, өз-өзімді қалыптастырдым. Айжан деген атымды жақсы жағынан таныттым. Қазір тұрақты клиентіме айналған адамдарым өте көп.

«16 қыз»: Қалай ойлайсыз, әйелдер бара-бара жасанды сұлулыққа әуестеніп бара жатқан жоқ па?

Айжан: Жоқ, олай ойламаймын. Керісінше, қыз-келіншектердің өзіне мән беріп, күтіміне уақыт бөле бастағаны қуантады. Бұрынғыдай емес, қазір әйелдер қашанда әдемі болып жүруге тырысады. Бұл үшін тек қана қуану керек, меніңше. Осыдан 10 жыл бұрын көбіне сұлулық салондарына бойжеткен қыздар немесе басы бос әйелдер ғана келетін. Тұрмыстағы келіншектер өзіне күтім жасауға аса мән бермеуші еді. Ал қазір отбасылы келіншектер де көбірек келіп, қастарын түзеп, кірпіктерін өсіртіп, сұлу болып жүруге тырысуда. Демек кірпік жабыстыру қашанда сұлу болып жүруге көмектеседі. Екіншіден – уақыт үнемдеуге де жол ашады. Таңертең жұмысқа барарда боянуға уақыт кетірмей, оған кететін минуттарды басқа да маңыздырақ нәрселерге жұмсауға болады.

«16 қыз»: Сұраныс көп пе? Қай жастағылар көбірек келеді? Үздіксіз келіп тұратын қыз-келіншектер бар ма?

Айжан: Ия, сұраныс бар, әрине. Сұраныс болған соң осылай таң атқаннан түн ауғанға дейін демалыссыз жұмыс жасап жатырмыз. 18 жастан бастап 60 жасқа дейінгі қыз-келіншектер мен үлкен апаларға дейін келіп тұрады.
Клиенттерімнің ішіндегі ең жасы – мектеп бітіріп жатқан қыздар. Айтпақшы, 72 жастағы әже де кірпік жалғатуға келеді. Ол кісі ай сайын болмаса да, той-жиындарға баратын кезде ғана келіп, кірпік жалғатады.

«16 қыз»: Айжан, мамандығыңыз бойынша кімсіз?

Айжан: Мамандығым бойынша – экономист – есепшімін.

«16 қыз»: Есепші болып тұрақты жұмыс жасағыңыз келмей ме?

Айжан: Мамандық бойынша жұмыс жасаудан да қашпас едім. Бірақ о баста есепші болу менің таңдауым емес еді. Бұл – әке-шешемнің шешімі. Менің дәрігер болғым келген. Анам да – дәрігер. «Медицина жолы қиын» деп ол мені бұл салаға жақындатқысы келмеді. Экономика факультетіне тек ата-анамның көңілі үшін ғана түстім. Сондықтан менің жаныма оқып-бітірген мамандығымнан гөрі осы жасап жатқан кәсібім жақынырақ. Өйткені кішкентай кезімнен сұлулыққа құмар болдым. Біреуді әрлеуге, сәндеуге,

бояндыруға әуес болдым. Айналып келіп, бәрібір өз ісімді таптым деп ойлаймын. Тіпті қызымды да осы сұлулық саласында көргім келеді. Он жылға қойған мақсатым – салондарымның аясын кеңейтіп, бірнеше жерден ашып, осы кәсібімді гүлдендіріп алғаннан кейін тізгінді қызыма ұсыну. Сол үшін тынбай еңбек етпекпін.

«16 қыз»: Қызыңыз өзіңіз секілді басқа бағытқа қарай кеткісі келсе ше?

Айжан: Мен оның талабын байқағаннан кейін солай деп айтып отырмын. Қызым дәл мен сияқты, қазірден-ақ сұлулыққа бір табан жақын. Ол барлық жағынан маған ұқсайды. Бар болғаны 3 жаста болса да, қолынан косметика түспейді. Менің құрал-жабдықтарымды ұстап алып, мен сияқты біреуді әрлегісі келеді де жүреді. Кім біледі, мүмкін әлі де таңдауы өзгерер. Қандай жолды таңдаймын десе де, мен оның талабына балта шаппауға тырысамын. Әр таңдауын қолдаймын деп ойлаймын. Мейлі басқа салаға кетсін, бәрібір салон ісі оның қосымша хоббиі болып қалады. Кім біледі, мүмкін, тағы бір қызды өмірге әкелермін. Әйтеуір өзім қартайып, зейнет жасына жеткенде өз қыздарыма кәсібімді қуана тапсыратын боламын.

«16 қыз»: Жоғарғы оқу орнында алған біліміңіздің жеке кәсіпті жүргізуде тигізіп жатқан көмегі бар шығар? Әлде «Бәрібір ол салада жұмыс жасамаймын, босқа 4 жыл уақыт жоғалттым деп» өкінесіз бе?

Айжан: Жоқ, өкінбеймін. 4 жылдық экономикалық білімім кәсіп жүргізу ісінде көмегін тигізіп жатады. Өйткені қай жұмысқа да есеп керек. Өзімнің жеке салоным бар болғандықтан, оның да есебі менің мойнымда. Кіріс пен шығысты есептеп отыру үшін алған білімімнің тигізіп жатқан пайдасы көп. Оқуға кеткен уақытты босқа кетті деп айтудан аулақпын. Студент болып, білім ізденудің тек кәсіпке ғана емес, өмір жолында да тигізер пайдасы көп. Сондықтан менің мықты маман болғанымды қалап, экономика саласына сілтеген әке-шешеме еш өкпем жоқ. Керісінше, оларға көп рақмет.

«16 қыз»: Қарапайым есепшінің айлық табысы мен сіздің қазіргі кәсібіңіздің айлық табысын есептеп бере аласыз ба?

Айжан: Еңбек өтілі жоғары есепші мамандардың жалақысы жаман емес. Миллиондап тауып жатқан есепшілер де бар. Мәселен, Ақтауда мұнаймен айналысатын компаниялардың бірінде әпкем есепші болып қызмет етеді. Айлығы миллионмен шамалас. Бірақ оның еңбек өтілі көп. Ол осы салаға көп жылдарын арнаған адам. Ал еңбек жолын енді бастап жатқан қарапайым есепшінің айлығы мұнша көп емес қой? Егер мен қазір есепші болып қызметке тұратын болсам, ол жақта салонда табатын бір апталық табысымды бір айда ғана табар едім.

«16 қыз»: Болашақта жасанды кірпік сәннен қалып, бәрі табиғилыққа көшуі мүмкін бе?

Айжан: Әрине,бәрі де мүмкін. Өмір бойы жасанды кірпіктің саудасы жүре береді деп ойламаймын. Кірпік жабыстыру ісінің Қазақстанда толықтай танылып, дамып жатқанына 5 жылдан асты. Қазір мұның не екенін бәрі біледі. Жасанды кірпіктен табиғи кірпікті ажырата алады. Бір байқағаным, қазірдің өзінде қыздар кірпік таңдағанда барынша табиғи көрінетіндей қылып жасап беруімізді өтінуде. Ал бұрын қыздар өте көлемді кірпіктерді таңдайтын. Кез келген нәрсе өзгеріп отырады. Бұл – табиғи заңдылық. Дәл қазір кірпік жабыстыру ісі тоқтап қалмаса да, уақыт өте оны басқа нәрсе алмастыруы мүмкін. Сұлулық индустриясына қандай өзгеріс енсе де, біз сол жаңа білімді үйреніп алуға дайын жүреміз. Кірпік жабыстыру сәннен шығып кетсе жұмыссыз қаламыз деген қорқыныш болған емес.

«16 қыз»: Күні бойы қозғалмай, төмен қарап отырып жұмыс істейсіздер, иә? Оның үстіне химиялық заттарды қолданасыздар. Бір орында отыратын режим денсаулыққа зияны барын да білетін шығарсыз? Осының алдын алу үшін не істейсіздер?

Айжан: Қозғалмай отырғаннан бұрын, біз күні бойы желіммен жұмыс жасаймыз. Дәл тұмсығымыздың түбіне қойып, амалсыз иіскеп отыруға мәжбүрміз. 2 сағат жатып кеткен адамға оның зияны жоқ, әрине. Өйткені біз дұрыс техникамен және сапалы материалдармен кірпік жабыстырамыз. Ол желімді күні бойы өзіміз иіскеп отырамыз. Сондықтан дұрыс тамақтануға, көбірек сүт өнімдерін тұтынуға тырысамыз. Бір жерде қозғалмай отырғаннан беліміз, бір жерге қадалып жұмыс істегеннен көзіміз ауыратынын да жасырмаймын. Көзімізге арнайы дәрілік тамшыны қолданамыз. Омыртқаға зардабын тигізбес үшін көбірек бассейнге түсуіміз керек. Жаттығу залдарына уақыт бөлуіміз керек. Бірақ дәл қазір бала-шағаның жайы мен жұмыстың бабын ойлап, ондай демалысқа еш уақыт бөле алмай келеміз. Сонда да үйге барғанда кішігірім жаттығулар жасап, аз болса да өзіме көңіл бөлуге тырысамын.

«16 қыз»: Айжан, осындай қарбалас күн тәртібіңізден «16 қыз» оқырмандары үшін уақытыңызды бөліп, кәсіп ашу жайлы тәжірбиеңізбен бөліскеніңізге рақмет. Арман-мақсаттарыңыз өзіңіз ойлаған уақыттан де ертерек орындалып, қазақ қыз-келіншектерінің қай жаста да әдемі болып көрінуі үшін ерінбей еңбек ете беріңіз!

Әңгімелескен: Ақерке Әбілхан

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған