Медитация деген не, оны қалай жасап үйрену керек?

Қайсыбір күні құрбым хабарласты.
– Сәлем, осы сен медитациямен айналысып жүрсің бе, қалай айналысады, көмегі тиді ме? Қандай түрлерін тыңдап жүрсің, онда шаршағаныңды басатын, стресс, негатив, өткен өміріңді өзіңнен босату сияқты түрлі-түрлі медитациялар бар екен ғой…

Расында, екінің бірі психолог, коуч, тренер, йога, эзотерика мен нумеролог т.б. көбейіп кеткен тұста медитацияның да оқырманға таңсық емесі анық. Алайда, есту, білу бір басқа, ал оны тереңінен түсініп, өміріңде қолдану бір басқа.
Медитацияны әрине бұған дейін естігенсіз, бірақ қолданып көрмегенсіз. Кейде жалғыз қалғанда өзіңізден өзіңіз ішіңіз пысып, зеріге бастайсыз ба? Өзіңізбен оңаша қалу сізге неге ауыртпалық әкеледі? Мүмкін сіз өзіңізді көптен бері тыңдап, естуден қалған боларсыз. Онда өзіңізбен кездесудің уақыты келді.

Медитация: түсіну, миссия, энергетикалық деңгей
Медитацияны бүгінде рухани және ағзаңызды босаңсытып, нақты бір сұраққа жауап алу практикасына қолданып жүр. Біздің күнделікті санамызда сапырылысып жатқан ойларды бірде бір ең мықты деген компьютердің өзі өңдеп шыға алмайды. Біздің ағзамыз оны қалай меңгеріп жатыр деп ойлайсыз? Төмендегі сұрақтарға жауап беріп көріңіз, егер бәріне иә десеңіз, медитация сізге ем, дәру, шипа ретінде ұсынылады.
• Сіз ауыр жұмыс істемесеңіз де шаршайсыз?
• Демалыс күндері тынығып үлгере алмай қаласыз?
• Көңіл-күйіңіз жиі түсіп кетеді?
• Ауруды сезіндірмейтін препараттарды жиі қабылдайсыз?
• Күліп жүргеннен гөрі мұңаюыңыз жиірек, көп ашуланасыз?
Сіз медитациямен айналысуға уақытым жоқ әрі оны қалай жасау керектігін білмеймін дерсіз. Біз сізге кеңседе отырғаннан үйінде мысығын еркелетіп отырған қарт әжейге дейін қолдана алатын медитацияның қарапайым түрін ұсынамыз. Медитациямен бір топ адамдармен арнайы бөлмеде Ғалам әуеніне бөленіп те айналысуға, оңаша жерде және жұмыста креслода отырып та айналысуға болады. Өзіңізбен өзіңіз тыныштықта санаңыздағы ойлар ағынын бақылап, құрықтай аласыз.

Медитацияның энергетикалық деңгейде үш түрі бар:
1. өзіңізге қуаныш әкелетін визуалды образдарды көру – релакс деңгейі;
2. өз ойыңызды меңгеру деңгейі – өз парасатыңызға дендеп бойлау арқылы Жоғары дауысқа тереңдеу немесе түпсанаға бойлау;
3. Мүлгіген тыныштықта өз ағзаңыздан шығып, сана мен оның жұмысын сырттай бақылау.

Сонымен, медитацияны жаңадан үйренушілерге арналған техника:
Бірінші деңгей босаңсу, визуализация жасау
1. Айналаңыздағылардан біраз уақыт мазаңызды алмауын өтінесіз.
2. Жайласып отырып алыңыз. Лотос позасында немесе қол-аяқтарыңызды айқастырып алудың қажеті жоқ. Бастысы, жайлы, өзіңізге деген сенімділік болу керек.
3. Өзіңізді күтіп тұрған «Меніңізді» күліп қарсы алуға тырысыңыз.
4. Басыңызды жоғары көтеріңіз де оны әуе шары деп елестетіңіз де ауада қалқып, жоғары көтеріліп жатқандай күй кешіңіз.
5. Өз тынысыңызды тыңдаңыз. Соған бар ойды бөліңіз. Жаттығу оңай болу үшін тынысыңызды іштей санасаңыз да болады.
6. Егер тыныс алу, шығару барысында көңіліңіз бөліне берсе, «Оммм» немесе «Хммм» деген дыбыстар шығарып, тыныс алып жатқаныңызға мән беріңіз.
7. Бұл жаттығуды орындау үшін 5 минут жеткілікті. Осы уақыт ішінде тек тыныс алғаныңызды тыңдаңыз және сол кезде өзіңізді қуантатын сәттерді ғана елестетіңіз, мәселен еңбек демалысы, балалар, мысығыңыз, сүйіктіңізбен махаббат тарихы т.б.

Бір ғана шарт – жаттығу барысында тек қана бір образды ойланыңыз.

Мысалы дүйсенбі таңертең тыныс алғаныңызды тыңдаңыз да тек балаңыз туралы ойланыңыз. Сейсенбі күні тыныс алғаныңызды тыңдаңыз, махаббат тарихыңызды еске алыңыз. Сәрсенбіде серуендеп жүрген сәтіңіз.
Бұл медитациялық жаттығудың беретін пайдасы – тыныс алуды қалыпты етеді, омыртқа белбеуін күшейтеді, бір ғана ойға шоғырлану машығын меңгересіз, шусыз және санаңызды бөле беретін жайттардан арыласыз.

@ЖансаяСыдықбай

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған