Ми жұмысын арттыруға 15 кеңес

Мидағы нейрондар өте таныс, әбден үйренген әрекеттер мен ортада автоматты түрде жұмыс істейді. Жаңа клеткалар түзіп, белсенді бола түсуі баяулайды. Сондықтан күнделікті ми жұмысын арттырып отырған дұрыс. Біз ұсынған 15 кеңеске көз жүгіртіңіз.

  1. Жаңа орын

    Ешқашан көрмеген не өте сирек баратын жерлерді аралаңыз. Ол үлкен саябақ, көрме, зергерлік дүкен болуы мүмкін.

  2. Жаңа иістер

    Эфир майы құйылған кішкентай флаконды немесе хош иістендірілген кез келген зат сатып алыңыз. Әр таңда ояна сала, сол жаңа иісті иіскеп жүріңіз – бұл миды «оятуға» көмектеседі.

  3. Жұмулы көз

    Кешке үйіңізде жарықты жақпай, біраз нәрсені ойша тауып көріңіз. Бұл жаттығу зейініңіз бен есте сақтау қабылетін жақсартады. Сондай-ақ, душқа түскенде де көзіңізді жұмып алыңыз. Ештеңе көрмегендіктен басқа мүшелеріңіздің сезгіштігі арта түседі.

  4. Қол жұмысын ауыстыру

    Әдетте тісіңізді жуғанда щетканы оң қолыңызға ұстайсыз ба – ауыстырыңыз. Тамақты сол қолмен жейсіз бе – ауыстырып көріңіз. Тінтуірді де біраз уақыт сол қолмен пайдалануды әдетке айналдырыңыз.

  5. Жаңа гардероб

    Әр күні әр түрлі киім киіңіз. Ғалымдардың айтуынша, адамдардың киіміне қарай ойы да өзгеріп отырады екен.

  6. Ымдау және қимылмен түсіндіру

    Сөзбен емес, қолдарыңыздың көмегімен әңгіме айып көріңіз. Барынша түсіндіруге тырысыңыз.

  7. Жаңа жол

    Жұмысқа таныс емес, бұрын жүрмеген жолдармен барыңыз (қайтыңыз). Ол жол алыс болса, тіптен жақсы, мидың жұмысына пайдасын тигізіп қана қоймай, денеге жаттығу болады.

  8. Өзіңізге деген сенімділік

    Үнемі өзіңізге сенімді болыңыз. Тіпті сіз жақсы білмейтін қызметті ұсынса да, келісе беріңіз. Бәрін нақты дұрыс білмей тұрғанда ми белсенді қызмет атқарып, бір амалы табыла кетеді.

  9. Стандарттан тыс жауаптар

    Стандартты жауабы бар сұрақтарға басқаша жауап беруге тырысыңыз. Мысалы, «қалың қалай?» деген сұраққа өте ұзақ әрі креативті қылып жауап беруге болады. Таптаурын әдеттерден арылыңыз.

  10. Тиындар

    Тиынның қанша теңгелік екенін саусақпен сипап анықтауға тырысыңыз. Бұл жаттығу, әсіресе, кезек күтіп отырғанда іш пыстырмайды әрі пайдалы.

  11. Жаңа журналдар

    Газет-журналдар сөресіне жақындағанда мүлде назар аудартпайтын журналды алыңыз. Мысалы, сізді сән журналы қызықтырса, экономика саласына арналғанын алыңыз. Саяхат туралы оқығанды ұнатасыз ба? Онда жануарлар туралы қызықты жазбаларға көңіл аударыңыз.

  12. Дыбыссыз теледидар

    Теледидардың дауысын өшіріп тастаңыз да, экрандағы кескіндерге қарап, диалог не монолог құрастырып көріңіз. Бұл жаттығуды достарыңызбен отырып жасаған анағұрлым қызықты өтеді.

  13. Әртүрлі демалыс

    Демалысыңызды тек қалада өткізіп жүрген болсаңыз, келесіде қала сыртына, табиғатқа шығыңыз. Музыка тыңдағанды аса ұнатпайсыз ба? Концертке барыңыз, түрлі эмоция аласыз. Тіпті ұнамай бара жатса, кетіп қалуға болады.

  14. Жаңа қарқын

    Бұл жаттығуды демалыста қолдануға кеңес береміз. Егер кез келген істі асықпай істейтін болсаңыз, 2-3 есе қарқын қосып, шапшаңдатуға тырысыңыз. Ал, егер бір орында отыра алмайтын тынымсыз болсаңыз, бәрін өте баяу атқаруға тырысыңыз. Байыппен қараңыз.

  15. Әзіл

    Жаңа әзіл мен анекдот ойлап табу – миға өте пайдалы. Бұл ақыл-ойдың жұмысын жақсартып қана қоймай, креативті ойлауды да дамытады.

@ЭльвираЕрғалина

Сурет docplayer.se сайтынан алынған

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған