Оқушыларға тегін мүшеқап таратқаннан не ұтамыз?

Өткен жылдың күзінде қазақстандық оқушыларға көп ұзамай тегін мүшеқаптар таратылуы мүмкін екені хабарланған еді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеп, осылайша жоспарсыз жүктілік санын азайтуға болатынын айтқан. Содан бері қоғам пікірі екіге бөлініп, бірі бұл бастаманы қос қолдап қолдаса, енді бірі бетін шымшып қарсы шықты. Осы орайда «16 қыз» онлайн журналы бірнеше оқырманнан мектеп жасындағы балаларға тегін мүшеқап таратылуы мүмкін деген болжамға байланысты пікірін сұрап білді.

Оқушыларға тегін мүшеқап таратқанға қарсы емессіз бе? Бұл ұсыныс заң жүзінде жүзеге асатын болса неден ұтылып, не ұтпақпыз?

С. Әйел:

«Қарсы емеспін. Тіпті жыныстық қатынасқа түспесе де, ол затпен танысады. Тіпті шар жасап, су құйып ойнасын. Сонда кейін жыныстық қатынасқа түсетін жасқа келгенде күмілжімей, бірден таныс затын алуға іштей барьер қалмайды. Ол сауаттылықтың белгісі. Сонда 16 жаста көтеріп қалу, ВИЧ ауруларын таратудың алды алынбақ»  

К. Әйел:

«Мына батыс жақта әсіресе мектеп жасында бала туып алу жиі кездеседі, ендігі қалыпты жағдай боп кеткен. Обал емес пе? Жыныстық қатынас қазір ашық түрде теледидардан да, интернеттен де көрсетіліп жатыр. Оң-солын әлі танып үлгермеген, дегеніне бармай қоймайтын жастарға сол дұрысырақ деп ойлаймын. Тым болмаса әкесіз тірі жетім балалардың туылуының алдын алар еді.»

Д. Әйел:

«Қарсымын. Себебі секспен айналыса беріңдер, бастысы көтермеңдер дегенге саяды. Ал ол ерте жастан жыныстық қатынасқа түсу адам организміне зиян, даму кезеңінде болады. Екіншіден, қан тазалағы бұзылады. Таза күйінде тұрмысқа шығу керек деп ойлаймын. Жаппай тарату арқылы барлығына рұқсат бергеніміз. Егер 1-2 бала секс қажет етеді деп басқаларға да осылай жөн сілтеу дұрыс емес. Жәй ғана арнайы түсіндіру жұмыстарын тәрбие сағатында айту керек.»

Д. Әйел:

«Мүшеқап мектепте тегін таратылса жыныстық тәрбие ашық түрде жүргізіледі, ол туралы ашық әңгіме айтылып жүретін болса жыныстық қатынас деген ұят немесе үлкендер үйрететіндей «лас тірлік» емес екенін түсініп, жасырын бала тастап кету деген түсінік те азаюына көмектесер ме еді? Істеген ісіңе сен мүшеқап киіп жауапкершілікпен қарағанның өзі болашақта біраз жауапкершілікке үйретер ме еді?..»

А. Әйел:

«Меніңше, дұрыс. Мүшеқапты арнайы фигураға кигізіп көрсету де керек және соңында таратып та беру керек. Біз жалпы жыныстық сауаттылықты арттыруымыз керек. Жасөспірімдер екі адамның қатынасынан бала болатынын және ол үлкен жауапкершілікті талап ететінін білу керек. Қыздар әсіресе мүшеқапсыз ешқашан (!) жыныстық қатынасқа түспеуі тиіс! Мәселе қыздықта емес. Қыз баланың өз таңдауында. Егер ол қыздығын сақтаймын десе, ол өз еркі. Бірақ сақтамаймын десе де ол өз еркі. Ол тек өзіне ғана қажет дүние. Меніңше, мүшеқапқа қарсы болу – бұл проблемаға тікелей қарай алмау немесе саусақтардың арасынан сығалап қарау. Депутататтардың өзі қарсы шығып отырса, қайтеміз енді. Менің ойымша, болашақта қызыма айтамын: «Некелескен соң ғана жыныстық қатынасқа түскенің жақсы, әрине. Бірақ егер өзегің өртеніп, махаббат болып бара жатсаң, Құдай үшін мүшеқап қолдан» деп. ВИЧ, анау-мынау да осы жыныстық қатынас арқылы беріледі ғой. Құдай сақтасын, әрине.»

М. Ер адам:

«Менің ойымша қазақи интим тәрбие керек. Соны қалыптастыру керек деп ойлаймын. Мен ата-ана емеспін әлі. Бірақ балаға кішкентай кезінен бастап осы тақырыпта түсіндіру керек деп ойлаймын. Мүшеқап таратқан дұрыс емес деп ойлаймын, бірақ ата-ана өзі жыныстық тәрбиені беру керек. Себебі қазір жыныстық тәрбиеге қатысты көптеген жаман нәрселер болып жатыр.

Ж. Әйел:

«Мен мүшеқаптың ашық тегiн таратылуына қарсымын. Олай мектеп жасында оң солын танымаған жаста қолжетімді қылудың қажетi жоқ. Секстi де мүшеқапты да. Балиғат жасқа жеткен соң керек еткен адам өзі саналы түрде сатып алу керек. Бірақ мектепте ашық түрде қажет болса мүшеқапты арнайы фигураға кигізіп көрсетiп, жыныстық қатынас туралы сауаттылық жүргізу керек. Әсіресе қыз балаларға мүшеқапсыз жыныстық қатынасқа түспеуiн, екі жақты да жауапкершілікке үйрету керек деп ойлаймын. Ата -ана мен бала арасында жыныстық қатынас жайлы ашық әңгіме болуы керек деп ойлаймын. Менің отбасымда ондай ашық әңгіме болған емес. Кейін де (некеден кейін болсын, болмасын) қыз бала көтерген уақытта күтім туралы анасымен ашық әңгімелесе алатын болады. Секс туралы ұят та, екіқабат кезінде күтім туралы әңгіме айту ұят емес деген түсінік болмау керек. Кейбір отбасында қыз көтергенін ұялып, анасымен ашық әңгіме айтпақ түгілі туғанша төркініне бармай жатады»

М. Әйел:

«Қарсымын. Адамның санасы болмаса, отбасында дұрыс тәрбие берілмесе, оған не таратсаң да, не айтсаң да нәтижесі күткеніңдей болмайды. Мұндай жағдайда ең басты компас – ата-ананың қолында. Оқушы баласына дұрыс бағытты көрсету – ата-ана міндеті»

А. Ер адам:

«Қолдаймын. Мектепте оқу жасы 15 тен аспау керек. Жыныстық жетілген оқушылар бәрібір жасырын қатынасқа түседі. Бізге дейін де кейін де болады. Өтірік көрмеген болсаң да бір жылда 3500 қыз мектеп жасында босанып жатыр деген статистика шықты. Бәрі бекер емес. Мектеп жасын 8 сыныпқа дейін қысқартып, ары қарай колледж не кәсіптік мектеп жасап арнайы мюпрофилмен оқытса бұл мәселе шешіледі. Жеке куәлік алған адам үйленуге де құқылы негізі. Біз оны ескермейміз. Сауатты қатынас үшін мүшеқап таратады. Біз өзіміздің дәстүр бойынша қарсы шығамыз. Ал спид т.б жұқпалы ауру жұқтырса таратпағаны үшін айыптауымыз мүмкін»

Ал, сіз қандай пікірдесіз? Ойыңызды жаза отырыңыз. 

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған