Отелло синдромы дегеніміз, басқаша атаумен айтқанда патологиялық қызғаныш. Бұл синдромның белгісі бар адамдар сүйіктісін меншікті затындай иемденіп,  қызғаныш сезіміне бой алдырады.

Сүйіктісінің телефонда “Ало” деген сөзінен бастап, көйлегінің түсіне дейін мән беріп, алданғанына үнемі дәлел іздеумен болады. Жасырын түрде ұялы телефонын ақтару, үнемі бақылауда ұстау және күдіктенген кезінде кез келген жағдайда өзін өзі ұстай алмай агрессияға берілу кәдуілгі әдеті. Әсіресе, жолдасы не жұбайы қасында жоқ кезінде, басында құрып алған түрлі сценарийлерге шырмалып, тәп-тәуір қарым-қатынасына  қауіп тудыруы мүмкін.

Шекспир мұндай қызғанышты «жасыл көзді монстр» деп атайды. Бұл сезімге байыпты қарауға болмайды.  Жағдайдың бақылаудан шығу қаупі тым үлкен. Қызғаныш – табиғи сезім. Қымбат жанын жоғалтып алмаудың  табиғи қорқынышы.

Отелло синдромы туралы терминді алғаш британдық психиатр Джон Тодд 1950 жылдары енгізді. Ғалым бұл атауды өздеріңіз жақсы білетін Шекспир шығармасының бір кейіпкерінің атауынан алған. Ғалымның байқауынша, патологиялық қызғаныш синдромы өздігінен немесе басқа психикалық бұзылулар (мысалы, шизофрения немесе эпилепсия) кезінде емнің немесе ми жарақатының жанама әсерінен болуы мүмкін. Отелло синдромы әйелдерге қарағанда ерлерде жиі кездеседі екен. Мысалы, ерлерде  60 % болса, әйелдерде  40 % шамасында.

Отелло синдромының белгілері қандай?

  • Әрдайым алданып қалудан қорқу.
  • Әркімнен қызғану, шектеу қою.
  • Әйтеуір бір күні сүйіктісі тастап кетеді деген ұдайы қорқынышпен өмір сүру.
  • Жұбын балағаттап қорлау арқылы өзінің қадірін кетіру.
  • Бақылаудан шығып кетіп,  артық әрекеттерге бару.
  • Агрессия және зорлық-зомбылыққа бейім болу.

Не істеу керек?

Мұндай жағдайға тап  болған кезде,  барлық негативті ситуацияны позитивке айналдырып көріңіз. Ең бастысы, жолдасыңның күдіктерінің орынсыз екендігіне көзін жеткізу. Жанама түрде хабарласудың орнына, онымен тікелей байланысып, тілектеріңіз бен одан күтетін үмітіңізді көрсетіңіз. Жағдайды басқара алмасаңыз, онда мамандардың көмегіне жүгінген дұрыс.

Дайындаған Жазира Ташматова

Фото: sozcu.com.tr

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған