Қарапайым этика ережелері: көргенді кыз болудың 35 алтын ережесі

Ешқандай әйел бірден ханым болып туылмайды. Бір ханымға лайық текті әйел болу үшін де көп еңбектену және қарапайым этика ережелерін сақтау керек. Сондай әйел болуға тырысыңыз, айналаңыздағылардың бәрі сізді құрметке лайық көрсін. 

Менің таныс бір профессорым айтушы еді: «Сондай ережелерді білгіңіз келсе, Одри Хепберннің фильмдерін көріп шық, елікте. Одри Хепберн – нағыз ханым дәрежесіндегі әйел. Оның қай фильмін алып қарама, қандай өкінішті жағдай болмасын тымырайып жүргенін бір көрмейсің».

Сол күннен бастап мен Одри Хепберннің фильмдерін көріп, үлгі ала бастадым. Дауыс мәнерімді, жүрісімді, сөйлеген сөзімді, күлкімді, тіпті реакцияларымды бақылауды үйрендім. Қысқаша айтқанда, қарапайым этика ережелерін дұрыс сақтауды қолға алдым. Сіз де жасап көріңіз. Нәтиже беретініне сенімдімін. Өзімнің үйренгендерімді, қолданған нәрселерімді сіздермен де бөліскім келді.

Сонымен, көргенді кыз болудың 35 алтын ережесі:

1) Дыбыстарды анық шығарып, дұрыс сөйлеп үйреніңіз.

2) Жөтелген уақытта, есінеген жағдайда қолыңызбен аузыңызды жабыңыз. Осылайша өз ауруыңызды басқаларға жұқтырмайсыз.

3) Сөмкеңізді әрқашан сол қолыңызға ұстаңыз. Отырсаңыз орындыққа асып қоймаңыз. Әрқашан жерге, оң жағыңызға қойыңыз.

4) Ақша тақырыбын ешқашан талқыламаңыз.

5) Өзіңізге ұнамайтын тақырыпта сөйлескіңіз келмесе, қарсыңыздағы адамның назарын білдіртпей басқа жаққа бұрып жіберіңіз. Мәселен, сол тақырыпты әзілге айналдырып жібер немесе сұрақты өзіне қарсы бағыттап жіберіңіз. Болмай бара жатса, бірдеңені жерге түсіріп алыңыз.

6) Біреу туралы жете білмей, танымай жатып пікір айтпаңыз. Мен өте бақуатты көрінетін кедей адамдарды, жұпыны, қарапайым киінген ауқатты адамдарды көрдім. Адамның қаржылық жағдайына киімдері көрсеткіш бола алмайды.

7) Киіміңіз көзге ұрып тұратындай болмауы керек. Түстері қарапайым және бір түсті болсын. Көбелегі бар, ленталы немесе күлгін реңктер шамадан тыс қажетсіз нәрсе. Аяқ киіміңіз әрқашан ыңғайлы болсын. Қажет болса, қымбаты болсын, бірақ жайлы болсын. Кейде 5 минуттық қашықтыққа ғана жүрем деп ойлап, ұзақ уақыт жүріп қалуыңыз мүмкін.

8) Әрқашан өзіңіздің орныңызға қарсыңыздағы адамды қойып көріңіз. Оның сезімдері, ойларын әрдайым бірінші орынға қойып көріңіз. Сұрақтар қойып, қызығушылығыңызды көрсетіңіз. Көр де тұрыңыз, айналаңыздан құрмет көрген сыйлы адамға айналасыз.

9) Адамдардың өзіңіздің жанында жайлы сезінуіне жағдай жасауға тырысыңыз.

10) Әрдайым күліп жүріңіз. Тымырайған адамдарды көргенде, оларды күлімдетпейінше жайына жібермеңіз. Тіпті сізді көрген кезде, күлімдейтіндей болсын.

11) Әр сөзіңізде «өтініш», «рахмет» сынды сөздерді жиі айтып жүріңіз.

12) Қаншалықты ұнатпай, жек көріп тұрсаңыз да адамның жүрегіне қаяу салмауға тырысыңыз.

13) Интенсивті парфюмдерді шамадан тыс сеуіп алып, айналаңыздағы адамдарды жайсыз күйге түсірмеңіз. Парфюміңізді бір рет мойныңызға себу жеткілікті. Ал, эссенс парфюмдерін білегіңізге жағыңыз. Тіпті иіс кетіруші дезодоранттардың өзін ғана қолдану жеткілікті болуы мүмкін.

14) Қоғамдық орындарда телефонмен қатты дауыстап сөйлеспеңіз. Сізді ешкім мәжбүрлі түрде тыңдауға тиіс емес.

15) Бір жерге барған кезде ең алдымен барлық адамдарға қарап, күлімсіреп, сәлем беріп амандасыңыз. Содан кейін жақындық қарым-қатынас деңгейіңізге қарай қолын алып, құшақтап, сүйіп дегендей амандаса беріңіз.

16) Жаныңызда біреу бар болса телефонды қойып, барлық назарыңызды жаныңыздағы адамға аударыңыз.

17) Әңгімелесу барысында көз түйістіріп, адамның көзіне тура қарап сөйлеңіз.

18) Өзгелердің өмірі жайлы басқа жерде талқыламаңыз. Ол адамның құлағына жетсе ұяттан қалай жерге кіріп кететініңізді елестетіп көріңіз.

19) Біреумен жақын қарым-қатынасыңыз болмаса немесе бірінші рет сөйлесіп тұрған болсаңыз, міндетті түрде «Сіз» деп сөйлеңіз.

20) Егер барамын деп сөз берген болсаңыз, барыңыз. Соңғы сәтте жоспарыңыз өзгерген болса хабарлама жазып емес, тікелей қоңырау шалып жағдайыңызды баяндаңыз.

21) Бір жерге шақырылған болсаңыз, құр қол бармаңыз. Ұсақ нәрсе болса да бір нәрсе алыңыз.

22) Адамдардың салмағы туралы ешқашан жақсы, не жаман пікір айтпаңыз. Арықтық барлық адам үшін мақтанатын нәрсе емес. Кейбір адамдар осыны да көңіліне алып қалуы мүмкін.

23) Адамдардың сізге деген көзқарастарын саралап көріңіз. Кейбір адамдар жақын болуды ұнатады, кейбіреулері белгілі шекарадан аспай, алыстан араласқанды ұнатуы мүмкін. Алдымен қарсыңыздағы адамды жақсылап бақылаңыз.

24) Рұқсатсыз ешкімнің фотосуреттерін пайдаланбаңыз және сыртта фотоға түсіргенде басқа адамдардың суретке ілігіп қалмауын қадағалаңыз. Бұлай жасау әдепсіздік болып есептеледі әрі байқамастан ол адамды ашуландырып алуыңыз мүмкін.

25) Әрбір ортада дін және саясат секілді терең мәселелерді көп талқылай бермеңіз. Кейбір адамдар бұл тақырыпта өте сезімтал болуы мүмкін. Күнделіктті айрандай ұйыған ортаңыздың шырқын бұзушы болғыңыз келмейтін шығар.

26) Жануарларды қатты жақсы көретін жандардың жанында жануарларды ұнатпайтындығыңызды айтпаңыз. Аллергиям бар деп айта салсаңыз әдептірек болады.

27) Адамның жеке басына қатысты сұрақтар қоймаңыз. Егер біреу сізге жеке өмірі туралы айтқысы келсе отырып тыңдауға болады, бірақ сұрайтын тарап сіз болмаңыз. Осыған абай болыңыз. Адамдардың эмоционалдық әлсіздігі маңызды, бірақ мұны пайдаланып кету жағымды нәрсе емес.

28) Айнаның қарсысында тұрысыңызды реттеңіз. Егер иығыңыз салбырап, түсіп тұрса, иықтарыңызды көтеріп жүруге әдеттеніңіз. Зерттеулерге сәйкес, күнделікті бұл жаттығуды 2 минуттан жасап тұрсаңыз, қалыпты әдетке айнала бастайды. Иығыңыз түсіп, басыңыз салбырап жүрмеңіз. Тік жүруге әдеттеніңіз.

29) Тырнақтарыңыз үнемі таза және күтілген болсын. Бұл ерлер үшін де, әйелдер үшін де маңызды.

30) Автокөлікке кіргенде алдымен отырыңыз, бірінші аяғыңызды созбаңыз.

31) Жоқ жерден ұрыс шығарушы болмаңыз. Лажы болса, оқиға жерінен алыста, байланыспауға тырысыңыз. Ең жақсысы – үндемеу. Адам орнына санамайтын мағынасыз таласқа қарағанда бұл тиімдірек. Керек уақытта керек жерде байсалдылық танытуды үйреніңіз.

32) Ауыз тазалығына мән беріңіз. Қалтаңызға жалбыз қосылған кәмпиттер мен сағыз салып жүріңіз. Күні бойы тістеріңізді тазалап жүруді ұмытпаңыз.

33) Сұқ саусағыңызбен біреуге ешқашан нұқып шошайтпаңыз. Сізге қарсы адамдардың реакцияларын көруіңіз мүмкін.

34) Сыпайы, кішіпейіл және табиғи болыңыз.

35) Осы әрекеттерді ханым дәрежесіне лайық үміткер болу үшін емес, ең бастысы өзіңізге өзіңіз ұнау үшін, өзіңізді табу үшін орындаңыз.

Сәттілік, 16 қыз оқырмандары.

@Жазира Ташматова

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған