«Қарлығаш ұя салғанда»: Ерекшелігі мен қателігі

«Қарлығаш ұя салғанда» телехикаясы жарыққа шыққаннан көбі бір-біріне осы туындыны көруге кеңес беріп жатты. Мойындау керек, отандық кинотуындылардан әбден көңілі қалған бүгінгі қоғам жаңадан қандай қазақстандық туынды шықса да көруге асықпайды. Көрмей жатып теріс баға береді. Ал мен көріп барып сөйлейін дедім.

Камшат Жолдыбаеваның әртістік қабілетін мойындаймын. Еркебұлан Дайыровпен ойнайтынын білгеннен соң олардан жақсы дүние шығатынына сендім. Телехикаяның жаңалығымен жазбамды әдемі аяқтау үшін алдымен өзім байқаған қателіктерді тізіп өтейін.

Ең басында Қарлығашты құрбысының балаларына елжірей алмағанына қарап оны балажан емес екен деп шештім. Бір кезде көршінің балалары пайда болды. Қарлығаш оларды бірден жақын тартты. Бұрыннан бірге жүрген жан құрбысының балаларынан гөрі табан астында пайда болған бөтеннің қыздарына мейірлене қалды. Осы тұсы мені аса сендірмеді. Балаға жақын емес екендігін ойнату үшін Тасқынның да қыздарын бірден жақын тартпағаны дұрыс па еді деймін.

Неге балалы құрбысының қолынан үнемі баласы түспейді? Бой түзеп қалған қыздары неге қарамайды? Бала-шағасы құр сөйлесіп отырады, шешелері баламен әуре болып жүреді. Жарайды, күндіз сабақта шығар, кешкі көріністе неге әпкелерінің бала қарап жатқан сәтін көрмейміз?

Қарлығаштың әке-шешесінің ойнағанында мін жоқ. Бірақ шешесі бір сөзінде «Маған әкең не көрсетпеді дейсің. Мен де соның бәріне сендер үшін ғана шыдадым ғой» деп айтып қалды. Бірақ әкесінің образынан жас кезінде шешесінің жанын жеген қасиеті болғанын байқамайсың. Керісінше сияқты…. Әкесі бәрін ақылмен шешетін жөні түзу жұмсақ адам секілді көрінеді.

Қарлығаш пен Тасқынның қарым-қатынасы басталмай жатып неге бірден үзіліп кетті? Екеуі де дәмханада жұмыс бабымен отырса, неге осы жағдайды бір-біріне түсіндіруі соншалық қиын болды? Дәмханаға басқа жігітпен сызыла кірген Қарлығаш Тасқынның басқа әйелмен стақан соқыстырып отырғанына неге сонша ренжиді? Көзіне шөп салып жатқан уағында ұстап алғандай кейіпке еніп неге қайғырады? Осы көрініс көрерменді мүлде сендіре алған жоқ. Бір хабарламамен-ақ бәрін дұрыстап түсіндіруге болар еді. Әп-әдемі қарым-қатынастың бұзылғанын көрсету үшін басқа сценарий қарастыру керек пе еді, әлде?

Әйткенмен әркім өз кейіпкерін жақсы алып шыққан сияқты. Тасқынның қыздары рөлдің жауапкершілігін түсініп ойнағаны сезіледі. Камшаттың балалармен сөйлескені майдай жақты. Оларды еркелетіп еміренгені көңіл қуантады.

Телехикаяға дұрыс тамақтану, психология, диета секілді қазіргі кездегі ең актуалды тақырыптарды жақсы кірістірген. Өз өмірін дұрыстай алмай жүрген психологтың өзгеге кеңес беріп жүргені бүгінгі қоғамда болып жатқан жағдайларды бір түртіп өтті. Артық салмақтан арылу үшін тырысып, көп өтпей оны да тастап кететін әйелдің образын жақсы ашқан.

Әлі тұрмыс құрмаған қыздарды үлкендердің асықтыратын әдеті мен жар таңдауда білек сыбана кірісетін әрекетін де тура жеткізген. Баласы бар еркекке қызын қимаған шешенің жанайқайын түсінуе болады. Бұл да қоғамда бар дүние. Қарлығаштың «Менің өміріме араласуды қашан қоясыңдар?» дегенінен-ақ әр адамның таңдауға және қателесуге хақы бар екендігін жеткізгісі келген секілді.

Телекихаяны өмірге әкелген авторлардың ісіне сәттілік тілеймін. Көш жүре берсін, жүрген сайын түзеле берсін!

@АқеркеӘбілхан

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған