Қазақша бизнес: Африкада

27 желтоқсан күні Қазақстан кинотеатрларына «Қазақша бизнес: Африкада» атты Нұрлан Қоянбаевтың фильмі прокатқа шығады. Фимльның бұл жолғы бөлімінің режиссеры – Әнуар Матжанов. «Қазақша бизнес: Африкада» үшінші жыл қатарынан жаңа жыл қарсаңында ұсынылып отырған отандық сәтті комедиялардың бірі.

Қонақүйді туыстарымен бірге басқарып отырған Жомарт қалыңдығы Айсұлумен бірге бал айына аттанады. Әлбетте онымен бірге туыстары да ілеседі. Олар демалып жүріп, жаңа табыс көзін ашудың да жаңа идеяларын ойластырады. Сол жақта Кения ханзадасымен танысып, Африкадан арзанға шай сатып алуға болатынын біледі. Жаңа бизнес көзін таптым деп ойлаған кейіпкерлер Найробиге аттанады.

«Қазақша бизнес» қазақстандықтар қуана көретін, әрі көруге асығатын комедиялардың бірі болғаны рас. Бұл жолы да Нұрлан Қоянбаев көрерменнің көңілін қалдырмауға тырысқан. Фильм,  демалыс кезінде бүкіл отбасыңмен қарауға тұрарлық комедия. Отбасыңмен қысылмай көріп, әдемі жаңа жылдық демалыстың сәтті өткізуге себеп болады.

Сонымен фильмнен не ұнады: 

  1. Сценарий. Түсінікті, жинақы және нақты айтар ойы бар комедия. Нағыз қазақтардың аңқаулығын, жоспарсыздығын, бауырмалдығын көрсететін жақсы туынды.  Сценарий тартымды, әрі оқиғалары үйлесіп, толық қанды кино болып шыққан. Кино жалықтырмайды, күліп отырып, кейіпкерлермен бірге сол сәтті бірге кешіп жатқандай күй кешесің. Әрі африка елінің өмір сүру салты адамды қызықтырады, біздің кинода мұндай сәттер бірінші рет қолданылып тұрған болуы керек. Басқа тұрмыс-тіршілік адамды қызықтыратыны рас.
  2.  Әзілдер. Әр сөздің қалай және қай жерде айтылуы керектігі нақтыланған, дұрыс әзілдер. Әрі әлеуметтік желілерде хайп болып кеткен нәрселерді сәтті қолдана алған.
  3. Музыка. Әр кинода музыкаға тоқтауға тура келеді. Себеп, музыка жақсы әрі сәтті таңдалған. Әсіресе, ресторанда африкалықтар қазақ әнін орындағанда тупо «Қызыл өрік» не «Мария-Магдалена» орындалатын шығар деп ойлағам. Бірақ «Сағындым Алматымды» айтқан кезде көзімнен қалай жас шығып кеткенін байқамадым. Әнді сағынғаным сонша, әлі тыңдап жүрмін қайта-қайта.
  4. Актерлардың ойыны. Бұл жолы да  Рамазан Амантайға риза болдым. Өз образы мен ойыны сәйкес келеді. Нұрлан Қоянбаевтың қызға бет-әлпеті келмесе де әйел болып киінген кезі әбден күлтірді. Бако деген негр баланың ойыны қызықтырды.
  5. Фильмде қазақи тәрбие, бауырмалдылық, адалдық көрініп тұр. Сондықтан да фильм адамды тартады деп ойлаймын. Филмьның түсірілім сапасы ұнады,  ашық түстер, әдемі кадрлар ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық.

P.S. Перкош тағы да негр қызға ғашық болып қалады, түбінде сол қара қыз алып жүрмесе болды :). Нағыз жаңа жылдық демалыста әдемі көңіл күй сыйлап, демалатын фильм болды. Берер бағам 9/10.

Арнайы 16qyz.kz сайты үшін Айжан Кульмуханбетова

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған