Құдалар фильмі: тек бір құдағи үшін түсірілген сияқты

Қазақ театр сахнасы болсын, кинематографиясында болсын, еркектің әйел рөлін сомдауы қай кезде де сәннен қалмайтын сияқты.

Нұртас Адамбаевтың бір кездері «Келинка Сабинка» жобасы сәтті болып, артынан фильмі шықты. Әр дәуірдің өз уақытында өтетін приколдары мен образдары болады. Алайда, дәл қазіргі сәтте әйел кейпін сомдайтын еркек өтпейді. Мейлі, қай континент болсын. Бірақ, Нұртас Адамбаев көйлегі мен паригін сағынған болса керек, кезекті рет әйел образына, нақтысы құдағи образына ене кетті. Әдеттегідей, гримге ақша үнемдеп, жай парик пен макияж жағып, жалт-жұлт еткен көйлекті үстіне іле салған.

«Құдалар» фильмінің сюжетіне тоқталсақ. Бұл жерде де жаңашылдық жоқ. Ескіден келе жатқан Азия елдеріне тән отбасылық комедия. Алматылық, орысша тәрбиеленген қыз Диана (Динара Бақтыбаева) енді ғана бизнесін дөңгелетіп отырған оңтүстіктің, ауылдың жігіті Даниярға (Олжас Рымбаев) тұрмысқа шыққалы жатыр. Қыздың отбасы бай, қазақша сөйлей білмейді. Үйінде шешесі өзі би, өзі қожайын. Ал, баланың әке-шешесі қарапайым, оңтүстіктің тәрбиесіне қатып қалған ауыл адамдары. «Қызымды бермеймін», «анау қыз шай да құя алмайды ғой» сынды себептермен құдалар арасында түсініспеушілік орнайды.

Фильмде актерлардан гөрі, квнщиктер басым болғандықтан ба фильм өте салмақсыз. Тіпті драматизм сахналарында да бір жыртыңбай әзіл қосқан. Фильмнің логикалық түрде аяқталуы керек жерінде кенет «қой аузынан шөп алмас» әкелері ояна кетіп, әйелдеріне мораль оқып, тарс-тұрс хэппи енд жасай салғаны, тіпті, салмағын құртып кеткен сияқты. Бұл жерде сценаристің кінәсі шығар. Операторлық, режиссерлік жұмыстарды бізге сынауға әлі ерте.

Дегенмен, соншалықты жаман деп сөге де салғың келмейді. Одан алдын көрген «Свадьба_kz» фильмнің қасында көруге тұрарлықтай, тамаша фильм дерсің. Отбасыңмен шай үстінде көруге жақсы, қызықты. Отбасылық құндылық дей алмаймын, бірақ кейде «жұрт не дейді», «ұят болды-ау» сынды ойлар біздің бақытымыздан артық еместігін түсіндіретін ойы жақсы берілген. Актерлер де өз рөлдерін жақсы ойнаған. Жасанды реплика жоқ. Нұртас Адамбаевтың образға шала енуі әдейі сияқты. Егер оның орнына басқа нағыз әйел сомдағанда, фильмде еш сән де, мән де қалмас еді.

Қанша жерден киноға объективті шолу жасаймын десең де, ол міндетті түрде субъективті пікір ретінде кетеді. Талғамға талас жоқ екенін әрдайым ескерген жөн.

16qyz.kz үшін арнайы Райхан Акимбаева

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған