Қысқы дөңгелек таңдау

Қыс мезгілі біраз адамды әуреге салатыны сөзсіз. Әсіресе көлік айдайтын қыз-келіншектердің мәселесі еселене түседі. Сатушыларға алданып қалмау үшін қысқы дөңгелек таңдауда төмендегі кеңестерге мән беріңіз.

  1. Қысқы дөңгелектерді ертерек жазда немесе күзде алып қойсаңыз арзанға түседі. Бір қар түскесін дөңгелектің бағасы екі есе қымбаттайды.
  2. Қысқы дөңгелектердің өрнегіне мән беріңіз, олардың биіктігі 9-10 мм болуы керек және олардың аралары алшақ болғаны дұрыс. Ең дұрысы ассиметриялық өрнегі бар дөңгелектер. Көліктің төрт дөңгелегінің өрнегі бірдей болуы керек, сондықтан бірден жиынтығын алуға дайын болыңыз.  Егер бұрын жүрілген дөңгелек алсаңыз өрнектің биіктігі кемінде 7-8 мм болғанын қадағалаңыз.
  3. Қысқы дөңгелектердің ең жақсысы тікенекті (шипы) және жабысқақ (липучка) түрі. Барлық ауысымға арналған дөңгелектер Алматы облысында, Орталық, Солтүстік, Шығыс Қазақстанда тұратын болсаңыз қатты қысқа жарамайды. Себебі қатты қар жауғандықтан жол мұз болған кезде жиі тайғанайтын болады.
  4. Тікенекті дөңгелектердің химиялық құрамы жаздық дөңгелектерге қарағанда өзгеше болады. Сондықтан олар жұмсақ келеді, әрі сыртқы үлгісі жабысқақ дөңгелектерге қарағанда тартымсыз. Тікенектер уақыт өте келе желініп, түсіп қалады. Дегенмен жаңа технологиялар қазір түспейтіндей жасауға мүмкіндік береді. Тікенекті дөңгелектердің артықшылығы:  қалың қарда, мұзда таймайды, бұрылған кезде тайғанамайды, тежелу жолуын қысқартады, қызмет ету ұзақтығы — 4-5 жыл. Кемшіліктері: асфальтта жүрген кезде шулы, жүрген кезде руль аздап селкілдейді,  жанармай шығыны артады, көктемде жаңбырда сырғанайды сондықтан қар кетісімен ауыстырып тастаған дұрыс.
  5. Жабысқақ дөңгелектер мұзда, жаңбырдан кейінгі сәтте таймайды.  Таңдау кезінде өрнектерінің тереңдігіне, дөңгелектің жұмсақтығына мән беріңіз. Жабысқақ дөңгелектердің артықшылығы: асфальтты жолда ыңғайлы, жаңбырда таймайды, шулы емес, тікенектіге қарағанда жанармай шығыны аз, қызмет ету ұзақтығы – 7 жыл. Кемшліктері: қалың қар мен мұзда сырғанайды, тежелу жолының ұзақтығы, таулы аймақтарға жарамайды.
  6. Дөңгелектердің шыққан жылына мән беріңіз! Жыл өткен сайын резинаның иілгіштік сапасы төмендейді. Сондықтан, 1-2 жыл бұрын шыққан дөңгелек болса бағасын төмендетуді талап етіңіз. Дұрыс сақталмағандықтан дөңгелек құртылуы мүмкін.
  7. Егер қала сыртында, таулы аймақта тұратын болсаңыз міндетті түрде тікенекті дөңгелекті таңдаңыз. Жапонияда, Финляндияда жасалған дөңгелектерді іздеңіз. Оның ішінде жапондық Bridgestone, Yokohama, Toyo  брендтерінің тікенекті дөңгелектерін ойланбай алсаңыз болады, себебі олар қыста қатпайды және біздің ауа-райына ыңғайланып жасалады. Қыста жүруі жеңіл, әрі жемірілуге төзімді келеді. Dunlop жапон дөңгелектері алдыңғыларына қарағанда арзандау, дегенмен сапасы жақсы.
  8. Еуропалық өндірушілердің ішінде Michelin (Франция), Nokian hakkapeliitta (Финляндия), Continental AG (Германия), Gislaved (Швед) дөңгелектеріне кеңес береміз. Бұл дөңгелектердің сапасы да бағасы да жақсы. Біздің елде бағалары тым қымбат деседе болады.
  9. Ресейлік, ТМД елдерінің дөңгелектерін таңдаған кезде сапасына мән беріңіз, себебі көбі қатты қыста (- 20-40 градуста) ағаш сияқты қатып қалады және бір қыстан кейін 50% тікенектері түсіп қалады. Amtel, КАМА ЕВРО, Cordiant, Sava дөңгелектері басқаларына қарағанда сапасы жақсы, бағасы да сәйкесінше.
  10. Қытай дөңгелектерін алған кезде өте сақ болыңыз. Себебі, Қытайдан келген тікенекті дөңгелектерге өзімізден тікенектер қағады. Ал ол тікенектер бір қысқа жетпей түгелдей түсіп қалады. Sailun брендінің дөңгелектерінің көбі тікенексіз келеді, бірақ сапасы жақсы, жұмсақ.
  11. Әлем бойынша жемірілуге ең төзімді дөңгелектер Goodyear (Америка) мен Continental AG дөңгелектері саналады. Олардың қызмет ету ұзақтығы 7-10 жыл.

@АйжанКульмуханбетова

Сурет www.pro-mb.ru сайтынан алынған

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған