Салтанат Байқошқарова: Дені сау ата-аналар да жасанды жолмен ұрықтандыруға жүгінеді

Экстракорпоралды (ЭКО), яғни денеден тыс ұрықтандыру әдісін  Қазақстанға алғаш рет алып келген биология ғылымдарының докторы, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова болашақта жасанды жолмен ұрықтандыруға дені сау ата-аналар да жүгінетінін айтады.

– «Қазір бедеулікке шалдыққан әйелдер тек жасанды жолмен балалы болуды ғана көздейді. Баланың дені сау болып туылуы жайлы ойламайды. Экстракорпоралдық ұрықтандырудан бұрын генетика жоғары тұруы керек. Болашақта жасанды жолмен ұрықтандыруға тек бедеулікке шалдыққан аналар ғана емес, дені сау ата-аналар да жүгінетін болады. Өйткені, дүние жүзінде 10 мыңға жуық генетикалық ауру бар. Бәріміздің айналамызда осындай ауруға шалдыққан бір-бір танысымыз бар. Олардың бәрі дені сау адамнан туды. Бірақ бойларында ауру гендер бар. Соны эмбрион жасап, эмбрионнан генетикалық талдау жасау арқылы дені сау баланы өмірге әкелу жайлы мәселе қозғалып жатыр. Қазір бұл әдіс дамыған мемлекеттерде, әсіресе Америкада іске асып жатыр», – дейді Салтанат Байқошқарова «16qyz.kz»-ке берген сұхбатында.

 

Акушерлік гинекология-перинатология ғылыми орталығының директоры Динара Мырзахметова Қазақстанда ерлі-зайыптылардың 20 % бала табу мүмкіндігінен айрылғандығын жеткізе келе сөзін былай жалғастырды: 

-«Негізі бұл тенденцияны бүкіл әлемнен байқауға болады. Бедеулікке шалдыққандардың 50 пайызы әйелдер, 50 пайызы ерлер. Егер жаңа технологиялар болмаса, экстракорпоралдық ұрықтандыру болмаса мұндай жұптар өмірбақи бала сүйе алмас еді. Денеден тыс ұрықтандырудың (ЭКО) арқасында көптеген ерлі-зайыптылар бала сүйді. Мемлекетіміз тегін жасанды ұрықтандыру квотасына көп ақша бөліп отыр. Биыл 900 квоталық бағдарлама жүргізілді. Егер бір бағдарлама 800 мың  теңге екенін ескерсек, бұл қыруар ақша. Мемлекет қаржыландыратын осындай бағдарламалардың арқасында 2000-ға жуық бала дүниеге келді» -дейді Динара Досалықызы.

 

Бедеуліктің алдын алу және емдеу жолдары 23-24 қараша күндері Алматыда Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының Халықаралық Конгресінде талқыланды. Шараға әлемнің түкпір-түкпірінен мамандар жиналып, репродуктология, генетика, гинекология салаларындағы жаңа технологиялар мен ғылыми жаңалықтар талқыланды. Аталған шараны ұйымдастырушылардың бірі Динара Досалықызы жиынның тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік болғанын айтты.

«Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығы бұл шараны жыл сайын өткізеді. Бұл шараға барлық акушер-гинекологтар белсенді атсалысамыз. Себебі бұл жерде әйелдер гинекологиясы мен бедеулікке байланысты ең өзекті проблемалар талқыланады, жаңа технологиялар айтылады»,- дейді маман.

Шарада бой көрсеткен Салтанат Байқошқарова да бұл Конгрестің маңыздылығы жоғары деп отыр.

-«Шетелдік мамандар өз жаңалықтарын ала келеді. Біз бір-бірімізбен пікірталас ұйымдастырамыз, тың идеялар туады, жаңа технологиялармен танысамыз. Екінші жағынан, өзіміздің де проблемаларымызбен бөлісеміз, ортақтасып шешеміз. Бұл шара барысында генетика мәселесіне де ден қоямыз» – деді С. Байқошқарова.

Арнайы «16qyz.kz» үшін: Балжан Жеңісқызы, Ақерке Әбілхан

Facebook Пікір

1 thought on “Салтанат Байқошқарова: Дені сау ата-аналар да жасанды жолмен ұрықтандыруға жүгінеді

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған