Шақылдақ және төрт патшалық

8 желтоқсаннан бастап Қазақстан кинотеатрларында «Шақылдақ және төрт патшалық» фильмінің қазақ тіліндегі дубляжы көрсетіле бастады. 

«Шақылдақ және төрт патшалық» Болашақ қоры қазақ тіліне аударған 27-ші фильм болды, әлемдік фильмдерді қазақ тіліне дубляждау келесі жылы да жалғасын таппақ.  BІGroup компаниясымен бірігіп 2019 жылы тағы алты әлемдік фильм қазақ тіліне аударылатын болады. Бұл жайында Болашақ қорының басшысы Бауыржан Байбек «Шақылдақ және төрт патшалық» фильмінің жабық көрсетілімінде мәлімдеді.

«Шақылдақ және төрт патшалық» фильмі «Щелкунчик и Мышиный король» (1816) Э. Т. А. Гофманның шығармасының желісінде түсірілген әдемі жаңажылдық ертегі.  Фильм толықтай Петр Чайковскийдың «Щелкунчик» (1892) балетінің музыкасымен көркемделген. Фильмде басты рөлді Маккензи Фой, Кира Найтли, Хелен Миррен және Морган Фримен сомдаған.

Рождествода ерекше сыйлық алған Клара сиқырлы елдерге саяхатқа аттанады: Қар елі, Гүл елі және Тәтті ел. Қыз төртінші патшалыққа да баруы тиіс, ол жерде Тышқандар патшасы бастаған тышқандар әскеріне қарсы тұрады. Ол өзі бұрын танып білмеген патшалықтарға өз көмегін көрсетіп, анасы туралы көп ақпарат алады.

Ертегі өте әдемі әрі әсерлі түсірілген. Фильмді қарап отырып жаңажылдық сиқырға бірге еніп кетесің. Өзіме ұнағандарына тоқтала кетсем: 

1. Чайковскийдің музыкасы толықтай фильм бойы ойнатылып отыруы және ол ешқандай заманауи өңдеуден өтпей сапалы түрде берілгендігі ұнады. Фильмде ойнатылған музыканың бәрі әсерлі, әсіресе Андреа Бочеллидің баласымен айтқан әні өте жағымды естіледі.

2. Фильмде балеттің қолданылуы өте қатты ұнады, әсіресе патшалықтың тарихын айтқан кезде балеттің құдыреті жақсы көрсетілген. Балетте отырғандай әсер аласың.

3. Спецэффектілер өте жақсы қолданылған, ертегі әлеміне сені сендіре алады. Шыршалар, табиғат, патшалықтар жалпы бәрі сәтті суреттеліп, үйлесімді берілген.

4. Актерлердің костюмдері өте әдемі. Жалпы киімге мән бермей кету мүмкін емес, себебі Клара киген мундирдің өзі өте әдемі әрі қыз балаға күшті жарасады.

5. Дубляж. Дубляжда сын жоқ, қазақ тілінде ешқандай тұрпайы сөздер естімейсің, таңдалған дауыстар сондай жағымды. Өте сапалы, бәрі түсінікті.

Фильмнен жаңалық іздеп барудың қажеті жоқ, бұрыннан өзіміз білетін ертегінің жаңа нұсқасы деп қарау керек. Фильм көбіне Клара туралы болып Шақылдақтың екінші планға ысырылып қалуы біраз ойландырады, бір жағы фильмнің жалғасы болатын сияқты ой қалыптастырады.

Жаңажылдық ертегіні сезінгіңіз келсе, фильмді көріп шығуға кеңес беремін. Қазақ тіліндегі нұсқасына балаңызбен барсаңыз, тіпті керемет.

Қазақша сөйлеуді өзімізден бастайық!

Арнайы 16qyz.kz сайты үшін Айжан Кульмуханбетова

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған