Мансапта табысты болу үшін белгілі бір ережелерге сәйкес әрекет еткен абзал. Сіздің назарыңызға ең маңызды 4 қағиданы ұсынамыз:

  1. Күш-қуатын маңызды нəрселерге жұмсау

Фейсбуктің негізін қалаушы Марк Цукербергтің күніге ауыстырмай киетін сұрғылт футболкасы немесе Стив Джобстың əрдайым үстінен тастамайтын қара жемпірі сізге таныс шығар? Неге дүниежүзіне әйгілі миллиардерлерге киімнің түр-түрін ауыстырып кимеске? Өйткені, олар энергиясын киім-кешек сияқты күнделікті күйбеңнен гөрі аса маңызды шешімдерге жұмсайды. Біздің миымыз тәулігіне шектеулі ғана шешім қабылдауға  қабілетті. Табысты жандар «Бүгін не кисем екен?» деген сұраққа басын қатырмайды. Олар күш-қуатын аса маңызды мәселелерге арнайды. Яғни ұсақ-түйекке шашылмай, бірінші салмақты мәселелерге көңіл бөлу табыстың кепілі.

  1. Қателік жасаудан қорықпау

Жоғарғы оқу орындарынан дайын əккі маман шықпайды. Білікті  маман тəжірибесін қызмет жолында жаңа нəрселерді үйрену арқылы қателіктер жасап, оны түзету арқылы жинайды. Әрине өмірдегі әр бастама ойдағыдай шыға бермейді. Қателіксіз адам болмайды. Қателік жіберу арқылы да тәжірибелі маман қалыптасады. Табысты адамдардың бір қасиеті  – олар қателік жіберуден және өз қатесінен үйренуден қорықпайды.

  1. Сынға ашық болу

Тек өзімдікі дұрыс деген ұстаныммен өмір сүретін адамның табысқа жетуі екіталай. Білдей бір концернді басқарып отырсаңыз да, өзіңізге бағынысты жұмысшылармен кері байланыс орнату арқылы, ұсыныстарды өзіңіз талап еткеніңіз дұрыс. Сыни көзқарасқа əрдайым дайын болып, кемшіліктеріңізді мойындау арқылы жоғары нәтижеге жете аламыз. Онсыз өсіп-өну мүмкін емес. Көш жүре түзеледі. Әрине сыни пайымның да жөнді-жөнсізін ажырата білу керек.  Орынды айтылған сын мен ұсыныстарды ескеріп қана қоймай, іске асыру арқылы табыс кілтін таба аласыз.

  1. Ішкі дауысыңызға құлақ түру

Табысты адамдар өз интуициясына сенеді. Интуиция əр адамда бар. Тек кейбір адамдар логикаға жүгініп шешім қабылдауды жөн көреді, яғни ішкі дауысын ескермейді. Адам интуициясына жүгініп шешім қабылдағанда, саналы түрде шешім қабылдағанға қарағанда 10 млн есе көп мәлімет қорытады екен. Яғни ішкі дауысымызға құлақ түрсек, дұрыс шешім қабылдау ықтималдығын асырады екенбіз.

Табысты болудың  жолы сан алуан. Бірақ осы төрт ереже жұмыста табысқа жеткізуге септігін тигізетіні анық: маңызды тапсырмаларға көңіл бөліп, жаңа нəрселерді үйренуден қашпай, сыни көзқарасқа ашық болып, өзіңе сенімді болсаң, мансапта табысты болу мүмкіндігіңіз жоғары.

@СымбатСәбитқызы

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған