Таңғы сегізге дейін жасау керек 8 шаруа

1. Жеті сағат ұйықтаңыз. Өзіңізге өз смартфоныңыз секілді қараңыз: толық қуатталып болғанша ұйқы қандырыңыз. Түнде тым кеш жатып, таңертең ояну қиынға соғатыны рас. Сондықтан өзіңізге арнап ұйықтау кестесін жасап қойыңыз. Бірақ ұйқы жеті сағаттан аспағаны дұрыс. Ұйқының жақсы болғаны күннің дұрыс өтуінің кепілі, әрі деннің саулығына да әсерін тигізбей қоймайды.

2. Оятқышты қаншаға қойсаңыз, дәл сол уақытта оянуға тырысыңыз. Оятқыштың дауысы тәтті ұйқыны бұзғанда минуттарды алға қарай созып, оянуға ерініп жатпаңыз. Өзіңізге 7-де тұрам деп уәде берсеңіз, сөзіңізде тұрыңыз. 7-ден он минут кеткенде ояну – уәдені бұзу. Өз-өзіңізге жауапкершілікпен қараңыз. Американдық ойшыл Ральф Уолдо Эмерсонның «Өз-өзіңе деген сенім – табыстың ең басты құпиясы» деген сөзі осыған дәлел.

3. Бірден жатын бөлмеден шығып кетіңіз. Төсек адамды ұйқыға тартады. Ояна салып сыртқа немесе басқа бөлмеге шығып кеткен дұрыс. Ұйқыдан ажыраған соң ғана кіріп, төсек жинаңыз. Оған дейін жылы да, мамық төсекке жоламаңыз.

4. Жатарда көңіл-күйді бұзатын және уайымға салатын іспен шұғылданбаңыз. Жағымсыз ақпарат оқымаңыз, қиындығын айтуға дайын тұратын адаммен сұхбат құрмаңыз. Барлық шаруаны бітіріп, алаңсыз тынығыңыз.

5. Медитация жасаңыз. Жан-дүниеңізді тыныштандырып, өзгеше тыныстаңыз.

6. Жазба жұмысымен айналысыңыз. Аман-сау оянғаныңыз үшін Жаратқанға алғыс айтып, осы күнге жоспар құрыңыз. Арман-мақсаттарыңызды тізіп жазыңыз. Жазба жұмысы адамның қалауының ертерек орындалуына жәрдемдеседі. Таңертең адамның миы шығармашылыққа ашық болады.

7. Спортпен шұғылданыңыз. Үй жағдайында жасайтын дене шынықтыру түрлерімен айналысуды дағдыға айналдырыңыз. Сыртқа шығып, жүгіріңіз, болмаса жәй ғана жаяу жүріңіз. Осы уақытта пайдалы уағыз, аудиокітап немесе мотивациялық аудиожазбалар тыңдаңыз. Сонда бір уақытта денеңіз жаттығып, бір уақытта миыңыз үздіксіз жұмыс жасап тұрады.

8. Ағзаға пайдалы ас ішіңіз. Таңғы асқа күні бойы қуат беретін азық жеңіз. «Таңғы асты – өзің іш, түскі асты – досыңмен бөліс, кешкі асты – дұшпаныңа бер» деген сөздің жаны бар. Басқа-басқа, таңғы уақытта асқазанның қамын жасауды әдет қылыңыз.

Міне, осыдан кейін күніңіз сәтті өтпеуі мүмкін емес. Іске сәт!

Ұсынған: Ақерке Әбілхан

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған