Тілек тіле: қыздар не армандайды өзі?

29 қарашадан бастап танымал әнші әрі режиссер ретінде өзін сынап жүрген Беркуттың «Тілек тіле»Загадай желание») атты екінші фильмі көрсетіле бастады. 

Мәриям есімді қыз жұмысынан, достарынан және сүйген жанымен бірге болуға деген үмітінен айырылады. Бірақ оған сиқырлы қаламы бар періште көмекке келеді. Фильм ауылдың аңқау қызының арманы мен махаббатын жолықтыру сәтін баяндайды.

Фильм – көңілді әрі қазіргі кездегі біздің инстаграм жайлаған өмір сүру салтын  жақсы көрсеткен және танымал жұлдыздардың көбі өмірдегі өз рөлдерін  жақсы сомдаған.  Фильмнің актерлік құрамы толықтай жұлдыздардан құралған.  Фильмде танымал адамды кездестірмеу мүмкін емес.

Фильм ерекше не ұсына алды? 

Бауыржан Сатов. Оның образы ұнады, бірақ оның қыз не трансвестит екенін ажырата алмадым. Дегенмен, Бауыржанның өзгеруі ұнады. Әсіресе көйлекпен, каблукпен талтаңдап жүрген сәті күлдірді. Қимыл-қозғалысы қызық көрінді. Өмірде тым салмақты жігіттен мынадай өзгеріс күтпеген сияқтымын.

Индира Еділбаева. Жап-жақсы актриса екеніне сендіре алды. Образдарын өзгерткен кезде, макияждың құдыретін анық байқауға болады. Дегенмен, өте әдемі қыз. Нәзік әрі аңқау қыздың образы жақсы шыққан.

Жұлдыздарды пайдалану. Айша мен Беркуттың өмірінің кейбір сәттері әдемі қолданылған. Саят Исембаевтың рэкетир образы, Айдай Исаеваның өміріндегі әдемі романтикасын көруге болады. Жалпы осындай фишкаларды тиімді  қолдана білген.  Фильмнің осы бір ерекшелігі фильмді қарауға қызығушылықты арттырады.

Кенталдың образы ұнады дей алмаймын, алдында «Замуж в 30 лет» фильміндегі образы қайталанған. Тура сондай адам, тура сол образ. Өз ролі үшін ерекше ештеңе ұсына алмаған.

Айым Сеитметова сол вайнер образынан шыға алмай қалған сияқты, дегенмен оның актерлік қабілеті өте жақсы екенін білем. Бірақ, өз ролін бұл жолы толық аша алмады.

Фильмде тағы бір айта кететін нәрсе, қыздарға таңдалған киімдер мен киіну стильдерінің ерекшелігі. Әдемі, заманауи көрінеді. Стилистің жақсы жұмысын бірден көруге болады. Әр образ аяқ киімнен шапкаға дейін жақсы ойластырылған.

Беркуттың фильмді қандай тақырыпта түсіру керек, қалай тартымды етуге болады және оны жарнамалау туралы ойы өзгергені анық. Фильм біріншіден қоғамның қазіргі бейнесін көрсетсе, бір жағынан тойдан бөлек те мотивациялық бағыты бар сәтті комедия түсіруге болатынына сендіре алды.

Фильмді көрген кезде «Мой парень ангел», Кэтрин Хайгл түскен «Загадай желание», «Рождественский ангел» деген фильмдермен ұқсастық байқауыңыз мүмкін, дегенмен біздің көрерменге ыңғайланып түсірілгендіктен фильм тартымды.

Берер бағам 7/10. Фильм екінші рет көруге тұрарлық.

@АйжанКульмуханбетова

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған