Қазақстан кинотеатрларында 27- қыркүйектен бастап режиссер Ақан Сатаев түсірген «Томирис» фильмінің көрсетілімі басталады. Фильмді Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Sataifilm компаниясының қатысуымен «Қазақфильм» киностудиясы түсірген, бас продюсері – Әлия Назарбаева.

Фильмде басты рөлдерді Альмира Тұрсын, Әділ Ахметов, Еркебұлан Дайыров, Берік Айтжанов, Азамат Сатыбалды, Айжан Лайджи, Гассан Массуд сомдаған. Түсірілімге 600 адам қатысқан. Картинадағы соғыс көрінісі Алматы облысындағы Қапшағайда түсірілген. Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов фильмді түсіруге 2 млрд 259 млн теңге жұмсалғанын айтты.

Бұл ұлы даланың аты аңызға айналған Томирис патшайымы туралы фильм. Фильмде кішкентай қыздан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айрылып, сатқындардан өшін алған және сақ тайпаларын өз билігі астында біріктірген арудың тағдыры баяндалады. Ол махаббат пен өз халқының тәуелсіздігі үшін сол замандағы ең қияметті соғыста Парсы империясының патшасы Кирмен шайқасады.

Автордың пікірі: 3 жылдан аса күткен үлкен жобалардың бірі болды. Томирис жайлы фильм түсіреді деген күннен бастап бала кезімізде тарихтан оқыған батыр қыздың образы, ол туралы фильм қандай болады деген ой ұзақ мазалады. «Еее, Ақан Сатаев түсіреді ғой» деп сенімсіз көңілім бір басу алған.

Алайда, А.Сатаевтың басқа фильмдеріндей әсер ала алмадым. Тіпті, елдің бәрі мақтаған «Анаға апарар жол» сияқты қимастық бір сезімді де сыйлай алмады. Мүмкін, мемлекеттік тапсырыс болғасын режиссер өз ойындағысын іске асыра алмады ма, әлде, тарихи фильмге бұл кісінің күші жетпеді ме, фильм «оу, мен күткен керемет фильм болды» деп жұртты таңқалдыра алмады. Мүмкін, сонша мақтап, инстаграмнан тауып алған актрисалары өздері күткендей әсер бере алмады. Тым бір сұсты, тым бір мінезді қыздың образын Альмира Тұрсыннан көре алмадым, өмірі бір нәрсеге көңілі толмай қабағын түсіріп жүретін қатынды ғана байқағандай болдым, одан басқа эмоциялар қайда?… Оған қарағанда Айжан Лайджи сомдамаған сармат қызының образы «ух, мінезі қандайды» дегіздірді. 

Жалпы алғанда не ұнамады?

Тіл. Өзіміздің тіліміз шатасып жүрген кезде мына үш тілді фильм мүлдем шатастырып жіберді. Фильм сақ тілінде болғанымен, орыс тіліндегі дубляжбен бірге келген жерлерде кейбір сөздерді түсінбей де, естімей де қаласың. Сасқаныңнан не айтты деп қазақ тіліндегі субтитрға көзің жүгіреді. (Жалпы осы субтитрлар адамға кез-келген фильмді дұрыстап көруге мүмкіндік бермейді). 

3D қолдану. Ана қанаты бар шоқ болып жанып тұрған жолбарыстың бейнесін көрген кезде, не ойларымды білмей қалдым. Тим Бертонның соңғы фильмдеріндегі образдары ана жолбарыспен жолықпайтыны қандай қуантты десеңізші.

Табиғат. Қазақтың жері ылғи құмды шөл даладан тұрады ма деп қалдым. Неге, керемет жерлер жоқ, құм дала, шаң-топырақ. Жалпы, сақтардың орналасқан жері Алматы облысындағы Есік қаласының маңы, сонда ол жердегі таулар қайда кеткен? Тарихи фильм болғандықтан, аздап болсын тарихи факторларға қарау керек қой! Есік қаласының маңы бекер хан ордасы болып таңдалмаған. Себебі сіз Есік қаласынан шығып төмен түсіп келе жатқанда айналадағы жер алақандағыдай боп көрінеді. Ол жердегі қорымдарды кадрға енгізу керек пе еді?.. 

Декорация. Неге сақтардың қорғаны жапа там? Сақтар соншалықты кедей болған ба? Алтын адамның қазіргі табылған мүрдесінде соншама алтыны болған халық сондайлық үйде тұрды дегенге сенгім келмеді. Сонан соң, түсінгенім бойынша Томиристың ұлы Сарғапты жерлеген кезде ол қазіргі Алтын адам болса, жерлеу рәсімі өте қарапайым болған. Сонан соң әкесі екеуін неге бірге жерледі? Фильм ТАРИХИ деген мәртебеге ие болғандықтан, мұндай қателікке бой алдырмау керек деп ойлаймын.

Не ұнады?

Кейіпкерлердің костюмдері. Киімдері мен гримдері, көздерінің жасылдығы бірден көзге түседі. Бірақ, сұр түс басым. Дегенмен, костюм бойынша барлық детальдар ойластырылған және әдемі берілген. Әсіресе ер адамдардың бас киімдері әдемі берілген. Томиристің киімдері де жақсы шыққан. 

Соғыс кадрлары. Жоғарыдан, жақыннан, соғысу тактикаларын жақсы түсірген. Томиристің әкесімен жаттығуы, ұлының әкесімен жаттығуы жақсы берілген. 

Актерлар құрамы. Көбі танымал актрерлар екенін білеміз ғой, дегенмен Аян Өтепберген, Азамат Сатыбалды, Айжан Лайджи, Томиристың кішкентай кезін сомдаған қызды өздеріне берілген міндетті жақсы алып шыққан. 

Жалпы алғанда, фильмның қатты әсерін сезе алмадым. Бір рет көруге ғана жарайды. 

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған