Тоқымашылардың назарына: Жіп таңдай аласыз ба?

Тоқыманы бастамас бұрын алдымен бұйымның үлгісін, біз және жіп дайындау керек. Ең маңыздысы – жіп таңдау.

Бүгінде жіптің түр-түрі бар: жүннен иірілген жіп, кашемир, мохер (ангор ешкісінің жүні), жасанды жібек (вискоза), жібек, мақта, акрил және т.б.  Жіпті әдемілігіне қарамай, тоқитын бұйымыңызға, қаншалықты жиі қолданып, жуатыныңызға байланысты таңдаған жөн.

Мысалы, шұлықты тесілмеуі үшін құрамында 25 пайыз синтетикасы бар жіптен тоқыған абзал. Сәнді киімдер үшін жіңішке, қымбат жіп алу керек. Ал, балаларға ангора, мохерден тоқыған дұрыс. Бірақ мұндай киімдерді жиі жууға болмайды.

Маусымға қарай жіп таңдауға тоқталсақ…

Жаз
Мақта жіп. Тоқымашылардың арасында кең танылған жіптің бірі. Кемшілігі – пішінін тез жоғалтады, жуғаннан соң созылып немесе тарылу мүмкін. Сондықтан арнайы өңделген (мерсеризация) түрін алған жөн.

Бамбук. Жеңіл әрі жұмсақ. Микробқа қарсы қасиеті жоғары болғандықтан, балаларға арналған бұйымдар тоқуға болады. Аллергияны қоздырмайды.

Сондай-ақ, жаздық бұйымдарды жібек, микрофибра, вискозадан тоқуға болады.

Қыс
Жүннен иірілген жіп. Мұндай жіптен жылы киімдерді тоқуға болады: күрте, шұлық, бас киім мен мойынорағыштар. Құрамы табиғи болғанмен, күтіп кимесе, созылып кетуі мүмкін. Формасын жоғалтпауы үшін акрил қосылатыны сондықтан (5%, 10%,15%, 20%, 50%, 90%).

Меринос. Өте жұмсақ әрі жіңішке. Балалардың нәзік терісін тітіркендірмейді.

Альпака. Ламаның жүнінен жасалатын жіп өте жылы әрі қымбат болады.

Сонымен қатар, қыстық киімдерді кашемир, ангора, мохер жіптен тоқыған жөн.

Көктем-күз
Акрил (синтетика). Мұндай жіптің сыртқы көрінісі  жүн-жіп сияқты. Тоқыма бұйымдары жеңіл, ыңғайлы және жылы болады. Тіпті кір жуғыш машинада жусаң да созылмайды.  Кемшілігі – ылғал тартқыш. Бірақ 100 пайыздық акрил жіп жиі қолданылмайды. Көбінде басқа жіптің түрін қосады. Маусымдық киімдер үшін құрамында жүннен гөрі акрилі көп түрін таңдаған жөн.

Тоқыма бұйымдарын сатып аларда құрамына мән беріңіз. Балалардың қыстық бас киімі  100 пайыздық акрил болмағаны жөн.

@ЖаңылайБазарбай

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған