Тоя тамақ жеудің психологиялық себебі

Кейбіреулер көңіл-күйі түсіп кеткен кезде, жағымсыз ойдан, күрделі эмоциядан, жан ауыртатын естеліктерден, жайсыздықтан, жалғыздықтан, айналасында ашуына тиетіндерді бір сәтке ұмыту үшін, өзін кінәлі сезінгеннен, бірнәрсеге қанағаттанбай қалса да дәмді, тіл үйіретін тағамдарды жеуге тырысады. Әсіресе, бутерброд, печенье, пицца жеу әдетіне айналады. 

Көңілдің жүдеген сәті мен алаңдауын біз бейсаналы түрде бала кезімізде үйренгенбіз, себебі емізулі кезде ана баласын тыныштандыру үшін кеудесін тосады немесе жылы су/сүт құйылған бөтелкені бере қояды.

Ең қызығы, біз есейсек те тамақ мәселесіне келген кезде саналы бола бермейміз. Клиенттерімнен мысалдар келтіре кетейін: «Үйге жұмыстан шаршап келемін, бір кезде басым кәдімгідей істемей қалады да, тамақ жей бастаймын. Ұзақ уақыт отырып жеймін және ішімдегі бос қуыс толғанша тамақтың дәмі мен иісін сезінбестен жей беремін». «Мазам кете бастағаннан тамақ жеуге отырамын. Дереу жеткізіп беру қызметі арқылы тағамға тапсырыс беремін, не өзім жасаймын немесе бургер мен пицца сатып аламын. Ал тоңазытқышымнан торт пен бәліш үзілген емес. Себебі, өзімді жайсыз сезініп, сенімсіздік ояна бастаған сәттен әйтеуір бірдеңе жеуге ұмтыламын».

Егер осылай үнемі тамақ жей беру әдетке айналса соңы әрине салмақ қосуға, қимыл-қозғалысқа, жүрек-қантамыр жүйесіне, асқазан ішек жолдарының ауруына әкеліп соғады. Ол аздай, жеке өмірінде де мәселелер туындап, адамдармен араласуы қиындай түседі. Тамақты осылайша қарпып жейтіндер тойып алғаннан кейін ұялу сезімін, өзін қабылдамау, жек көру, көңіл-күйінің одан сайын түсіп кететінін, шарасыз қалатындарын мойындаған.

Тоя тамақ жеген адам көбіне өзін жазалағысы келіп тұрады. Тамақты опырып жеуді әдетке айналдырған адамның бұл халін компульсив тамақтану, ас ішудегі психогендік ауытқу дейміз. Бұған көп жағдайда психологтың көмегі қажет.

Компульсив тоя тамақ жеудің негізгі себебі – ол жағымсыз эмоция мен жабысқақ ауыр ойдан, естеліктерден, сезінуден қашудың амалы. Яғни түп мәні іште болып жатқан арпалыстан қашу. Әрине, бей берекет тамақтанудан адам біраз уақыт болсын іштегі жегідей жеген ойларынан айығуы мүмкін, алайда ескі проблемалар бәрібір қайта оралып, бұрынғысынан бетер жайсыздық тудырады.

Адамның ақылы/миы проблеманы тез шешуге дағдыланған. Сөйтеді де: «Ішіңді мазалап тұрған жайттан қандай жолмен болсын тез құтыл. Эмоцияңды тұншықтыр да көңіліңді басқаға аудар! Ауыр ойдың көзін тез құрту керек, жан ауыртар бір жайт есіңе түсті ме, қаш. Естеліктердің көкейіңе ұялап, жақындауына жол берме!» дейді. Дәл осылайша үнемі өз өзіңізден қашатын болсаңыз, ол одан сайын үлкен проблемаға айнала бермек.

Не істеу керек?

Есіңізде болсын, сізге жақпай тұрған эмоциялар, уайым, естеліктер – олар сізге қашып кететіндей жау емес. Ол бар болғаны сіздің өміріңізде баланстың жоғалғандығын көрсетіп тұрған белгі, яғни өзгеріс жасауыңыз қажет.

Іштегі жағымсыз сезімдермен қарсыласқан сайын – ол бізді одан сайын жанши түспек. Сол үшін бір сәтке болсын кері шегініп, дәл сол сәтте Жан дүниеңізде не болып жатқанын сырттай бақылап көруге тырысыңыз. Эмоцияға, уайымға, ойға ерік беріп, еш қарсылықсыз, күрессіз мүмкіндік беріңіз. Ол сіздің бір бөлшегіңіз, тіпті жаныңызды ауыртып, жабырқатса да. Сеніңіз, бұл әдістен жақсы нәтиже шығады.

Басыңызға түскен проблеманың себебі мен оны түсіну үшін, өткенді ойлап қазбаламауға тырысыңыз. Қазіргі сәтте болыңыз, себебі өмір қазір және осы шақтан тұрады.
Басыңызда болып жатқан жайттарды өзге адамдарға, бақытсыз балалық шаққа, сізге дұрыс көңіл бөлмеген ата-анаға, қайырымсыз күйеуіңіз бен достарыңызға жаппаңыз. Бұл сіз қалаған өмірді сүруіңізге көмектеспейді. Керісінше, осы проблемалар болмағанда не істегіңіз келер еді, соған мән беріңіз.

Қаншалықты өзгелердің көзқарасы мен ережелерін ұстанып, айналаңыздан әрекетіңізге қолдау күтіп, өзгелердің өзгеруін күтіп жүрсіз? Одан гөрі өміріңізде сіз үшін не маңызды, не нәрсе құнды, не идеал, сол үшін күрескеніңіз әлдеқайда абзал.

Татьяна Кобзева, психолог
Аударған #Жансая СЫДЫҚБАЙ

Facebook Пікір

1 thought on “Тоя тамақ жеудің психологиялық себебі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған