Үй жағдайында фитнеспен айналысудың пайдалы және кері жақтары қандай?

Қазіргі карантин уақытында үй жағдайында фитнеспен айналысу өте актуалды тақырыптардың бірі болып тұр. Елімізде көптеген адамдар наурыздан бері көбінесе үйде отыр. Қимыл қозғалысы шектелген адамдар көбейген. Ал ол қан айналымының бұзылуы, артық салмақ, әлсіздік пен ас қорыту жүйесінің бұзылуына алып келетінін көбі біледі. Сондықтан, 16qyz үй жағдайында фитнеспен айналысудың жақсы және кері жақтанын қарастырып көрген еді. Сонымен үйде жаттығу жасаудың тиімді тұсы қандай екен?

«ТИІМДІ»

Қаражаттың үнемделуі

Фитнес орталықтардың абоненттік құндары жоғары болып келетінін есептемегенде, көптеген мұндай оралықтарда спа-салондар, массаж, фито-барлар бар. Тіпті көпшілік арасына барғанда әдемі, әрі сәнді спорт костюмін киіп мақтанғысы келетіндер де табылады. Осындай артық шығындар үй жағдайында жаттыққан кезде болмайды. Бұдан бөлек фитнес клубқа барып келетін жол шығынын да үнемдейсіз.

Еркін қимыл

Үйде жаттыққан кезде қанша уақыт және қалай жаттығатыныңызды өзіңіз шешесіз. Тіпті түрлі жаттығуларды байланыстырып немесе алмастырып, өзіңізге ұнаған жаттығу түрін құра аласыз. Осылайша қаттығуды қызықты ете аласыз.

Уақытты үнемдеу

Көп адамдарда фитнес клубтары үйлерінен алшақ жерде орналасады. Үлкен қалалардағы көлік кептелісі, спортзалға сөмкеңді, киім кешегіңді дайындап жиналу да уақытты талап етеді. Ал үйде қалаған уақытыңда, үйіңіздің қалаған бөлмесін фитнеске арнай аласыз. Ал өз жұмыс кестеңіз бен жаттықтырушыңыздың жұмыс кестесін үлестіру туралы ойлаудың тіптен қажеті жоқ. Үйде жаттығу уақытты үнемдеудің таптырмас жолы. Мүмкін сіз таңғы төртте жаттығу жасағыңыз келетін шығар, ал бұл уақытта жұмыс істейтін фитнес орналықтар жоқ деуге болады.

«ТИІМСІЗ»

Елмен бірге көңілді

Осы қоғамның бір бөлшегі болғандықтан барлық адамға қоғаммен аралас-құралас болып жүрген ұнайды. Мақсатың бір адамдарды кездестірсең күш аласың, басқалармен бірге бір істі істеген қызығырақ. Фитнеспен орталықта айналысудың басты артықшылығы осы деуге болады.

Бақылау жоқ

Жаттығу нәтижелі болуы үшін жаттықтырушының кеңесі мен бақылауы өте маңызды. Әсіресе фитнесті жаңадан бастап жатқан азаматтар артық қыламын деп тыртық қылып жататын жағдайлар көп кездеседі. Жалғыздың кейде шаңы шықпай қалатын кездер де болады. Үйде үзбей жаттығу үшін ерік жігер де молынан қажет. Шаршадым деп ойлауыңыз мүмкін. Ал жаттықтырушы шын мәнінде сізге нәтижелі жаттығу үшін қанша күш салу керектігін біледі.

Үнемшілдік салғырттыққа әкелуі мүмкін

Жаттығу залына абонемент сатып алып қойғаннан кейін сіз міндетті түрде жаттығуды үзбеуге тырысасыз. Одан бөлек қоғамдық ортада «болмасаң да ұқсап бақ» қағидасы іске қосылады. Ол дегеніміз қоғамдық жерге, елдің ортасына барғаннан кейін дұрыс киінуге, дене бітіміңізді қадағалауға, жаттығуыңызды дұрыс жасауға, елден қалыспауға тырысасыз. Ал бұл қосымша мотивация береді. Үйде мені ешкім көріп, бақылап тұрған жоқ деген оймен тіпті шашын да тарамай фитнеске кірісіп кететін адамдар бар. Мұндай адамдардың қатарына жатпаған жөн.

Ерік күші керек

Үйде жаттығу жасау үшін әрқашан өзіңді қамшылап жүруің керек. Ал ол кез келгеннің қолынан келе бермейді. Себебі өз-өзіңді жігерлендіру де артық энергияны талап етеді. Ал егер өзіңізді жігерлендіріп отыратын болсаңыз жақсы нәтижеге үйде де жетуге болады.

Үйде болсын, спорт залда болсын, жақсылыққа әкелетін барлық бастамаларыңызға 16qyz сәттілік тілейді! Еш қимылсыз отырғаннан үй жағдайында болса да фитнеспен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануға мамандар кеңес береді.

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған