Үйленгендеріне бір-ақ жыл болған жас жұбайлар неге ажырасады?

Бірін-бірі сүйетін қос ғашық ажал айырғанша бірге боламыз, қуаныш пен қайғыны бірге көреміз деп серттесіп неке қияды. Бірақ неке тек махаббатты ғана місе тұтпайды. Екі жақ келісіп, шаңырақ көтергеннен кейін тұрмыстық өмір басталады. Тұрмыстың тауқыметі екі ғашықтың тәтті сезімдерінің дәмін бұзуы әбден мүмкін.

Психологтар отбасылық өмірдің дағдарысқа ұшырайтын белгілі бір кезеңдері болатынын айтады. Олардың пікірінше, некеге қауіп төнетін ең күрделі кезең – алғашқы жыл. Бұдан бөлек, психолог мамандар отбасылық өмірдің бесінші, сегізінші және он төртінші жылы некенің бұзылуына әкеп соғатын факторлардың көбейетінін жиі айтады.

Бәрін басынан бастайық. Неге отбасылық өмірдің алғашқы жылында некеге мұндай қауіп төнеді? Неге сүйіп қосылған жандар тез арада айырылысуға асығады? Кінә неден немесе кімнен?

1. Сезімнің сөнуінің әсері. Кейде алып-ұшқан сезімдер отбасылық өмірді құруға себеп болғанымен, оны сақтап қалуға қауқарсыз болып жатады. Үйленгенге дейін «соқыр» болған көз бен «керең» болған құлақ отбасын құрғаннан кейін қайта ашылады. Бір-біріне жағу үшін киілген бет перде шешіліп, шын мінез-құлық көріне бастайды. Баяғы сүйдіріп, өртеген сезімдер менмендік пен тәкаппарлықтың көлеңкесінде қалып қояды. Екі жастың да ішінде сезімге мас болып жатқан «Мені» оянып, басқаша сайрай бастайды. «Менікі дұрыс, сенікі дұрыс емес» деген бәсеке арасында махаббаттың буы бәсеңдеп, жалыны сөне бастайды. Екеуін қосқан сезімдер ұрыс-керіс, қырсықтық пен қыңырлықтың күшімен күйрей бастайды. Осындай жағдайдан кейін екі жас өздерінің неге үйленгенін білмей, ажырасу жайлы сөз қозғалатын болады.

2. Әділетсіздіктің әсері. Бір-біріне құрмет көрсетуде орын алатын әділетсіздік те некенің құлдырауына әкеп соғады. Неке екі адам жауапкершілікті теңдей сезінгенде ғана гүлденеді. Бәрін әйелдің, не еркектің мойнына арқалап қойған жарамайды. Ер адам әйелінің сыйлап, құрметтегеніне мәз болып, өзі оған жауап ретінде ілтипат білдірмесе отбасылық өмірде нағыз әділетсіздік орнайды. Ғашықтық сезім де, отбасылық міндет те теңдей жауапкершілікті қалайды. Ері үйге тамақ әкелсе, әйелі разылығын білдіруі керек. Әйелі пісірген тағамды жеп, ері ризашылығын білдіргені жөн. Ері әйеліне қорған болса, әйелі еріне жан тыныштығын сыйлауы керек. «Мен саған беремін, сен маған бересің» деген заңдылықты қатаң ұстаған дұрыс.

3. Материалдық жағдайдың әсері. Отбасын жаңа құрған екі ғашықтың «сүйемін, күйемін» дегенінен де басқа маңызды дүние барын үйленгеннен кейін ғана ұғынады. Құштарлық пен ғашықтық қарапайым ғана сезімдер. Бір-біріне қарап, елжіреп отырғаннан ешкім аспаннан тиын жаудырмайды. Сондықтан көбі материалдық жағдайдың некені қалай билей бастағанын сезбей қалады. Өмірге сәби әкеліп, отбасы мүшелерінің саны артқан сайын қажеттілік те арта береді. Қалағанына бірден қол жеткізбегендіктен, бәрі бірден бола салмайтынына күйініп, отбасында ақша үшін түсініспеушіліктер туындай бастайды.

4. Туыстардың әсері. Қазақта «Ене мен келін» дауы бұрыннан бар. Әп-әдемі жұбы жарасқан қос ғашықтың арасына іріткі саламын деген ниеті болмаса да көп ата-аналар жастардың ажырасуына себепкер болатыны жасырын емес. Үлкендердің жастарды түсінбеуінен, жастардың үлкендерді құрметтемеуінен көп кикілжің орнап жатады. Қай жақтың сөзін сөйлерін білмей екі ортада есеңгіреп қалатын еркектің халі қиындайды.

5. Төсек қатынасының әсері. Көбіне ер жігіттер құсын қолына қондырып алғаннан кейін оған деген қызығушылығы басыла бастайды. Бастысы – ол менің қойнымда, қайда барады деп қанатын кеңге жаяды. Алғашқы кезеңде туындайтын түрлі кикілжіңдер екі жастың төсегін де суыта бастайды. Бала өмірге келгеннен соң көп әйелде босанғаннан кейінгі күйзеліс күшейіп, ерін жанына жолатқысы келмей қалады. Мұндайда ерінің көңілі сыртқа ауып, жемтігін түзден аулай бастайды. Ажырасуға себеп осылай жоқ жерден қылт етіп табыла кетеді.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған