«Ұлы дала комедиясы» жетістігінің 7 сыры

(Спойлер бар!)

Басты рөлде әнші Төреғали Төреәлі ойнаған «Ұлы дала комедиясы» фильмі Youtube желісіне жүктелгелі бері үш күн ішінде 3 млн-нан аса көрілім жинап үлгерді. Ticketon.kz сайтының мәліметі бойынша, фильм қазан-қарашадағы прокатында да 183 млн теңгеден аса табыс көрген. Қазақ тілінде түсірілген фильмнің осыншалықты табысты болуының сыры неде? Біз саралап көрдік.

1. Басты рөлде көпшіліктің сүйікті әншісі. Оның үстіне, абыройы біршама шайқалған сүйікті әнші. Иә, 2018 жыл Төреғали үшін біршама сынаққа толы жыл болды. Павлодардағы келеңсіз оқиға Төреғалидің атағына теріс әсер етті, аудитория жақтаушылар және даттаушылар болып екіге бөлінді. Және осы дауға нүкте ретінде әрі әншінің бәрін түсініп, «тәубеге» келгенінің айғағы ретінде фильм шықты. Бұл бір жағынан әншінің өз-өзіне мысқылмен қарай алатындығының және көптің пікірімен санаса алатындығының дәлелі болды. Фильмде атышулы роликте айтылатын қағытпа сөздер орынды әрі сәтті қолданылған.

2. Отбасылық құндылықтар. Адамның байлыққа масайып, отбасын, достарын, айналасындағы таныстарын ұмытып, масаттана бастағандағы түрі мен оның топ етіп жерге құлауы. Яғни, ертегілерде жиі қолданылатын адалдық пен арамдық, жамандық пен жақсылық, байлыққа масаю мен тәубешілдіктің ара жігі ажыратылып, сәтті көрсетілген.

3. Қарапайым отбасының, яғни Қазақстан халқының 70-80%-ның боямасыз өмірі. Иә, көптеген отбасы Төреғали сомдаған Талғаттың отбасының күйін кешіп жатыр. Отағасы бір кәсіптің иесі, орташа айлық алады, пәтер жалдап тұрады, әйелі көбіне-көп екіқабат немесе декретте отыр, үйде «копилкада» немесе депозитте өз баспанасына ақша жинайды, оны әрі кейде шыдамай ашып қояды. Бәрі-бәрі бүгінгі көпшілік отбасының күйін сипаттайды.

 

4. Актерлердің сәтті таңдалуы. Барлық актер өз рөлінде барынша шынайы ойнап шыққан. Асыра ойнау, не рөлге кіре алмау – бұл көптеген қазақстандық фильмде үлкен мәселе екені анық. Алайда дәл осы фильмде бәрі өз рөлін бір деңгейде, лайықты ойнағаны қуантады.

5. Зұлым кейіпкердің рөлін шашын бояп алған, құлағында сырғасы бар жаңа бағыттағы әншінің сомдауы. Осымен де көпшіліктің көңілінен шыққан сияқты. Трендтегі тақырып болғандықтан орынды қолданылды. Дегенмен, «ӘӘӘ» кейіпкердің рөлін 100% зұлымдық деуге келмейді, себебі ол түбінде масаттанған әншіні «орнына қоймақшы» болған. Жалпы фильмде аса қатігез, тасжүрек, мейірімсіз адам жоқ деуге болады.

6. Позитивке қанық болуы. Фильм басынан аяғына дейін позитивке толы, яғни кейіпкер үшін қатты алаңдап, қиналып отыратын кез болмайды. Келеңсіз оқиғалардың өзі артынан позитивке ауысып, бір деңгейде жүріп отырады.

7. Режиссердің кәсібилігі. «Халық өз бағасын бере жатар» деген сөзді әншілер мен актерлерден жиі естиміз және бұл сөзді дәл осы туындыға қарата айту орынды сияқты. Режиссердің мотиві бізге белгісіз болғанымен, өз еңбегін адал атқарғаны көрініп тұр. Яғни ақша үшін емес, әнші үшін емес, өз жұмысынан ләззат алып, жақсы фильм түсіруге талпынғандығы байқалады.

Сценарий бастапқыда қай тілде жазылғаны беймәлім, дегенмен калька аудармалардан ада, қазақи әзілдер, диалогтар, әрекеттер, мінездер – фильмді қазақтарға тартымды етуінің тағы бір сыры. Осы арқылы да көпшіліктің көңілінен шығып, сенімін ақтаған сияқты.

Сонымен қатар, фильмнің кемшін тұстары да жоқ емес. Оның ішінде ашық мораль оқу. Мысалы, «Бастысы байлық емес, отбасы екен», «Анам осылай мені күтіп жүрген екен ғой» деген сияқты сөздер артық болған сияқты. Бұл бір асты шайнап бергенімен қоса, жұтуға көмектесіп жібергендей әсер болды. Фильмнің моралі мен мазмұнын адам өзі-ақ саралап, түйсінгені дұрыс. Сондықтан, осы жерлері фильмді кейде балалардың ертегісіне ұқсатып жібергендей.

Соған қарамастан, «Ұлы дала комедиясы» әншілер түсірген фильмдердің ішінде ең үздігі деуге болады. Бұл Төреғалидің жолы болғыш екенінің көрсеткіші ме, әлде командасының мықтылығынан ба, оны уақыт көрсете жатар.

Автор: Анар Мұстафина

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған