Youtube порталынан күміс батырма алған аспаз қыз

Гүлжаннат Нурушева –  Youtube арнасында қазақ тілінде аспаздық жайында блог жүргізіп алғашқы болып күміс батырманы алған фуд-блоггер. Youtube күміс батырманы 100 000 жазылушысы бар каналға ғана береді.

Қазақстанда бұл батырманы алғандар саны саусақпен санарлық. Сондықтан да, бүгін біз Гүлжаннатпен кішігірім сұхбат жүргізіп, фуд-блогердің біраз құпиясын білген едік. Сіздерге пайдалы болады деген үміттеміз.

16qyz.kz: Жалпы фуд-блогерлікке қалай келдіңіз? Арнайы аспаздық бойынша мамандығыңыз бар ма?

Арнайы аспаздық мамандығын оқыған жоқпын, бірақ, бала кезден бері тамақ пісіргенді жақсы көремін. Әсіресе тәттілерді, торттарды пісіріп, үй ішін қуантқан ұнайды. Ең алғаш рет 8 сыныпта оқып жүрген кезімде Aitaber.kz сайтына мәзірлерді салып бастаған болатынмын. Кейін 2017 жылы инстаграмға бірінші видео-рецептімді салдым. Жақсы пікірлер келген сайын рецепттермен көп бөлісіп оқырмандарымның алғысын алып жүрдім. Бірақ, инстаграмда 1 минуттық лимит бар, айтайын деген ойыңды, рецептті 1 минутқа сыйдыру өте қиын. Сол себептен қазақша түсіндіріліп түсірген рецептімді  YouTube сайтына  салуды жөн көрдім.

16qyz.kz: Жалпы бұл өнеріңізге отбасыңыз, туыстарыңыз қалай қарайды? Уақытыңыздың көбін интернет алып жатыр деген сұрақтар туындамай ма? Сізге фото, видео түсіруге кім көмектеседі? Арнайы құрылған командаңыз бар ма?

Бұл менің сүйікті ісім. Туыстарым бұл ісімді қолдайды, тіпті, кейде жақсы кеңестерін беріп отырады. Рецептті аптасына 2 рет түсіремін, рецепт түсіруге максимум 2 сағаттым кетеді, уақытымды көп алмайды деп ойлаймын және де сүйікті ісіме айналған соң қанша уақыт бөлсем де шаршаған емеспін, керісінше рахат аламын. Видеоны өзім түсіремін, өзім монтаждап өңдеймін.

16qyz.kz: Жасаған тамақтарыңызға қаншалықты жиі тапсырыс аласыз? Жалпы фуд-блогерлік арқылы бір айда қанша қаражат табуға болады? Жарнама алуды қалай іске асырасыз?

Тағамдарға тапсырыс қабылдамаймын, бірақ, кезінде торттарды тапсырысқа пісіріп жүрдім. Фудблогерлік дегенде жалпы өзіңіздің жеке блогыңыз болса, жақсы табысқа шығуға болады. Барлығы да өзіңізге байланысты. Жарнамаға өте көп ұсыныс түседі, барлығына келісе бермеймін. Өзімнің тәжірибемнен, қолдануымнан өткен нәрселерді ғана жарнамалауға тырысамын.

16qyz.kz: Бізде қалыптасып қалған комплекс бар «аспаз адам толық келеді» деген, сіз осыншама тәттілерді пісіре тұра қалай дене бітіміңізді сақтайсыз?

Бұл сұрақ өте көп қойылады. Нақты жауап бере алмаймын, бірақ, көп қозғалыстың нәтижесінде деп ойлаймын. Және де әйел қауымына айтарым «ұйықтар алдына 3 сағат қалған кезде тағам жемегеніңіз абзал»).

16qyz.kz: Осынашама әдемі тамақтарды жасауға қайдан идея аласыз, қалай шабыттанасыз? Қонақтар сіздің үйге жиі сұранып тұра ма?

Ағылшын, түрік, орыс фудблогерлерінің жасаған рецепттерін қарай отырып түрлі жаңа идеялар келеді, соны бірден пісіріп, жақсы шыққан тағамдарды видеоға түсіруге тырысамын.

16qyz.kz: Өзіңіз ойлап тапқан ерекше тамағыңыз не өзіңіз ғана білетін лайфхактарыңызбен бөлісе отырасаңыз.

Көбіне салаттардың рецептісін ойымнан құрастырып, ерекше қылып жасаймын. Лайфхактардан:

  1. Егер тамаққа томат пастасын қосатын болсаңыз шым-шым қант салыңыз, сонда томаттың қышқылы кетіп, тамақтың дәмі одан әрі дәмді болады.
  2. Егер тауықтың төс етін майсыз қуырғыңыз келсе, табаның бетіне пергамент қағазын салып, үстіне тауықты салып пісірсеңіз болады. Өте дәмді әрі майсыз боп піседі.
  3. Раковина бітелмес үшін әр ай сайын құбырға уксус пен соданы құйып тұруға кеңес беремін.

16qyz.kz: Күміс түйме алдыңыз, болашақта басқа қандай арманыңыз бар?

Алдыма қойған мақсатым – алтын батырмаға қол жеткізіп, каналымды қазақ тіліндегі ең жоғары, сапалы кулинарлық каналға айналдырңым келеді.

Гүлжаннат, сұхбатыңызға рахмет! Тезірек алтын батырмаға қол жеткізуіңізге тілектеспіз!

Facebook Пікір

6 thoughts on “Youtube порталынан күміс батырма алған аспаз қыз

  1. Гүлжаннат, ісіңізге береке берсін. Сіздің каналды көп көремін. Рецебіңізді пайдаланып тәттілер дайындап та жүрмін. Сәттілік

  2. Жарайсыз. Өте керемет. Жасым сізден үлкен болғанына қарамастан сізді қатты сыйлап, құрметтеймін. Сториздеріңізді дерлік жібермей көремін. Күн сайын сізден үйренерім көп. Сізді жақсы көремін. Ісіңізге береке. Отьасыңызға тыныштық, амандық тілеп қаламын💐🌹

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған