Жүкті әйелге не үшін тырнақ, шаш бояуға, шаш кесуге болмайды?

Бойға бала біткенін білген күннен бастап жүкті әйел ұстануы тиіс ырым-тыйым да көбейеді. «Жерде жатқан таяқты аттама», «Түнде орамалсыз далаға шықпа», «Түйе етін, қоян етін жеме» сынды ырымдармен қатар, «Шаш, тырнақ бояуға, шаш кесуге болмайды» деген де бар. Бұл қаншалықты қисынды? 16 қыз жауап іздеп көрді.

Екіқабат әйелге көп дәрумен керек. Сондықтан ішінде шаранасы бар келіншектің тырнағы сынып, майысып, қолы күтімсіз болып көрінеді. Өз-өзін жақсы көретін әрбір нәзік жанды сыртқы келбетіне көңіл бөлуі керек. Бірақ жүкті әйелге «тырнаққа лак жағуға болмайды» деп жатады. Ендеше қайтпек керек?

Ең алдымен өзіңіз сатып алып отырған лактың құрамын тексеріп алыңыз. Базарда сатылатын арзан лактардың құрамында денсаулыққа аса қауіпті химиялық қоспалар бар. Олардан шығатын өткір иіс тыныс алу мүшесі арқылы ағзаға түсіп, жағдайыңызды нашарлатуы мүмкін. Қазіргі стилистер болашақ аналарға қол күтіміне байланысты мынадай кеңес береді: «Ең дұрысы – SPA-маникюр мен қолға жасайтын массаж!». Кейбір әйелдердің қолы ісіп кететіндіктен, маман жасаған массаж оларды бір сәтке сергітеді.

Перзентхана да қолға лак жағып босануға келген әйелдің әрекетін құптай бермейді. Өйткені жүкті әйелге шұғыл операция жасайтын немесе жан сақтау бөліміне жатқызатын, саусағына құрылғы кигізетін жағдайлар туып қалуы мүмкін. Кім білсін? Одан бөлек, дүниеге келген балаға күтім жасайтын уақытта өзіңіз қиналып қаласыз.

Ал шаш бояуға қатысты не айта аламыз? Шаш бояуының құрамындағы химиялық заттар анаға да, балаға да зиян. Сондықтан жүктілік кезінде шашқа тиіспеген жөн. Әлбетте кәсіби маманға жүгінем десеңіз, ешкім қой демейді. Бірақ қазақ «аш бәледен қаш бәле» деп бекер айтпайды. Қазіргі кезде сән салондарында қолданылатын шашқа арналған құралдардың табиғи түрі өте көп. Олардың денсаулыққа аса ауыр зиян келтірмейді.

Ал екіқабат кезде шаш қиюдың медицина тұрғысынан еш зияны жоқ делінеді. Бұл – ата-бабамыздан қалған тыйым. Шаш – әйелдің көркі, денедегі күш-қуатты сақтайтын құрал деп есептеген халқымыз ұзын шашты қатты қадірлеген. Жүктілік кезінде бала мен ананың күші шашқа жиналады деп сенген. Шашты кез келген уақытта кеспейді, жаман хабар алғанда ғана шашты жайып, кесіп тастау дәстүрі бар. Жау шапқанда әйелдердің бұрымын шорт кесіп тастап, еркегінің сағын сындыратын болған. Әрине, бұның бәрі наным-сенім. Қандай да бір шешім қабылдарда «он ойланып, мың толғанғаныңыз» дұрыс.

@МейіргүлОңғарова

Сурет pervenec.com сайтынан алынған

Facebook Пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған